14.01.2020, 16:24
Оқылды: 89

Ерікті болу еріккеннің ісі емес

Биыл Волонтерлар жылына аяқ бастық. Былтыр тамыз айында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Волонтерлар жылын жариялау туралы» Жарлығының қаулысына қол қойды. Сол күннен бастап Волонтерлар жылын өткізуге қажетті шаралар қабылдана бастады.

terekti (2)

Қазақта тап осы волонтерлықтың басы да, бастауы да кәдімгі біздің «асар» мен «үме» дер едік. Сондықтан волонтерлық қозғалысты шеттен келген деп қабылдаудың қажеті жоқ.

Қазақта үмелетіп, асар айту ежелден бар. Тоған қазу, арық салу сияқты қомақты шаруаны тындырарда, не болмаса, тірлігі ақсаған, мұқтаж жанға көмек көрсетерде «ағайын асар айтыпты» дегенді естіген иісі қазақ қолынан келгенше көмек көрсетуге асығатын.

Сол қалыптан таймаған, жаны жайсаң, көмек беруге әрқашан дайын жандар ортамызда көп. Теректі ауданында еріктілер қызметі Федоров, Подстепное, Ақсуат округтерінде жақсы дамыған.

 Өткен Жастар жылын қорытындылап, Волонтерлар жылын жоспарлаған аудан әкімдігі жанындағы жастар саясатын жүзеге асыру жөніндегі кеңестің отырысында аудан әкімі Әділ Жоламановтың алғыс хатын алған ақсуаттық еріктілердің жетекшісі, округтің жастармен жұмыс жөніндегі маманы Ақжан Мерғалиева (суретте):

terekti aqjan

- Ерікті болу – адамның қалауы. Жастар арасында «ерікті деген не, саған не пайда әкеледі?» деген әңгіме айтылады. Мәселе саған пайда әкелу, болмаса, өз пайдаңды ойлау емес. Ерікті болу адамды еркіндікке, әділдікке және адамдарға көмек көрсетуге, өз ойын айта білуге баулиды. Пайда табудан да өзге байыпты мақсаттар бар.

Біздің округте сондай мақсатты жастардың басы қосылып, 2017 жылы «Qamqor» еріктілер тобы құрылды. Қазіргі атауымыз – «Теректі волонтері». Қатарымызда отыздан астам адам, жасөспірім, ауыл жастары, студенттер де бар. Екі жылдың ішінде әлеуметтік, спорттық, экологиялық, қайырымдылық, түсініктемелік және тағы басқа жұмыстар атқарып тастадық.

Сен жақсылық жасасаң ата-анаң «менің балам жақсылық жасаған, мұғалімдері, үлкендер мақтап жатыр» деп қуанады. Өкінішке орай, мүлде қарама-қайшы қараушылар да бар. Кей үлкендер бала бір іс жасағысы келсе, «саған не пайда, сабағың қайда, оны не істейсің?» деп бетін қайтарып жатады. Ынта-жігерін басып тастайды. Мен өз тобымдағы еріктілердің ата-аналарына, мұғалімдеріне алғыс айтамын. Еріктілер қатарында жүрген баласының жетістікке жетіп жатқандарын көру олар үшін қуаныш, мақтаныш. Өткен жылы қайырымдылық айлығы аясында еріктілер ұйымдастырған «Сүйіспеншілік - жүректе» концертіне келген ата- әжелер жақсылыққа жаны құмар ұрпақ өскеніне риза екенін айтты.

Волонтерлар жылы басталысымен «Мен ерікті болғым келеді» ашық алаң шарасын өткіздік. Жаңадан еріктілер қабылданып, қатарымыз толықты. Жоспар жасап, туындаған мәселелерді талқыладық. Еріктілер жылында еселеп көмек көрсетуге дайынбыз, - дейді.

Өткен қарлы қыста еріктілер топтары ауданның әр ауылында жұмыс жасады десек, асыра айтқанымыз емес. Әсіресе, шалғай жатқан Шалқар, Ақсоғым, Шағатай округтерінің жастары қолдарына күрек алып, ауылдағы бас көтерері жоқ үйлердің кірер-шығар жолдарын аршып берді. Үйіне көгілдір отын кіргізілмеген қарияларға отын дайындап, су кіргізіп беріп жүрген де жастар.

Тек білек күшімен емес, білім-біліктілігімен де тегін бөлісіп жүрген волонтерлар да бар.

terekti (1)

Солардың бірі Подстепное ауылындағы «Мерси» кафесінің иесі Майра Исенова (суретте). Аудандағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы ретінде кәсіпкерлікті дамытуға атсалысып жүрген Майра өз ісін ашамын деген қыз-келіншекке ақыл-кеңес беруге тартынбайды. Қоғамдық тамақтандыру саласында «0»-ден бастап, аудандағы аяғына нық тұрған нысан иесі болуға дейін жеткен Майраның бөлісер тәжірибесі мол. Оның үстіне, жағдайы төмен отбасыларға киім-кешек жинауға атсалысады. Мерекелерде демеушілік көрсетеді. Жаңа жылда балаларға ертеңгілік өткізіп, тәтті таратуға да қатысты.

Ерікті болу еріккенің ісі емес. Ерікті болу - азаматтықтың белгісі.

Әлемде азаматтық санасы жоғары, еш ақы дәметпей көмек беруге дайын еріктілер саны 970 миллионға жетіп жығылады деген мәлімет бар. Яғни, 2019 жыл санағында әлемде 7,7 млрд. адам бар десек, шамамен әр 7-ші адам – волонтер.

Камелия Өтеу

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале