Бүгін «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Казталов аудандық бастауыш бөлімшесінің төрағасы Ернар Камалов және Казталов аудандық ауруханасының салауатты өмір салтын қалыптастыру медбикесі Жеміс Ғабдулнасырова «Алғыс айту» күніне орай медицина саласына еңбегі сіңген азаматтар мен еңбек ардагерлерінің шаңырағында болып, айтулы мерекемен құттықтады.
Ақ халатты абзал жандар ауданымыздың денсаулық сақтау саласына үлес қосып, елеулі еңбек еткен Айғаным Үмбетқалиева, Күнғаным Мырзағалиева, Темірғали Сармалаев, Қайырбай Алтаев, Мағзия Қабиева есімді асыл жандарға алғысын айтып, аурухана ұжымы атынан естелік сыйлықтар тарту етті.
- Бұл күн ерекше күн. Кезіндегі еңбегімізді елеп, елеусіз қалдырмаған аурухана басшысы Зинұр Жүсіпұлына ризашылығымды білдіремін. Қазіргі таңда алмағайып заманға тап болдық. Әлемде орын алып жатырған саяси дағдарыс елімізді де айналып өтіп жатыр. Дегенмен, еліміз, қазақ халқы бірдіктің арқасында дағдарысты еңсереміз. Алғыс айту күні, халқымыздың бірлігін айшықтайтын күн, - деді Қайырбай Алтаев.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz