Жәнібек аудандық білім беру бөлімі Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай Ауған һәм Тәжік-Ауған соғысына қатысқан аудан ардагерлеріне құрмет көрсетті.
Жастардың өмірі бір сәтте үзіліп, елді күңірентіп, аналарды зар жылатқан соғыстың аяқталғанына 35 жыл өтсе де, оның салған жарасы мен зардабы әлі күнге дейін ел есінде тұр. Естеріңізге салсақ, 1979 жылы басталған соғыс бақандай 10 жылға созылды. 1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскері қан майданның ортасынан шықты. Ал бұл соғысқа қатысқан 22 мың қазақ азаматының 762-сі бақиға аттанса, 21-інен хабар жоқ. Облыстық «Ауған соғысы мүгедектері мен ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тахир Қосжановтың айтуынша, өңірден 1021 адам ұрысқа аттанып, соның 27-сі қаза тапты. Кейбірі мүлдем жоғалды. Сексен сегіз жауынгер жаны мен тәніне ауыр дерт жамап қайтқан.
Отан үшін аянып қалмаған жауынгерлерге құрмет майдан алаңында қаза болған азаматтарға гүл шоқтарын қоюмен басталды. Бір минут үнсіздікпен еске алған рәсімге қатысушылар көздеріне жас алып, рухтарына тағзым етті. ҰОС-ның батыры Мәншүк Мәметованың ескерткішіне аудандық білім беру бөлімінің басшысы Асхат Молдағалиев пен «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев гүл шоқтарын қойды.
Сондай-ақ Кеңес Одағының Батырлары Ерденбек Ниетқалиев пен Николай Чуриковтың, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың, Ауған боздақтарының ескерткіштеріне арамыздағы ардагерлер мен ерлікке құмартқан «Алау», «Айбын» әскери-патриоттық сайыстың жүлдегерлері гүл шоқтарын қойып, батырлардың ерлігін саналарына тоқыды. Рәсім барысында Амангелді Мырзағалиұлы сөз сөйлеп, аудандық балалар саз мектебінің мұғалімі Мейрамгүл Дәулетқалиева «Боздақтар» әнін шырқады. Әрмен қарай бейбіт күнімізге себепкер жандарды алғысқа бөлеу үшін №1 мектеп-лицейіне табан тіредік. Мектеп дәлізінде көрмені тамашалап, әскери құралдарды көрген ардагерлерді Асхат Хамитұлы мектеп музейіне бастап барды.
Мұнда білім ошағының тарихы таныстырылып, көнеден сыр шерткен заттар туралы баяндалды. Мәншүк Мәметованың өзі тәлім алған білім ордасы ғасырға жуық уақытта біраз зобалаң кезеңдерден өткен. Қабырғасының өзі тарихты суреттеген музейді көрген аудан жауынгерлері қазіргі лицейге қатысты сұрақтарын қойды.
Содан соң мектептің мәжіліс залында «Ауған асуында от кешкендер» атты кездесу кеші өтті. Жүргізушілер кеш қонақтарымен таныстырып, көрермендер оларды ыстық ықыласқа бөледі. Аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, подполковник Райымбек Таубаев еске алуға арналған күннің маңызын айтып, ортадағы жауынгер азаматтарға алғысын білдірді. Қан кешкен боздақтардың ерлігі жайында бейнеролик көрсетіліп, ардагерлер көз жасына ерік берді. Кешегі сұрапыл соғысқа қатысып, Отанды шексіз сүйгендерінің нәтижесі – арманы көкпен таласқан, білім алаңында жарасқан азат ұрпақ. Сахнаға Ерденбек Ниетқалиев атындағы мектеп оқушылары шығып, винтовканың жеңіл түрі, яғни карабинның көмегімен дефиле ұсынды. Облыстық әйелдер ісі жөніндегі комиссия және аудандық ардагер ұстаздар ұйымының мүшесі Гүлнәр Хайырлиева тебіріне сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті.
- Біз ол кезде дәл мұндай соғыстың басталатынан хабарсыз едік. Оныншы сыныптың оқушысы болдым. Әп сәтте төбемізден жай түсіргендей болды. Тепсе, темір үзетін жастар байтақ даламызды, Отанымызды қорғауға кетті. Шарасыз күйде қалдық. Арасында ерлермен бірге бойжеткендер де болды ғой. Нәзік жандылардың сондай зұлмат кезеңнің куәгері болып, қыршыннан қиылғандары жаныма әлі батады. Біз сіздердің ерліктеріңізді ешқашан ұмытпаймыз,- деген Гүлнәр Серікқызы өз сөзін жанарынан аққан тамшы жасты сүртіп, басын иіп түйіндеді.
Ауған ардагері Кәрімжан Әткешев сөйлегенде біздің де сай-сүйегіміз сырқырап кетті. Неге десеңіздер, ол соғыста болған жағдайларды бүкпесіз баяндады. Кештің аяқталуын, спорттық сайыстың басталуын күтіп, тыпыршып отырған аудан оқушылары Кәрімжан Сабырғалиұлын ұйып тыңдады.
- Мұқағали Мақатаев «Үш бақытым» деп жырлады ғой. Міне, жас ұрпақ осы үш бақыттың қадірін білуі тиіс. Ұрыста жүріп, тіл мен жердің, Отанның болашағын ойладық. Сол біздерге шабыт берді. Бір жұтым су мен бір түйір нанға зәру болсақ та, алдымызда қазаққа деген шексіз махаббат тұрды,- деді ол өз сөзінде.
Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері арасынан Мұхтар Бисенғалиев те айтылған тілекке қосылып, оқушыларды патриоттыққа тәрбиелеу жұмысының жауапкершілігіне, Отан алдындағы борышты өтеудің маңызына тоқталды. Аудан өнерпаздары атынан Аслан Боранбаев, Өмірзақ Жармұхамбетов ән шырқап, мектеп оқушылар құралған ансамбль де өнерлерімен кеш қонақтарын тәнті қылды. Кеш соңында аудандық білім беру бөлімінің басшысы Асхат Молдағалиев ардагерлер Кәрімжан Әткешовке, Қазбек Әбдірешевке, Тимур Ғиззатовқа, Бақытжан Қалжиповқа, Алмат Молдағалиевке, Ақболат Хамитов, Қисмат Бейсейітовке алғысхат пен естілік сыйлық табыстады. Танымы мен тағылымы мол кеш аудан оқушылары сынға түсетін әскери-спорттық жарысқа ұласты.
Ақтілек Әлібекұлы,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz