– Күйшілік өнер – тек қазақ халқына ғана тән сан қырлы күрделі шығарма екені баршаға аян. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырласы – күй» деп күй өнерінің философиялық тереңдігіне ерекше мән береді. Күй өнерінің мазмұнын сен қалай ұғынасың?
– Күй дегеніміз – тылсым әлем, қара домбырамыз – атадан балаға мирас болған киелі аспап. Домбыраны қолға алған сәттен ерекше сезімге бөленемін. Тіпті күйдің сырлы үні бойыма әбден сіңгені соншалық, түсімде де домбырада ойнап жүремін. Бүкіл сана-сезімім, болмысым домбыраның үніне байланғандай. Кейде «Шіркін-ай, ұлы күйшілердің заманында туғанымда ғой» деп қиялдың жетегіне сапарлайтыным бар.
– Домбырашы болуыңа ықпал еткен кім?
– Әкемнің інісі Нұржан көкем (күйші Нұржан Сертековты айтып отыр) біздің үйге келген сайын неше түрлі күй орындап, тарихынан сыр шертіп отыратын. Әсіресе, Құрманғазының «Қайран шешем» күйін жиі тартатыны жадымда жатталып қалыпты. Сол кезде күй табиғатына бойлап, домбыраның көмейінен төгілген қоңыр үніне ғашық бола бастадым. Кез келген қазақ шаңырағының төрінде домбыра ілулі тұрады емес пе?! Бізде де атамыздан қалған ескі домбыра бар еді. Соны ыңылдап отырып, құймақұлақпен тартатынмын. Бір күні саз мектебіне оқушыларды жинай бастады. Сыныптастарымның біразы жазылып жатыр екен. Әуелі әке-шешемнің рұқсатын алғаным дұрыс болар деп үнсіз отырғанмын. Онымен «сыныпқа бала толса, артық адам алынбайды» деп ескерту жасалған соң бірден жазыламын деп шештім. Әке-шешеме саз мектебіне баратынымды айтқанымда олар менен де бетер қуанып, қадамымды қоштады. Тоғыз жасымнан аудандық саз мектебіне ұдайы барып жүрдім, яғни сол шақтан бері домбырам жан серігіме айналды. Домбырадай киелі аспапты шеберлікпен меңгеруіме жоғарыда айтып өткен Нұржан көкемнің септігі тигені рас. Бір қызығы, атам 63 жасында Нұржан көкемнен нотамен домбыра тартуды меңгерген. Сондай-ақ, күйшілік өнерге жақын болуыма арғы аталарымның да өнерден алыс еместігі сеп болса керек. Сертек атамыз уақытында бөкейліктерге аты мәлім аңшы, емші, домбырашы болған екен. Ол кісінің ұлы Орынғалидан тараған Жұмағали, Наурызғали, Сейсен, Жұмағаным, Асылғаным, Нұржан аға-апаларымыз, өзімнің әкем Жексен де өнерден қара жаяу адамдар емес. Әсіресе, Нұржан ағамызды бүкіл облыс жұртшылығы жақсы біледі. Қазіргі таңда туған бауырларымның да музыкалық арнайы білімдері бар.
– Домбыраға кәсіби түрде баулыған ұстаздарың хақында сөз өрбітсең...
– Домбыраға алғаш рет баулыған аудандық саз мектебінің мұғалімі Жасқайрат Маштаков болатын. Кейін ол кісі қалаға қоныс аударған соң Азамат Зайноллин тәлімін көп көрдім. Азамат ағамыз қаншалықты жұмсақ болса, соншалықты талапшыл оқытушы. Баламен бала болып, тілін таба білетін. Құрманғазы атындағы саз колледжінде, М.Өтемісов атындағы университетте де мықты деген ұстаздардың алдын көрдік. Әсіресе, күй өнерін терең түсінуіме Нұржан Сертеков ағамыз ықпалын тигізді.
– Күніне қанша рет домбыраны қолыңа аласың?
– Студенттік кезіммен салыстырғанда әлдеқайда аз. Бұрын түске дейін үш сағат, түстен кейін бес сағат бойына домбырамды қолымнан түсірмейтінмін. Негізі домбыраны шебер меңгеру үшін күніне он сағат тыңғылықты дайындалуды талап етеді. Бір пайыз талант, 99 пайыз еңбек керек. Жоғарғы оқу орнындағы ұстазым Нұржан Сертеков «бір күн домбырамен дайындалмасаң, жеткілікті ойнай алмай тұрғаныңды өзің сезесің, екі күн дайындалмасаң, қасындағы әріптестерің сезеді, үш күн домбыраны қолыңа алмасаң, халық сезеді» дейтін. Осы сөздерді ізімді басып келе жатырған іні-қарындастарыма да айтып жүрмін.
– Домбыраның сапалы болуы қаншалықты маңызды?
– Айтпақшы, жақында ғана жап-жаңа домбыраға қол жеткіздім. Маңдай теріммен тірнектеп жинаған 300 мың теңгеге Алматы қаласынан домбыраны тапсырыспен алдырдым. Аламан бәйгеде шабандозды астындағы атына қарап сынаса, күйші-домбырашыларды қолындағы домбырасына қарап сынайды. Күй сайыстарында біздің өнерімізге мүйізі қарағайдай күйшілер баға береді. Барған жерімізде тек өзіміздің ғана емес, ауданның намысы да сынға түскен кезде орындаушылық шеберлігімізді сапалы домбыраның мінсіз үні де толықтыра түседі. Сапасыз ағаштан жасалған аспап күйдің толық дыбысын бере алмайды.
– Халық арасында сарындары мен қағысын айырып білу үшін төкпе және шертпе күй деп бөлінеді емес пе? Саған бұның қайсысы жақынырақ әлде «батырға оңы мен солы бірдей ме»?
- Иә, төкпе және шертпе күй деп бөлінетіндігі рас. Алайда, бұл екі анықтауыш тұтас бір аймақтың болмысын, дәстүрін айқындай алмайды. Мәселен, бір ғана күйші-орындаушының туындыларында шертіп тартылатын күй де, төгіп тартылатын күй де кездеседі. Құрманғазы бабамыздың мектебінен динамикалық күші бар, қуатты серпіліс байқалса, Дәулеткерей шығармашылығы лирикаға жақынырақ, жұмсақ, әуезді келеді. Сол сияқты Дина әжеміздің бес саусақтың бірінен соң бірін кезектестіре ойнауы секілді ерекшеліктері де күйді орындаудың сан алуан тәсілдеріне мән беруді қажет етеді. Тәттімбеттің, Құрманғазының, т.б. марғасқа күйшілеріміздің орындауында мұңлы сәттерді толғайтын баяу күйлер, дауылдата төгіп тартатын шығармалары да бар. Оқушы кезімізден байқауларға дайындағанда ұстаздарымыз төкпе күйді де, шертпе күйді де үйретіп, қолымызды жаттықтырды, санамызға тоқытты. Сол себептен де шығар, ешқайсысын да аса жатырқап қарамайды екенмін.
– Күйшілерден кімді жақын тұтасың және қанша күйді өз деңгейінде меңгердің?
– Ұзақ Мырзабайұлы, Мәмен Ерғалиұлы, Құрманғазы Сағырбайұлы, Сүгір, Оқап Қабиғожин, Дина Нұрпейісова, Қали Жантілеуұлы деп тізімді әрмен қарай жалғастыра беруіме болады. Осы уақытқа дейін 150-ге жуық күй жаттаппын.
– Болашақта күйшілік өнерді ғылыммен байланыстыру ойыңда бар ма?
– Профессорлық деңгейде іс атқармасам да зерттеуден тыс қалған батыс яки бөкейлік күйшілер туралы сүбелі дүниелерді жинасам деген ойлар көкейімде жүрген рас.
– Өзіңнің жеке туындыңды қашан ести аламыз?
– Әзірге жеке шығармам жоқ. Менің түсінігімде күйді жас ұлғайғанда, бәлкім қырық жастан асқанда, яғни кемелдікке жеткен тұста ғана шығару керек. Өйткені, күй – өмірлік тәжірибеден, көңіл толқыныстарынан туындайтын шығарма ғой. Құрманғазы, Оқап, Дәулеткерей, Сейтектердің туындылары соған дәлел. Мен әлі ондай кемелдікке жетпедім.
– Үлкен сахнаны аңсамайсың ба? Кейде ауылда елеусіз қалып қойдым деген ой тумай ма? Жалпы айтқанда күйшілік өнер туралы пікірлесіп, әңгіме-дүкен құратын ортаң бар ма?
– Студенттік шағымда қалада тұрақтап қалғым келетін. Қазір ондай ойдан мүлдем арылдым десе болады. Туған ауылымда ұлттық өнерімізді, бай мәдениетімізді дамытуға ниеттімін. Тақырып та, ой да ортақ мүдделестерім көп емес, бірақ бар. Бауыржан Темірәлиев ағамызбен, Жасұлан Абаханов, Қуаныш Құбайтов есімді інілеріммен жиі бас қосып, асыл өнеріміздің тарихы турасында өз білгенімізбен бөлісіп отырамыз.
– Мәдениет саласының қызметкері ретінде қандай мәселелер толғандырады?
– Аудандық оркестрдің бүгінгі жайына алаңдаймын. Әлі де түрлі аспапта ойнайтын білікті мамандар ауадай жетіспейді. Музыкалық аспаптар жаңартылса қуанар ек. Сонымен қатар, жас домбырашылардың күйлерді заманауи ырғақпен үндестіріп, өңдегендері көңілімнен шықпайды. Күйдің мазмұнын, табиғатын бұзуға болмайды ғой.
– Алайда, белгілі күйші Айгүл Үлкенбаева «эстрадамен араласқан домбыра өзінің қоңыр үнін жоғалтпайды. Қазақтың күйшілік өнерін насихаттауда жаңа қадамдар, тың идеяларға жүгінуіміз керек» деген пікіріне не дейсің?
– Айгүл ханымның кәсіби деңгейі өте жоғары және ол кісі күйге жаңаша леп қосса да бәрін де сауатты жасайды. Халықтық шығармалар заманауи өңделсе де домбыраның қоңыр үні басым тұратынын байқаймыз. Ал, жастардың біразы рейтинг қуады, пайда көздейді. Сол жағына қарным ашады.
– Сұқбатымызды жетістіктеріңмен түйіндеп жіберсек?
– Осы күнге дейін түрлі деңгейдегі байқауларда бақ сынадым. Жеңілдім де, жеңімпаз атанған сәттерім де аз болмады. 2005 жылы облыстық «Жайық толқыны» конкурсында бас жүлдені, 2011 жылы Сейтектің 150 жылдығына арналған сайыста қатарымнан қара үздім. 2012 жылы «Қайран Нарын» республикалық конкурсында үздік үштікке іліксем, 2014 жылы Х Республикалық Дельфийлік ойындарында жеңімпаз болып, 2019 жылы «Дала дарындарында» бас жүлдені иелендім. Қазіргі сәтте Дина Нұрпейісованың 160 жыл толуына орай «Күй анасы – Дина» атты онлайн аудандық домбырашылар сайысына қызу дайындық үстіндемін. Осынау байқау ендігіде республикалық деңгейде өтсе тіптен жақсы болар еді.
– Сұқбат бергеніңе рақмет. Шығармашылығың жарқырап, өнерің үстей берсін!
Сұқбат құрған Арайлым ЕСМАҒҰЛ,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz