28.06.2024, 14:30
Оқылды: 284

«Жаңақала–Жаңақазан» жолының құрылысы қашан аяқталады?

Батыс Қазақстан облысық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Ербол Салықов облыс депутаттарымен Жаңақала ауданына ат басын тіреді.

BE1DA235-9231-4F5F-A41B-4629B59A2285

Жоспарлы іс-сапардың басы Қызылоба округі болып, былтыр қараша айында қолданысқа берілген фельдшерлік-амбулаториялық пункттің жағдайымен танысты. Ауыл фельдшері Гүлшат Кубишова қыс мезгілінде аталмыш нысанның іші салқын болып, қатты боран кезінде сыртқы есік, терезеден қар кіріп, жел уілдеп, сыртқы киіммен жұмыс жасағандарын жасырмады. Тұрғындарда бұл пікірді қостап, ем алудың орнына керісінше ауру табамыз ба деген қорқыныштарын айтып, жаңа ғимаратқа қайта жөндеу жұмыстары жүргізілсе деген тілектерін жеткізді. Ал аудандық аурухананың жалпы бөлімінің аға мейіргері Қуаныш Есенов ФАП-не пайдалануға берілген 11 құрылғының тиісті сертификаты жоқ болғандықтан, ауыл халқы бүгінде игілігін көре алмай отырғандығын айтты.

– Бүгінгі жұмыс сапарымыздың мақсаты – ауылдық жерлерде ұлттық жоба аясында салынған нысандарды аралап, жергілікті бюджеттен бөлінген қаражаттың игерілуін бақылау. Жұмыс болған соң олқылықтар болады, оны мойындау қажет. Тек халыққа қызмет көрсету мақсатында ашылған кез келген ғимаратта болған қателіктер дер кезінде жойылуы тиіс. Жергілікті қоғамдық кеңес, қоғамдық ұйымдар болсын, мәслихат депутаттары болсын жаңа нысандардың құрылыс ісіне қатысып, жұмыс барысына қоғамдық бақылау жасауға әбден құқылы. Ол туралы Заңға ел Президенті қол қойған болатын. Қолданылмаған құрылғыларға келер болсақ, тапсырыс беруші компанияға сертификат қажеттігі жөнінде хат жолдаңыздар, - деді Ербол Ғұмарұлы.

9FC82D3C-6791-49B5-8187-4A150CB9DBC2

Халық қалаулылары Қызылобадан шығып, Бірлік округіне бет бұрды. Ауылға кірме жолдың құрылысымен, кезекте тұрған азаматтарға жаңадан салынып жатырған қоспәтерлі тұрғын үйдің жай-күйімен танысты. БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының м.а Әлия Хайдарқызы құны 1,5 миллиард теңгелік қалыңдығы 6 см болатын кірме жолдың 4 шақырымы аяқталып, 3 шақырымы қалғанын, келер жылы 7 шақырылымы төселіп, жаз мезгілінде тапсырылатынын баян етті. Бұл жұмысқа жауапты мердігер «ТОБИ» ЖШС. Жергілікті тұрғын Қанат Мұхтарұлы жоба құны 179 миллион теңге тұратын ауылішілік төрт көшеге асфальт төселсе деген қалауын білдірді.

Қоғам белсенділері М.Мирманов атындағы орта мектепті де назардын тыс қалдырмауды жөн көрді. 1991 жылы салынғаннан бері күрделі жөндеу көрмей, тозығы жеткен білім ордасы көз тарта қоймады. Аудан әкімінің орынбасары Руслан Ғұмардың айтуынша, аудан бойынша Мәстексайдағы С.Меңдешев, Көпжасардағы Д.Нұрпейісова және Бірліктегі М.Мирманов атындағы орта мектептер жөндеу жұмыстарына мұқтаж. Аталмыш оқу ошағын жаңартуға«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында шамамен 729 миллион теңге қаражат қажет көрінеді. Аудан орталығына аялдауды жөн көрген қалалық мамандар ауылішілік салынып жатырған жолдар мен ЛПУ қалашығында жүргізіліп жатырған абаттандыру жұмыстарына қатысты. Округ әкімі Ақан Қапанов 80 көшесі бар Жаңақаланың 115 шақырым жолының 30 пайызы ғана асфальтталғанын айтып өтті. Сонымен қатар Бабажанов пен Құрманғазы көшелерінің қиылысына қосымша келісім жасау арқылы қатқыл табанды жол салу жұмыстарының куәсі болдық. Облыстық маңызы бар «Жаңақала-Жаңақазан» автомобиль жолы жарты күнге созылған іс-сапардың соңғы нүктесі болды.

Ербол Ғұмарұлы жолдың жайін баяндауды сұрағанда, Әлия Хайдарқызы биыл 120-дай жұмысшы, 100 шақты техниканың көмегімен тас жол Мәстексай ауылынан асырып, келесі жылы Жаңақазан ауылына дейін жеткізу жоспарда тұрғанын айтып өтіп, алайда республикалық бюджеттен толыққанды қаржыландыру болса ғана жүзеге асатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ: – Биыл қосымша қаражат бөліну керек еді, дегенмен су тасқынына байланысты қаржы тапшы. Барлығы 61 шақырым жолдың әлі 35, 40 шақырымдық жұмысы бар. Ол алдағы жылдың еншісінде. Осы жылы сапалы түрде төменгі қабатпен жолдың 20 шақырымы жасалып, қайткен күнде де Мәстексай ауылынан асады, егер қосымша қаражат қаралса, жұмысымызды әрі қарай жалғастыратын боламыз. Бөлінген қаражат толығымен игеріледі, - деді.

Ербол Ғұмарұлы:

– Былтыр облыс әкімі Нариман Төреғалиев аудан халқымен жүздескенде «2024 жылы Жаңақала-Жаңақазан жолының 25 пайызы аяқталады» деген болатын. Жуырда осы мәселені тағы бір мәрте қозғағанымызда, республикалық бюджеттен қаржы бөлінгенін айтты. Биыл жоспарланған 25 шақырымның үстіне былтырдан қалған 8 шақырымды қосып, барлығы 30 шақырымның үстінде асфальт төселуі тиіс, - деп көптің көкейінде көптен бері күпті боп жүрген жол мәселесін біржақты қылуды тапсырды.

Айзада Ақбасова

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале