24.09.2021, 16:24
Оқылды: 112

Ерекше қасиет иесі

Қолы шипа, сөзі дәру

Бес күн жалғанда басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам аз шығар. Сондай жаның жүдеп, дертің дендеген кезде дәрігер немесе емші іздейтінің анық. Қазіргі таңда медицина шарықтап дамыса да, халық емінің де бәсі бір саты төмендеген жоқ. Талай ауырып сырқаған адамның жан дертіне дауа тауып, дуалы аузы, шипалы қолыменен емдеп, ел-жұртының ілтипатына бөленген жанның бірі – Жаңақала ауданы, Көпжасар ауылының тұрғыны, халқының сүйікті емшісі Райса Қажығалиқызы Мұқышева.

 06

Мен Көпжасар ауылында өсіп-өнген соң, Райса анамызды сонау бала кезімнен жақсы танимын. Ауыра қалсақ, алдымен алып-ұшып Райса апайға баратынбыз. Апайдың шипалы қолы да, сүбелі сөзі де адамға күш-қуат беретін-ді. Тіпті әп-сәтте ауруыңнан жазылып, шабыттанып, арқаланып кететін едік.

Жақында Көпжасар ауылына іссапармен барғанымда Алланың қалауымен емші Райса анамызбен сұқбаттасудың сәті түсті. Шаңырағында жылы шыраймен қарсы алған Р.Мұқышева бізге біраз жақсы дүниелер айтты. Естігендерімізді оқырман назарына қаз-қалпында беруді жөн көріп отырмыз.

Емшілік еріккеннің ермегі емес

Бұл жол – Алланың ақ жолы. Аллаға сену керек. Бүкіл әлемді бір Алла алты күнде жаратқан. Осы жолға түспес бұрын жастық шағымда көптеген қиындықтарды бастан кешірдім. Әлі есімде, ол кезде он жеті жастағы бойжеткен кезім. Оныншы сыныпқа қадам басқан едім. Сабақты шаммен оқимыз. Бірде түнде терезе тарс ете түсіп, үйге құс секілді бірнәрсе кіріп кеткендей болды. Мен шошынғаннан айқайлап жүгіріп, ұйықтап жатқан әке-шешемнің қасына бардым. Олар үйдің ішін түгел тінтіп, қарап шықты. Бірақ ештеңе таба алмады. Міне, мен сол кезден бастап қатты сырқаттандым. Дегенмен денемдегі ауруға қарамастан, қара чемоданға кітаптарымды салып алдым да Алматыға оқуға аттандым. Негізгі бағытым – медициналық институт болды. Оған отбасылық жағдайыма байланысты оқи алмадым. Содан қыздар институтына оқуға түстім. Мұнда физика-математика факультетінде 5 жыл оқып, оқуды ойдағыдай аяқтадым. Алматыда оқып жүрген кезде басымнан біраз қиын күндер өтті. Ауырдым... Мұрыннан қан кетіп жатқан кездер де болды. Сосын керім қорқу ауруы пайда болды. Кейде қатты қорыққаным сонша, қасымда жатқан 5 қызды ұйқыларынан оятып алатын едім. Себебі терезеден бірнәрселер түсіп, үйдің ішін аралап жүргендей көрінетін. Бірақ қасымдағы қыздарға ештеңе де байқалмады. Сөйтіп 5 жыл бойы осылай ауырып, қиналып шықтым. Институтты бітірген соң Алматы облысының Талғар ауданына жұмысқа орналастым. Институт қабырғасында жүргенде өмірлік жұбайым болған Беспаев Кенжебай ағаңмен танысып, 1965 жылы отау құрдық. Алматыда да басқарма мен бөлімдер тарапынан бірқатар лауазымды жұмыстарға ұсыныс түсті. Дегенмен жолдасым «Ауылға барып еңбек етемін. Ауылдың тұрмысын көтеремін» деп шешім қабылдады. Ауданға келген соң Мәстексай ауылында жолдасым бас зоотехник, мен мұғалім болып еңбек жолымызды бастадық. 1968 жылы Айдархан ауылына қоныс аударып, онда 9 жыл тұрдық. Бұл кезде де кісі емдеген жоқпын. «Бісмілләдан» басқа көп ештеңені білмейтін кезім. Шыны керек, Айдарханда тұрған кезімізде сырқатым асқынып, қатты ауырып жүрдім. Содан бір күні емші Мәрия әжеге барып, қаралдым.

IMG_5494

- Айналайын, саған Алла разы болып, жақсы қасиет дарытқалы тұр екен, - деді. Мен болсам:

- Ондайды білмеймін. Әже, мені емдей көр. Мен жай ғана мұғаліммін ғой, - деп жауап қаттым. Содан кейін Мәрия әже «Жоқ, болмайды. Сен мұны ұстауың керек» деді. Алайда мен шешейдің айтқан сөздеріне мән бермей, елеп-ескермей жүре бердім. Ақырында аурудың «көкесін» берді маған. Тіпті ала таңға дейін ұйықтамайтынды шығардым. Сөйтіп жүргенде бір күні бауырым істі, бір күні аяғым ауырып, бірі күні екі көзім көрмей қалды. Амал жоқ, Орал қаласындағы ауруханада 15 күн жатып, емделдім. Неше түрлі дәрігерлер қарады. Бірақ ауруымды таба алмады. Адамның қос жанары көрмей қалғаны қиын ғой. Бірде аяқ астынан екі көзім де көріп кетті. Алланың сынағы шығар, кейін асқазаннан қатерлі ісікке шалдығып, ауырдым. Оңашада жолдасыма: «Өткенде емші Мәрия шеше «Сенің бойыңда қасиет бар. Молдадан бата ал!» деп еді. Оны бірақ саған айта қоймадым. Енді айтпасқа болмай отыр» деп жасырған сырымды бүкпесіз баяндадым. Бұл кездерде жолдасым ұйқыдан қиналып оянып, балаларым да қорқып, шошып жылап жүрді. Бір күніжолдасым түнгі сағат 3-те шошып оянып, қара терге түсіп, тұрып отыр екен. «Не істеп отырсың?» десем, «Екі түйенің астынан әрең шығып отырмын. Біреуі ақ, біреуі қара түйе» деді. Аруақ қой. Содан кейін ойлана бастадым. Емші шешенің айтқанын орындайын деп шештім. Пятимардағы Мерғали атаға барып, батасын алдым. Кейін Орал қаласында бара жатсам, бейтаныс адам айтады «Қасым атаға бара жатырмын» деп. «Ойбай, мені де ілестіріп апар деп» қасына ере кеттім. Барсақ, адам көп екен. Іштен біреу шықты да «Ата сізді шақырып» жатыр деді мені нұсқап. Лезде атаның алдына бардым. Қасым ата бірден қолын жайып, батасын берді. Ата құран оқи бастағанда төбемнен төмен қарай қара терге малшынып, денем жеп-жеңіл болып қалды.

- Қызым, емшілік еріккеннің ермегі емес. Ол – мыңдардың біріне, қадірін білсе ғана қонатын қасиетті іс, ілкі ілім, һәм қастерлі, сара да дара жол. Ұстай білмесең, өзіңе зияны тиеді. Сенің аталарың тегін адам емес. Дүниеде адам жел бесікте тербетіліп, жер бесікке кеткенше алуан ауруды басынан өткереді. Олардың саны жоқ. Бірақ, жазылмайтын ауру болмайды, тек Жаратушы ием шипасын бере көрсін деп тіле. Өзің секілді Аллаға мойынсынған, Құранды қасиет тұтқан  емшілер ғана мыңдардың дертіне дауа таба алады, - деп Қасым атабатасын беріп, кісілерді қарап, ем жасауымды тапсырды. Бірақ мен бұл кезде дымда білмейтін едім. Бірде Фурмановта тұратын жақын апайым қарсы алдымнан шықты. «Қайдан жүрсің?» дегенімде: «Омырауым ісіп тұр. Дәрігерлер: «Жаман аурусың» деп айтып, ауруханаға жолдамамен жіберді» деді. Мен болсам: «Бармай тұра тұр, емдеп көрейін, сипайын» деп бір бөлмеге әкеліп, үш рет сипап, ем жасадым. Сол кезде омырауының ісігі қайтып, орнына келді. Осы кезде менің Алланың және осындай күш-қасиеттің бар екеніне көзім анық жетті. Оған дейін мүлде сенген жоқпын. Қасым ата бір сөзінде: «Емдеуді Алланың өзі үйретеді» деген еді...

«Емдеуші мен емес, емдеуші – бір Алла»

Әдеттегідей мектепке жұмысыма барып жүрдім. Бір күні жиналыста отырайын десем, отыра алмай, бір мұғалімнің артына тұра қалдым. Өзім байқап үлгермедім, бірақ оң қолым оның басын сипап үлгерді. Сонда әлгі мұғалім «Апа, осы жерім ауырып тұр еді. Қайдан білдіңіз? Жазылып, керемет көңіл-күйде болып қалдым ғой» деп мәз болды. Ертеңгі күні тағы бір мұғалімді ойламаған жерден емдедім. Нақтырақ айтсам, марқұм Орынғали Аюповтың шекесіне қолым сарт ете қалды. Бәрі өре түрегеліп, «Апа, неге соқтың?» деп шулап жатыр. Менде үн жоқ. Жайлап қана сыныбыма барып отыра қалдым. Содан кейін дәлізге шықсам, тазалықшылар «Апа, сізді Орынғали іздеп жүр» дейді. Мен шошып кетіп, милицияға арыз жазатын болар, сол үшін іздеп жүр-ау деп ойладым. Төменге қабатқа түссем, Орынғали алдымнан қарсы шықты. «Райса, сені іздеп жүр едім. Жаңағы соққаның мың да бір шипа болды. Менің басым, екі жағым қатты ауырып тұрған еді. Қазір сол аурудың бірі де жоқ. Не болғанын өзім түсінбей қалдым ғой. Саған Алланың нұры жаусын, рақмет» деді. Осыдан кейін емшілік жолым басталды. Мұғалімдерді, ауыл тұрғындарын кезегімен емдедім. Үйге келсем аулада адамдар толып отыратын болды. Мен ешқашан емшімін деп айтпаймын, емдеуші – бір Алла!

Сөз соңы

Біз Райса апаймен ұзақ сөйлестік. Жалпы, Райса Қажығалиқызы емшіліктен бөлек, мұғалімдік қызметті де абыройлы атқарды. Мәртебелі мұғалім, аяулы жар, асыл ана, ардақты әже бола білген кейіпкеріміз бүгінде ұлы Махамбеттің жанында ақылшы болып, немерелерінің қызығы мен қуанышына тоймай, бақытты ғұмыр кешуде. Көзінің ағы мен қарасындай болған ұлы Махамбет ауылда атакәсіптен ажырамай, шаруа қожалығын дөңгелетіп отырса, қызы Гүлсайра Жаңақала мектеп-гимназиясында білікті ұстаздардың бірі. Бүгінгі таңда Райса анамыздың жасы сеңгірлі сексенге таяп қалса да, қажырлы да қайратты қалпын жоғалтпапты. Әлі тың. Жүрісі ширақ. Нұрлы жүзінен мейірім мен жылулықтың лебі есіп тұрады. Ауырып-сырқап келген аудан жұртшылығын емдеп, қолынан келген көмегін аянбай көрсетуде. Емші анамыздың еңбекқорлығы мен елжандылығына, пайымы мен парасаттылығына ел-жұрты да дән риза.

 

Алтынбек Ермекқалиев,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

 Арайлым ЕСМАҒҰЛОВА,

«Орда жұлдызы» газетінің тілшісі:

 - Райса апай балажан, қамқор, сосын көзіңе қарап отырып мазалап жүрген ойларыңды дөп басып айтады. Кейде сырқырап,  ауырып тұрған жеріңді айтпай-ақ ұстап, сипап жібереді. Сондай-ақ өте биязы, жұмсақ мінезді жан. Әкіреңдеп дауыс көтергенін көрмеппін. Жылы жүзді болғасын шығар үлкені де, кішісі де әжейге тартылып, жақсы көріп тұрады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале