Турасын айтсақ, әрине, тұтас мереке емес, Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік концерт ерекше өтті.

Басынан бастасақ, бұл концерттің жүргізілуі де ерекше. Былдыр тілді Төренұр, Алтынбек Айғалиев, Жоламан Сисенғалиев пен Тілеген Арыстанбеков тізгінді тең ұстады.

Бұл кеште балабақтың бүлдіршіндері де, Сәуле Сүндетованың сұлу бишілері де, Сұлушаш Ғұбашеваның балғын әншілері мен әжелер ансамблі, Саида Ажығалиеваның «Томирис» күйшілер тобы өнер көрсетті. Тілеген Арыстанбеков, Әлібек Айтқалиев, Фархад Мұқатов, Алтынбек Айғалиевтер аналарға арналған ақын жырларын нақышына келтіре оқыды.

Мәдениет үйінің өнерпаздарының орындауындағы әдемі әндердің бәрі де нәзікжандыларымыздың құрметіне арналды.
Аруларға арналған шырайлы шарада аудан әкімі Нұрлыбек Даумов сөз алып, ару аналарымызға жүрекжарды тілегін жеткізді.

Мерекелік шараның тағы бір ерекшелігі - ардагер ағалардан құралған ансамбльдің тұсауы кесілді. Аға буынның орындауындағы халық әніне айналған классикалық әндерді көрермен қауым зор ықыласпен қабылдады.

Әке мен періште қызғалдақтарымыздың вальсі, отбасылық жұптардың орындауындағы попурри де концерттің көркін келтіріп, көптің көңілінен шықты.

Анар Артықбай
Суретке түсірген Еркебұлан Рахметолла
Бөкей ордасы ауданы