25.07.2024, 15:00
Оқылды: 156

«Ерінбеген етікші болады»: Ақжайықта зейнетке шықса да, қызметінен қол үзбеген жан тұрады

Қазір алтын дәуір ғой, шіркін! Ерінбесең, табысыңды арттырудың мүмкіндігі шаш етектен. Сан мың маман, кәсіп иелері еліміздің әлеуетін арттыру, жалпы халықтың жағдайын жақсарту мақсатында қызмет етіп жатыр.

E87E307A-3203-4C09-BD8F-45CE983CB533

Әйтсе де, бүгінгі буынның жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүретін кәсіпке аңсары ауып тұратыны байқалады. Механизатор, тракторшы, малшы, өзге де мамандықтарға лайықты адам іздесең, күндіз шаммен таба алмайсың. Осы тектес қызметтің бәрі біртіндеп ескінің жұрнағына айналып бара жатқандай. Сондай жұмыстардың бірі – аяқ киім жөндейтін кәдуілгі етікші.

Кебісіңнің кетілген жерін жамайын десең, тез арада маман табу – қиынның қиыны. Құдайдың көзі түзу екен, Чапаев ауылы тұрғындарының бұл ретте жолы болған. «Ақжайық» сауда орнында аяқ киім жөндеу цехын ашқан Самат Елекенов – бірді екі етіп, қолда бар құрал-жабдығымен күн көріп отырған кәсіп иесі.

Қазағымның бағзыдан келе жатқан «Ерінбеген етікші болады» деген мақалының әлі де жаны бар екенін зейнетке шықса да, қызметтен қол үзбеген Самат ағамыз таң атысымен күн батып, қас қарайғанша қылған еңбегімен дәлелдеп келеді. Біз бен тебенді жанына серік қылатын етікшінің жұмысын көріп, қарапайым еңбек адамын көп білсін деген мақсатпен бір күнімізді арнадық.

– Адам баласына керекті бір өзгермейтін дүние – күнделікті киетін киімі мен жейтін тамағы. Заман өзгерген сайын, олардың да қалпы сан түрленіп келеді. Десе де, үстімізге жамайтынымыз – сол киім, жейтініміз – сол ас. Аяқ киім де – осындай аса қажетіміздің бірі, - деп бастады әңгімесін орындығына жайғасып отырып, кезекті тапсырысты қолына алған шебер етікші.

Көзкөргендердің есінде, бұл кәсіпке зәрулік сонау тоқсаныншы жылдары, яғни тоқырау кезеңінде анық байқалды.  Өйткені қазіргідей ол заманда керегіңді ала қоятын дүкендерде аяқ киім болмады. Қанша күтіп кигің келсе де, тозуы керек аяқ киім бір күні болмасын, бір күні жыртылады. Ызғарлы боран алқымыңнан алып, аяз қарығанда, аяқ киімің бүлінсе, тіптен қиын.

Жұмыс істеген күннің өзінде жалақыны айлап ала алмаған кездер ғой, сондайда жаңасын ала қоятын ақша жоқ, етікші іздеп, бүтіндеп алудың қамын қамдайсың.

Етікшіні тек шаруамыз соған тірелгенде ғана іздейтініміз рас. Былайғы сәтте шағын ғана цехында бүкшиіп бәтеңкеге жамау салып, желімдеп отырған жанға назар аударамыз ба осы?

Кәсібінің ауыр-жеңілін білеміз бе? Цехының есігін ашқаннан үйіліп жатқан пакеттердің біреуін шығарып, ішіндегі аяқ киімді жөндеуге кіріскен Самат етікшінің еңбегіне қарап, кәсібінің аса шыдамдылықты талап етіп, күніне келетін әртүрлі адамның көңілінен шығатындай етіп тапсырысты сапалы орындау екінің бірінің қолынан келе бермейтін жұмыс екенін аңғардық.

Өткен заманды еске алдық қой, бірақ етікшінің цехында жиналған аяқ киімдерді көріп, әлі де кебісін жөндететін жандар бар екеніне куә болдық.

– Қазір зейнет демалысындамын, былтыр шықтым. Негізі, кеңшарлар бар уақытта шаруашылықта трактор айдадым, содан заман өзгерген уақытта, небір кәсіпте шамамды байқап қарадым. Құрылыс, мал бағу, күзет, жалдамалы қызмет – аумалы-төкпелі кезеңде осының бәрінде де жұмыс істедім. Бәрі де – күнкөрістің қамы, бала-шағаны аяқтан тұрғызу керек болды. Сол кездің өзінде үйде отырып, отбасы, жақын-жуық, көрші-көлемнің аяқ-киімін тіге беретін едім. Ал тұрақты түрде айналысып, кәсіп еткеніме он бес жылдан асыпты. Осы уақытта қызметім ауыл тұрғындарына жаққан сыңайлы, үнемі келіп, аяқ киімін жөндететін адамдар көп, - дейді Самат Сағынғалиұлы.

Ағаның әңгімесінен аңғардық, зейнетке шықса да, дені сау, тың азамат қызметін тоқтатып, шын мәнінде демалысқа шығуды әзірге ойламайды екен. Сүйікті ісімен әлі де шұғылдануға шамасы жететінін айтады. Сұхбат барысында қызметінің қыр-сырымен қатар біз киетін аяқ киімдердің сапасы жөнінде де бір-екі ауыз сөз айта кетті.

– Қазір көпшілік сатып алатын аяқ киімдердің табанына қатты қағаз салынған, материалы да – былғары емес, синтетикадан жасалған дүние. Мұндай аяқ киімдерді жөндеу өте қиын әрі уақытыңды алады. Сонда да қолына аяқ киімін ұстап келген жандардың сенімінен шығуға күш салып, барынша тиянақты жасап беруге тырысамын. Табанға салынған қатты қағаздың аты қағаз – ылғалға төзімсіз. Әрі адамның аяғын терлетіп, ауруға шалдықтырады. Менің білетінім – аурудың бәрі аяқтан басталады. Сондықтан аяқ киім алғанда, ең алдымен сапасына аса назар аударған жөн. Ауырмаймын десеңіз, аяқты жылы ұстаңыз, - деген етікшінің сөзінен өз кәсібінің маңызын жете түсінгендігін байқадық. Расында да, кәсіптің маңызды емесі жоқ екен.

Шынын айтайық, зейнетке шыққан Самат ағамыз бір күні бұл кәсібін тастаймын десе, оны жалғастырып әкететін, етік жөндейтін адам жоқтың қасы.  «Қасыңызға кісі алып, кәсіпке баулып көрмедіңіз бе, әлде «Үйретіңізші, мен де етікші болғым келеді» деген азамат болмады ма?» деген сұрақты қоймай тұра алмадық әсте.

– Неше түрлі адам келді ғой. Бірде мемлекеттік бағдарламамен грант ұтып алуға ниетті тайпақтық жас жігітті үлкендеу ағасы ертіп әкелді: «Осы баланы етікшілікке үйретсеңіз, кәсіпке еті төселген соң, гранттың конкурсына қатысып, ауылда өз ісін бастайды» деп. Бірақ әлгі жігіт үнемі телефонға үңіліп, кәсіпке деген еш ыңғай танытпады. Мен де көп үндемейтін жанмын. Әрі қарап, бері қарап, етікшілік оның қолы емес екенін түсінген соң, жетектеп әкелген кісіге хабарластым. «Балаңыз етікшілікке бейілді емес, ренжімеңіз, кері алып кетіңіз» деп қысқа қайырдым.

Кейде келеді жігіт ағалары, бос отырғанша мен де етік тігіп көрейін деп. Құрал-сайманы жоқ, сонда да ақшаны теңдей бөліп алғысы келеді. Аяқ киімді тігетін, оған пайдаланатын қосалқы заттардың керек екені ойына кіріп те шықпайды. Мен қажет дүниенің бәрін: инесін, жібін, шегесін, т.б. қаладан алдыртамын. Адамдармен жұмыс істегесін, түрлі жағдай болады. Қарызға да келісіп жасап беремін. Ауылдан келген, колледжде оқып, жатақханада жататын студенттер де «Аға, тігіп бере қойыңызшы, әкем келгесін төлейді» деп келеді. Әрине, көмектесе саламын, өзіміз де интернатта тәрбиелендік, жағдайды түсінеміз, - дейді етікші.

Ал аяқ киімін жиі жөндететін кімдер деп ойлайсыздар? Ауқаты төмен адамдар десеңіздер, қателеседі екенсіздер. Етікшінің сөзінше, аяқ киімін тіктіртуге көбіне ақшалы, жағдайы жақсылар келетін көрінеді. Қанша жаңа болса да, алған затының сапасы шамалы екенін білгендер де алдын ала тіктіріп алып кетіп жатады екен. Сондай-ақ кейбір ата-аналар бәрі ақшаға алынып жататынын балалары ұғынсын деп, тәрбиелік мақсатта бір аяқ киімді бірнеше рет тіктіреді.

– Өзіміз де бала тәрбиеледік. Осындай ата-аналардың әрекетін құптаймын. Ұл-қыздың қалағанын қолына ұстата бермей, киім жыртылса, жамап, зат бүлінсе, жөндеу керек екенін, ештеңенің ысырап болмауын түсіндіру қажет. Өзі өсіп ақша тапсын, сосын не киіп, не жеймін десе өзі біледі, әйтсе де, «ұяда көргенін ұшқанда ілетін» бала өскенде де ата-ананың осындай сабағын жадынан шығармай, еңбектің қадірін түсініп, ысырапшылдыққа жол бермейді деп ойлаймын, - деп аяқтады бізбен сұхбатын етікші.

Зейнеткерлікке шықса да, кәсіптен қол үзбеген Самат Елекеновтың бұл тірлігінен тас шайнап, құм түкірер  нағыз еңбекке жарамды шағында, үкіметтің жәрдемақысынан дәмететін кей азаматтар үлгі алса, игі. Көріп отырсыздар, бұл кәсіпке жоғары білімнің де қажеті жоқ. Қарапайым жіп пен тебен, төзім мен шыдам, икемділік пен мұқияттылық, еңбекқорлық пен қажет.

Азамат Қанапия

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале