14.01.2025, 11:00
Оқылды: 44

Ерлік туралы естелік

Осындай атаумен Орал қаласындағы  М. Мәметова атындағы мемориалдық музейде соғыс және еңбек ардагері, І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, Жәнібек ауданының құрметті азаматы Боранбай Қадыровты еске алу кеші өтті.

WhatsApp Image 2025-01-14 at 11.39.02

Іс-шара барысында қоғам белсендісі, өлкетанушы Нұрлан Сәдірдің майдангердің өмірі мен еңбегінен сыр шертетін «Ерлігі мен еңбегі – мәңгілік есімізде» атты кітабы таныстырылды. Жуырда жарық көрген бұл кітапта көзкөрген қариялардың естеліктері, мұрағаттағы деректер жазылған.

WhatsApp Image 2025-01-10 at 14.08.02 (1)

Аталмыш кешке облыстық қоғамдық даму басқармасының этносаясат және азаматтық қоғамды дамыту бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметов, Боранбай Қадыровтың ұлы Берік Қадыров, кітапхана қызметкерлері мен мектеп оқушылары қатысты. «Ерлігі мен еңбегі – мәңгілік есімізде» кітабының «тұсауы» кесіліп, оқырманға жол тартты. Кітап лентасын қию рәсімін Берік Қадыров атқарды. Мемориалдық музейде «Үш орденді майдангер» көрмесі жасақталды. Онда тарихи құжаттардың көшірме нұсқалары, майдангердің қолжазбалары сақталған. Аталмыш музей-үйдің меңгерушісі Ахмедияр Батырхановтың айтуынша, қаламгер Нұрлан Сәдір құрастырған бұл естелік жинақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығына тамаша тарту болған. Кітап ауторының «Қазақтың үш даңқты аруының бірі Мәншүк Мәметованың атындағы мемориалдық музейде жинақтың «тұсауы кесілсе» деген ниетін қуана қабылдаған. Нұрлан Сәдір Жәнібек ауданында қызмет бабымен бірнеше жыл жұмыс істеген. Боранбай Қадыровтың шаңырағына ат басын бұрып, азаматтығы мен қонақжайлығына куә болған. Оның ерлігі, еңбегімен қатар тұлғалық бейнесін де жақсы біледі.

– Жәнібек ауданында жұмыс істеген жылдары мен жас едім. Осы бір ауданда ешқандай туысым мен танысым болмады. Боранбай Қадыров менің өміріме, қызметіме қажетті ақыл-кеңесін айтып, қолдау білдірді. Жиырмаға толар-толмас жасында совхоз директорының орынбасары, колхоз төрағасының орынбасары міндетін атқарған. Ол 1924 жылы 9 желтоқсанда Жәнібек ауданы, Тау ауылдық кеңесінде дүние есігін ашқан. 1942 жылы небәрі 18 жасында екінші дүниежүзілік соғысқа аттанады. 7 жыл сапта болған жауынгер 1949 жылы туған еліне оралады. Содан саналы ғұмырын елдің дамуына, мемлекетіміздің өркендеуіне арнайды. 2004 жылы 26 қазанда Жәнібек ауданы орталығындағы шаңырағында қайтыс болады.  Жұбайы Кәмила Ғиззатқызымен 6 ұл, 1 қыз баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірген. Өкінішке қарай, Кәмила Ғиззатқызы да 2008 жылы 18 наурызда бұ дүниемен қоштасқан еді, – деді Нұрлан Сәдір.

Боранбай Мырзағалиұлының майдандағы ерлігі мен бейбіт өмірдегі еселі еңбегі елеусіз қалмады. Жәнібек ауданының құрметті азаматы атанған. Сондай-ақ екі рет «Құрмет белгісі» және  І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталған. Жәнібек аудандық газетіне Жанғали Мырзалиев «Алдыңғы толқын, не дейсің?» тақырыбында Боранбай Қадыров туралы мақала жазады. Майдангер сұхбатында:

– «Аңға» шыққан күндердің бірінде маған барлау тобының құрамында үш фашисті «тіл» ретінде алып келудің сәті түсті. Ал «тілдің» соғыс барысында жау мақсатын білуге және жау жағының осал тұстарын анықтауға көмектесетіні белгілі. Осы оқиғаның маңызды бол­ғандығынан ба, сол 1943 жылы 19 жасымда Кеңес одағының Коммунистік партия мүшелігіне кандиданттыққа өттім. Жоғары әскери қолбасшылық батыл қимылым үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградтауға ұсынған, кейін орденім кеудеме тағылды, –  деген.

Сұрапыл соғысқа 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық аттанды. Өкінішке қарай, олардың 600 мыңы туған еліне оралмады. Олар өз өмірлерін болашақ үшін,  Отан үшін қиды. Неміс-фашист басқыншыларына қарсы соғыста 504 қазақстандық КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен «Кеңес Одағының Батыры» атағына ие болды.

Іс-шара соңында Орал қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының тәрбие және идеологиялық бөлімінің бастығы Роман Дүйсенғалиев сөз алды. Ол батыр аталарымыздың өмірбаяны бүгінгі сарбаздарға үлгі болып, олардың рухын көтеретіні туралы тілге тиек етті. «Тұсауы» кесіліп, оқырманға жол тартқан кітаптың бір данасын алып, әскер қатарындағы жауынгерлерге насихаттайтынын айтты. Сонымен қатар іс-шарада соғыс тақырыбындағы патриоттық өлеңдер оқылып, жас күйші Мейіржан Имашев «Алаш аманаты», «Ер тұран» күйлерін орындады. Ж. Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап  кітапханасына, облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапхана әдіскерлеріне бір- бір дана кітап табысталды. Өз кезегінде олар да бұл кітапты кітапхана оқырмандарына ұсынатындарын жеткізді.

Нұрым  Ғұмар,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале