28.09.2020, 14:56
Оқылды: 184

 Еркін жүрген малдың иесі басқа

«Түстік өмірің болса, кештік мал жина» деп тіршілікті малмен байланыстырған халықпыз. Қазірде тірлік-кірістің бәрі малға тірелмегенмен, ауылдағы ағайын ата кәсіппен күн көріп отырған жайы бар. Күні бүгін Теректі ауданында 48816 ірі қара мал бар екен. Қой-ешкі – 66007, жылқы  – 13460 бас. Яғни 130 мыңдай тұяқты мал жайылымда жүр. Қожалық-шаруашылықтағы мал бақташы-малшының  алдына салынған. Ал жекенің малы кей ауылда ен даланы еркін жайлап жүреді. Ен далада жайылса түк етпес еді, көлік жолына шығып алатыны бар.

Mal (1)

Жыл басында, 25 ақпанда «Қараусыз мал жолда жүр» деген тақырыппен осы жайды көтерген болатынбыз. Сол жолы Теректі аудандық полиция  бөлімінің аға мемлекеттік автоинспекторы, полиция аға лейтенанты  Ержан Жанғалиев  малдың көлікке соғылуы оқиғалары жайлы айтып беріп,   «мал мен көлік соқтығысуының қай-қайсыда ауыл қонған маңайда, қараңғы кезде болған» деген еді. Бірді-екілі емес, былтыр мал он жол-көлік оқиғасына себепкер болған. Көңілге медеті – адам шығыны болмаған.

Mal (2)

Былтыр қарашада Орал-Ақсай тас жолы бойында, Долин округі аумағында  бір көлік үйірлі жылқыға соқтығып, алтауын бірден жайратып салды.

Долин ауылдық округінің әкімі Талғат Манатауов:

– Бұған дейін де жол бойында осындай оқиғалар болып тұрған. Қараусыз малға соқтыққан жүргізушілердің кейбірі полицияға хабар бермей, оны шетке  сүйреп тастап, жолын жалғастыра береді. Сондықтан, мал қанша жол оқиғасына  себеп болғанының анық санын білмейміз. Малдың жол қозғалысына кедергі келтірмеуі үшін шара қабылдап жатырмыз. Қысы-жазы далада жүретін жылқы қараусыз жайылады. Көп жағдайда жол-көлік оқиғаларына жылқы малының еркін жүруі себеп. Осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында иелеріне үй жануарларына жарық шағылыстырғыш тағуды ұсынамыз. Біздегі тағы бір қиын жері – шаруашылықтардың егістік алқабы ауылды айналдыра жатыр. Тұрғындардың малы егіске түсіп кетіп жатады. Сондықтан ірі қара мен ұсақ малды бағымға қосу жағын мықтап қадағалаймыз.  Бетімен жайылған малды қамап тастаймыз. Мал иесі әкімшілік жауапкершілікке, айыппұлға тартылады, – дейді.

Әкімдік тарапынан талап қатайған соң, бос жүретін мал көрінбейді. Жыл басынан беріде Долин аумағында мал кесірінен жол бойында оқыс оқиға болмаған.

Төрт түліктің себептерінен жол қозғалысының қауіпсіздігі бұзылса, оның ішінде адам өлімі мен материалдық шығын орын алып жатқан жағдайда, оған тікелей малдың иелері мен жергілікті әкімдер, шаруашылық басшылары  ҚР Заңнамаларына сәйкес жауапты болатынын ескерулері қажет.

Бір қызығы, жол бойында көлікке соқтыққан малдың иесі табылмайтын көрінеді. Сол он оқиғаның үшеуінде ғана мал иесі анықталып, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексінің 615-бабы, 2-тармағы бойынша жауапқа тартылған. Ал қалған жеті  жағдайда мал иесіз болып шықты.

Түптеп келгенде, ол мал иесіз емес, әрине. Тек, мал иесі жауапкершіліктен қашып отыр.

Ақ адал малын қарамағандықтан, суық қолдыға оңай олжаға беріп отырғандар да бар көрінеді.

Теректі АПБ тергеу жөніндегі орынбасары, полиция майоры Қуандық Оразов мал ұрлығы азаймай отырғанын айтады.

– Қазір малын далаға айдап жіберіп, «қара күзде қораға қамарда бір жинап аламын» деп отырған ағайынның ішінде «Қап, малдан айырылдым» деп бармақ тістеп қалғандары болады. Тіпті, кейбірі малының қашан жоғалғанын білмейді. Кейбірі ен-сырғасыз жібереді далаға. Осындайдан келіп, жоғалған малды іздестіру қиындайды. Ұры ізін суытқан соң, малды таба алмаймыз. Сөйтіп, малдан айырылған адам шығынға батады да қалады. Қазір орташа есеппен бір бас ірі қара құны 200-500 мың теңге, жылқы 350-700 мың теңге  тұрады десек, отбасы қанша кірістен айырылғанын есептей беріңіз, – дейді.

Ия, «бұралқы мал мінуге жақсы» деген, бағымсыз мал қолды болуы жиі кездесетін жағдай. Күнделікті қарап, бағып отырған адамның да малынан айырылуы болады екен.

Былтыр есік алдынан бір сиырын ұры жетектеп кеткен Жаңа Өмір ауылының тұрғыны Жандарбек Мусин: – Жайылымнан есік алдына келіп тұрған екі сиырымның бірі жоқ екеніне көзім жетісімен, жалма-жан ауылдағы учаскелік полиция инспекторы Дамир Беркаировқа бардым. Мән-жайға қаныққан ол дереу іске кірісті. Тергеуші маман Еламан Мазгут екеуі үш күн бойы тыным таппай, ұрылардың малымды сойып, салып алып кеткен көліктің  ізін кесті. Жігіттер өз ісінің маманы екен, көп ұзамай ұрыны да қолға түсірді.

Күре жол үстінде жатырған ауыл болған соң ба, әлде, өзіміз бос қараймыз ба малға, бізде мал жоғалуы естіліп қалады. Полиция жігіттер осы менің басымда болғандай екі жағдайда ауылдастарыма қолды болған малын тауып бергенін естідім. «Мал-жаның аман ба?» деп, мал амандығы мен жан амандығын тіркес сұрайтын халықпыз ғой, күнкөріс үшін ұстап отырған малымды тірідей болмағанмен, еттей тауып берген азаматтарға алғыс айтамын, – деп ризашылығын білдірді.

Мал табылса жақсы. «Мал ашуы – жан ашуы» деген. Табылмаса, «полиция іздемейді» деп, бұрқ-сарқ етеміз. Ал малын қараусыз қалдырып, жоғалуына себепші болған мал иесі тап солай өзін «жерден алып, жерге салып» неге кінәламайды?

Қар түскенге дейін еркін жүретін жылқы өз алдына, Шалқар, Аңқаты, Шағатай ауылдық округтерінде жол бойында «өзін өзі бағып жүрген» ірі қараны көргеніміз бар. Ауылдағы ағайын малды «өзіне бақтыруға» әбден үйреніп кеткен. Сондайда «жау жоқ деме, жар артында» деген мақалды ұмытқан адамның бейқамдығына таң қаласың...

«Өзін бағатын» мал тек шалғай ауылдарда ғана емес. Көрген көзде жазық жоқ, күре жол үстіндегі Подстепный, Федоров ауылдарында көше бойлап, жол үстінде жайылған малды жиі көреміз.

Подстепный ауылдық округі әкімінің орынбасары Сағдат Жолдығалиев:

– Подстепный үлкен елді мекен ғой. Ірі қара бағымы бес бағытта ұйымдастырылған. Бағымға қоспай, бос жүрген малды байқасақ, арнайы дайындалған аулаға апарып қамаймыз. Иесі келіп, алып кеткенше сол жерде тұрады. Ал бос жіберген мал иесіне әкімшілік шара қолданымыз. Қазір бір бағытта, әуежайға қарай шығатын малға бақташы жоқ. Сондықтан ауыл ішінде, жол бойында қараусыз жайылып жүрген сиырлар бар шығар.  Мал бағатын адам табу қиын. Іздестіріп жатырмыз, – деді.

Аудан орталығында біресе «ән салуға» мәдениет үйіне, біресе «көйлек іздеп» базарға баратын сиырлар енді ауыл ортасындағы мұрағатқа бас тірегенін көрдік. «Ееее, зейнетке шығайын деп жүрген болды ғой» дестік. «Көше бойын әдемілеп, субұрқақ орнатып, гүл егуге қаржы шығарған әкімшіліктің есіл еңбегі-ай» деп қойдық.

– Малды қараусыз, көшеге жіберуден арыла алмай келеміз. Ондай малды біз қамау үшін әкімшілік ауласында арнайы қоршаулы орын салдық. Бұған дейін көшеде жайылған қой-ешкі, ірі қараның иесіне шара қолдануды жергілікті полиция қызметі арқылы жүргізетін едік. Енді Батыс Қазақстан облысы мәслихатының 1 қыркүйекте қабылдаған №37-3 «Батыс Қазақстан облысының аумағында ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың қағидаларын бекіту туралы» шешіміне сәйкес, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарында айқындалатын санитарлық және су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шекараларында; көшелерде, алаңдарда, алаңдарда, темір жолдар мен автомобиль жолдарында, сондай-ақ басқа да қоғамдық жерлерде мал жаюға тыйым салынды. Жануарларды жаю ережесін бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады. Енді біз осы қағида бойынша шаралар қабылдаймыз, – деп отыр  Федоров ауылдық округі әкімі Әсет Әубәкіров.

«Жоқтамағанның малы түгел» деген халық мақалы бар. Жоқтамай, жайбарақат отырып қызыл шығынға ұшырамас үшін иеліктегі малыңызды түгендеп отырыңыз. Әйтпесе, не қолды болып, не айыппұлға ілінуіңіз әбден мүмкін.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале