5.08.2021, 15:12
Оқылды: 48

Ержүрек жеткіншекке марапат табысталды

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен қарауылтөбелік жасөспірім Аслан Орахаев марапатталды.

WhatsApp Image 2021-08-05 at 15.11.12

Көзі қарақты оқырман оның ерлігінен хабардар. Өзінің өмірін қатерге тігіп, замандасын құтқарған жерлесіміздің айтулы марапатқа ие болғанын естіп, өзіне хабарласып, құттықтауды жөн көрдік әрі болған оқиғаның мән-жайын өз аузынан естідік.

– Мен өзімді ерекше бір ерлік жасадым деп есептемеймін. Мұндай жағдайда қай-қай адам да құтқарудың бар әрекетін жасап, жақынының өмірін сақтап қалуға барын салады емес пе?! Медаль берілетіні туралы хабарды алғаш естігенде, аздап қолайсызданғаным да осыдан шығар. Еліміздің төтенше жағдай министрі, генерал-майор Юрий Ильиннің қолы қойылған кітапшаны қолыма беріп, медалін кеудеме таққанда ғана бойымды бір мақтаныш сезім биледі. Дүниедегі ең қастерлі адам өміріне араша болғанымды сонда ғана сезіндім, – дейді бозбала.

19 шілде болатын, сол күні кешқұрым достары Шыңғыс пен Жантуғанмен бірге Аслан да анасы Баршагүлден сұранып, Жайық өзеніне беттейді. Барған бойда екеуінен бір сыныпқа төмен оқитын Шыңғыс жалма-жан суға түсіп, өзеннің орта шамасына дейін жүзіп кетіпті. Бір кезде оның қинала айғайлаған дауысы естіледі.

– Алғашында суға батқан кейіп танытып, ойнап жүрген шығар деп ойлап қалдым. Бірақ досым қолын сермеп, бір батып, бір шығып, ағыспен бірге сырғып барады. Дереу көмекке ұмтылдым. Қасына жүзіп барғанымда, Шыңғыс маған жармасып алды, өмірі үшін арпалысқан соң денесі ауырлап кетті. Бірден мұндайды күтпеген мен де онымен бірге батып кете жаздадым. Мың шүкір, 10 минөттің шамасында жағаға табанымыз тиді-ау, – деп еске алады Аслан.

Су жұтып, есеңгіреп қалған балалар біраз отырып естерін жыйып үнсіз ғана ауылға беттепті. Бұл оқиға туралы ешкім де білмес еді, сол кезде жағалауда ауылдас апайлары Динара мен оның қызы тұрмағанда. Балалар тереңге барғандарын үйдің үлкендері біліп қойса, ұрсады деп тірі жанға айтпауға сөз байласып алыпты. Динара ертесіне Whatsapp-тағы ауылдастардың тобына Асланның ерлігі жайында хабар жіберіпті. Тек сол арқылы ғана жас жеткіншектің батылдығы туралы көпшілік біледі.

Бір тұтас ауылдың мектептің мақтанышына айналған шәкірті жайында сынып жетекшісі Гүлайхан Аяшева былай дейді: «Аслан ақкөңіл, сезімтал, әрдайым қиналғандарға көмекке ұмтылып жүреді. Спортен шұғылданады, әзілкеш те. Біз Асыландай ұлдың өз шәкіртіміз екеніне мақтанамыз».

Ерлік ескеріледі деген осы.

Әсет Бисенғалиев,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале