Тасқала ауданының дамуына орасан зор үлестерін қосқан қарапайым азаматтар да аз емес. Ауданымыздың 90 жылдық мерей тойының қарсаңында Шежін ауылының азаматы, қарапайым аға шопан туралы айтқымыз келеді.
«Мейірім – шуағы мол, пейілі кең халықтың перзенті болудан асқан бақыт жоқ. Елінің өткенін ұмытпай, келешегі үшін қалтқысыз еңбек еткен перзенті бар халық та бақытты. Сондай елі үшін туған асыл ұлдардың бірі, ерен еңбектің иесі атамыз - Бакитов Бекбол Бақытұлы. Ол 1937 жылы 4 мамырда дүниеге келген. 1943-1944 жылдары мектепке 1 - сыныпқа барған. 1957 жылы сыныптастары Мырзабекова (Хайрулина) Оқу, Ильясова (Нарушева) Айман Шежін мектебін бірге тәмамдаған. Өте ерте жастан еңбекке араласып 11 жасында сыныптастарымен ат арбамен даладан қоймаға жем тасуға көмектескен. Ер жете есеп жүргізуші (учетчик) болып жұмыс жасап, механизатор мамандығына оқып, кейін сол мамандықтың иесі болған. Он жылдай механизатор қызметін атқарған соң, Бекбол атамыз ата кәсібіміздің бірі шопан болған. Сыныптасы Айман апайымыздың айтуынша, негізінде Бекбол атамыздың әке-шешесі де шопан болған екен. Сол кездегі қиын-қыстау күнде маң далада киіз үйде тұрып жолдасы Дамеш Сапарғалиева әжемізбен бірге ұл-қыз тәрбиелеп, мал баққан нағыз еңбекқор адам болған. Тіпті, үлкендердің айтуынша даладағы қатты желдің кесірінен кейде киіз үйдің де ұшып кететін сәттері болған. Жұмысына берілген жан болғаны соншалық, ол тіпті күркеде тұрса да мал бағуын тоқтатпаған. Көрген барлық қиындығына мойымай, адал қызмет атқарған атамыз жасаған жұмыстарын абыроймен атқарған. 1987 жылдары сол кездегі «Выставка достижений народного хозяйства»( ВДНХ) деген совет кезіндегі әйгілі байқауға сұрыптау бойынша элиталық қой апарып, жүлделі бірінші орынға ие болған. Оған сол кезде алынған төсбелгісі дәлел бола алады. Сол уақыттағы Коммунисттік партияның тапсырмасын бұлжытпай орындаған ол, барлық істерін абыроймен атқарған екен. Партия тапсырмасын орындамасаң немесе жат мінез көрсетсең партия жиналысына салып, партиядан қуылатын кездерде атамыз үлгілі партия мүшесі болу үшін барлық күш жігерін салған. Кеңес заманында берілген КПСС 100 қойдан 115-120 қозы алу жоспарына сәйкес орындалуға тиісті жоспарды бұлжытпай орындап, отарда болған 640-750 бас қойдан өте көп төл алғандығын ауылдастары әлі күнге айтып жүр. Қайрат ауылында қыстап, наурыз айының басында қойлары төлдеп бастаған кезде ауыл адамдарын шопан көмекшілері Сержанов Мамай, сахманшылары: Шайхиева Жұмасұлу, Оразова Ақсұлу, Ермуханбетова Рима, бергіректе 1990 жылдары Атауов Еркін, Мырзакаев Қуанышқали деген ауыл тұрғындарымен еңбек еткен. Мамыр басында жазғы жайлауға Қалкеге көшіп, қара күзге дейін қой баққан. Маусым айларында Шежінге қойдан жүн қырқу үшін «стрижкаға» айдаған. Ол жұмысы бойынша да жоспарға сәйкес жұмыс жасап, марапаттармен марапатталаған. Шілде айларында Қайратқа "купкаға" қойларын айдап, шілде айының аяғында қойдан қозы айырып, қойдың күйін көтеру үшін орылған егінін масағына қойды бағып семіртіп отыратын болған. Күзде қыркүйектің аяғында қойларды «осеменениедан» өткізу үшін өзі басында жүріп сол жұмысты ұйымдастырған. Осы жұмыс басталғанда үнемі қасында ауылдың азаматтары қой сүйреуші Шелеуов Жарылқап, Ермуханбетов Садырғали, белгі салушы Жалмурзина Гүлсара көмегін беріпті. Атамыз өзінің кәсібіне ұл балаларын да баулып, ерте еңбекке араластырған. Осындай ерен еңбегінің арқасында елге елеулі азамат болды. Жыл соңында жинаған қаражатына «Москвич», «Жигули» автокөлігіне мінген. Ал үкімет сыйақы ретінде малдай 20-25 тоқты берген. Ерен еңбегі үшін совхоз директорлары Ә.Балмулдиннен, А.Орынбаевтан, Облыстық компартия төрағасынан «Құрмет грамоталары», Камен ауданының аудандық комитеті хатшысының «Лениндік алғыс хатымен», 1976, 1979 жылдары «Победитель соц соревнований» төсбелгілерімен марапатталған. Осындай еңбек жолында қажырлы еңбек еткен атамызға үнемі қолдау көрсетіп, көмек берген жолдасы Сапарғалиева Дамеш әжеміз екеуі 3 қыз, 4 ұл бала, немере-жиен тәрбиелеп өсірген. Зейнет жасына жетпей 59 жасында дүниеден озған атамыздың ерен еңбегі – біз үшін мақтаныш, үлкен өмірлік мектеп.
«Шежін «мектеп- бөбекжай-балабақша» кешені» КММ ұжымы