8.06.2021, 10:37
Оқылды: 48

Ерсайын қарт – «Сырым елі» газетінің тұрақты оқырманы

Сырым ауданы Жетікөл ауылдық округінде тұратын Рамазанов Ерсайын қарияны ауылдастары ауызында аталы сөз бар ақсақал деп құрметтейді. Жер-су орындарын іздеп немесе біздің өлкеге қатысты қандай да бір тарихи деректің ұшын таппай жүрген былайғы ғалым-өлкетанушылар да лажы болса, Ерсайын қарттың алдынан бір өтуге тырысады. Көпті көрген көнекөз қария Даттардың шежіресін саусақпен-ақ тарқатып, ескі орындарды, тарихи мекендердің ізін GPS-тан бұрын тауып береді.

 сс

Қарт 8 жасынан бастап егіс күзетіп, еңбекке араласқан адам. 12 жасында тырмаға отырған ол анасының да тілінген табанына тері байлап, жер жыртып жүргенін көріп өсті. Ерсайын ерте күннен-ақ өзінің үш адамның орынына өмір сүріп жүргенін білді. Оның мойынында аяулы ананың тілегі мен майданда өлген әкенің арман-үміті бар еді.

Ерсайын кейін мал бақты. Күн сайын үш құдықтың түбін сарқып, 1000 тұсақты қауға шелекпен суарып, еңбек емес, ерлік жасады. Трактор, комбайны бар, «К -700-і» бар, техниканың неше шұрайын тізгіндеді.

Ерсақаң биыл мерейлі 80 жасқа толды. Алланың ақ жолына түсіп, намазын оқып, оразасын ұстап, ауылының төрінде шариғаттың шамындай жарқырап отырған шалды көріп, «Қазақтың қарттары осындай екен ғой!» - деп сүйсінесің. Қария қасиетті кітап Құраннан бастап, кітап, газет-журнал атаулының бірін қалдырмай, оқып отырады. Бала кезгі әдеті. Оқып қана қоймай, барған адамға түсіндіріп айтып, дәріс жасап отырады.

Ерсайын қарт – «Сырым елі» газетінің тұрақты оқырманы. Үйіне барғанда, қолынан тастамай жүргенін жиі көреміз.

– «Сырым елін» асыға күтемін. Келсе, асымды ішпесем де, газетті толық оқып аламын, - деп бізді де қуантып қойды.

Айтпақшы, газет бетіне намаз кестесін беріп тұруды ұсынған осы кісі екенін айтып кеткен жөн.

«Сырым елі» осындай оқырмандарымен мақтанады!

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале