Көбінесе тың жаңалықтарды енгізетін өнертапқыштарды белгілі бір ғылыми институттардан, зерттеу орталықтарынан тауып жатамыз. Алайда ауылда да, соның ішінде қарапайым еңбек адамдарының арасында да түрлі өнертапқыштардың бар екенін білгеніміз дұрыс. Мысалы, бүгінде ақсақал атанған тереңкөлдік Амангелді Саматов ағамыздың алтын қолының арқасында неше түрлі техникалардың жасалғанын білеміз. Тіпті ағамыз бүгінгі заманауи компьютер қондырғыларының да тілін игеріп, сол арқылы көптеген жетістіктерге жетті. Әрине, бұны туа бітті талант деуге де болады. Осындай шеберлер ауылдарда бүгінде қолданыстан қалып қойған техникаларды жаңаша құрып, оны әртүрлі кәсіпке пайдалануда. Солардың бірі – бостандықтық Еркін Әліпқалиев. Еркін бала күнінен техникаға әуес болып өсті. Ауыл шаруашылық техникаларының қалай жүретінін, оның сынған бөлшектерін жөңдеу немесе олардың қандай шаруаларды атқаратынын көзбен көріп жете меңгерді. Әрі санасына құя білді.
Бүгінде қырықтың қырқасынан асқан ағамыз электр мекемесінде біраз жылдан бері қызмет жасап келеді. Қолы бос уақытында техникалармен шұғылдануды кәсіп еткен ол күнделікті шаруаға қажетті жұмыстарды атқаратын техника құрастыруды да мақсат еткен болатын. Сол мақсат орындалғандай. Әрине, ол бірден орындала қоймайды ғой. Қолдан құрастырылған тенхниканың әрбір бөлшегі қызмет атқара алатындай сипатқа ие болуы керек. Міне, осының барлығын екшеп-текшеп сараптама жасағаннан кейін барып қолға алған жөн. Осының барлығын Еркін жан-жақты есептеп, дәлдікпен ойластырды. Нәтижесінде суретте көрініп тұрғандай бау-бақша және дәнді дақылдар салу үшін жер өңдейтін (жерді жырту, тырналау, ору және тағы басқа да) техниканы жасады. Бұл өзі жасаған техникаға қазіргі күнде қажетсіз болып қалған техника құралдарын, қосалқы бөлшектерін пайдаланды. Нәтижесінде жермен жұмыс жасайтын еңбек адамдары үшін шағын техника пайда болды.
Еркін Әліпқалиевті әңгімеге тартқанымызда:
-Өздеріңіз көріп отырғандарыңыздай, мына шағын техниканы қыс айында үш айдың ішінде ойластырып жасадым. Бұндағы мақсат – мал азығын даярлауға, бау-бақша өнімдерін өсіруге және жерге технологиялық жұмыстар жүргізу үшін қажет етілді. Қазіргі күнде қай затты алып қарасақ та қымбатқа түседі. Оны кез келген адамның қалтасы да көтере бермейді. Міне, осыны ескерсек, дәнді дақылдарды және бау-бақша өнімдерін жерге өзіміз өсіріп, оны арзан күшпен, жанар-жағармайды қажет етпейтін техникамен жинап алатын болсақ ауылдықтар үшін тиімді ғой. Соны іске асырдым. Алла қосса, биыл бұның жемісін көремін деген ойдамын, - деп әңгімесін қайырды.
Еркіннің қолынан шыққан қарапайым техниканы көргенде таңданысымызды жасыра алмадық. Үлкен болсын, не шағын техника болсын жасау үшін үлкен дәлдік, нақты есеп, басқа да өлшемдері есепке алынады ғой. Міне, Еркін ағамыз идеясын нақты іске айналдырып отыр. Әрине, кез келген адамның қолынан бұндай нәрселер келе бермейтіні түсінікті. Дегенмен осындай істерге икемі бар ауыл «академиктеріне» жоғары жақтан бір мезгіл болса да көз қырын салып, демеу жсасаса деген ой бар. Қазіргі таңда жоғарыда айтқанымыздай идеяны нақты практикаға айналдырып жүрген шеберлер баршылық. Басқа өңір емес, тек Казталов ауданының өзінде өнертапқыштар көптеп шығуда. Солардың басын қосып, өзара тәжірибе алмастырса, яғни ортақ қимылдаса елге де, ауылдың еңбек адамдары үшін де тиімді болар еді. Біз әңгімелеген Еркін Әліпқалиевтің шебер қолынан шыққан техника халықтың игілігіне айналсын деген ойымыз бар.
Әсем Болат,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz