Бүгін аудан орталығындағы «Достық» саябағында Алма Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектебі ұжымының ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 78 жылдығына орай «Ерлік елге мұра, ұрпаққа ұран» тақырыбында мерекелік, патриоттық іс-шара оздырылды.
Мектеп ұжымы ұйымдастырған салтанатты іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Жангереева, еңбек ардагерлері мен тыл ардагерлері қатысты. Ауданымыздан майданға аттанған батырларымыздың бейнесін қола ұстаған оқушылардың саптық жүрісімен басталған мерекелік концертте париоттық тәрбие басым болды. Концерттік бағдараламада алдымен еліміздің әнұраны орындалып, оқушылармен ұстаздар «Жеңіс күні», «Жеңіс, жеңіс ғаламаты күнімнің», «Ән сал сарбаз», «Біз Отанның ұланымыз» және «Атамекен» сынды патриоттық әндер шырқалды.
Соынмен қатар, кішкентай бүлдіршіндер «Катюша» биін билеп, тағдай қақтырса, «Азамат» әскери-патриоттық клубы саптық дефиле арқылы жас ұрпақтың рухын оятып, жігерін қайрады. Ұлы Жеңістің 78 жылдығы мерекесіне орай жас мамандар Әділет Боранғалиұлы мен Жансұлу Науханқызы «Жеңіс жыры» өлеңін оқып, көрерменге ой салды.
Тәрбиелік маңызы зор іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызы, А.Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің директоры м.у.а. Інжумаржан Әділгерейқызы, «Қосөзен» шекара бөлімшесінің бастығы м.у.а. Жандос Серікұлы аудан халқы мен мектеп ұжымын Ұлы Жеңістің 78 жылдық мерейтойымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Ауданымызда патриоттық тәрбиені насихаттауға үлес қосып жүрген «Азамат» әскери-патриоттық клубы мен мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі, клуб жетекшісі Саясат Абукенов «Қосөзен» шекара бөлімше бастығының алғыс хатымен марапатталды. Іс-шара аудан орталығындағы «Белгісіз солдат» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен аяқталды.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz