Өткен аптада Тасқала мен Зеленов аудандарының шекарасында дала өртінің алдын алу мақсатында еріктілер құрама жасағының дайындығы тексеріліп, оқу-жаттығу өтті.
Аталмыш шараға Тасқала ауданы әкімінің орынбасары А.Баяндықов пен Тасқала және Зеленов ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы М.Шауенов пен Т.Жакупов, сондай-ақ Мерей, Тасқала ауылдық округтері мен Зеленов ауданынан өртке қарсы құрылған еріктілер жасағы қатысты.
Алдымен сөз алған Арсен Толқынұлы дала өрттерінің алдын алуда еріктілер жасағының рөлі зор екенін тілге тиек етті. - Жаз мезгілі келе жатыр. Өртке мұқият болуымыз қажет. Тілсіз жауды құрықтауға қай уақытта да дайын болуға тиіспіз. Сондықтан осындай оқу-жаттығуларының жиі өткізілгені дұрыс деп есептеймін. Бүгінгі шараға сәттілік тілеймін,- деді ол өз сөзінде.
Одан әрі шараға қатысушылар жанған өртті қалай сөндіру керектігі жөнінде іс-тәжірибелерімен бөлісіп, оны іс жүзінде көрсетті.
Аталмыш шараға отыздан астам ерікті мен 8 техника, оның ішінде 1 МТЗ-80 тракторы қатысты. Сондай-ақ өрт сөндіруге арналған арнайы су шашатын құрылғылар мен сапалақтар қолданылды.
Назгүл СЕРІКҚЫЗЫ,
Тасқала ауданы