25.09.2023, 20:53
Оқылды: 37

Еселі еңбегімен құрметке бөленген жан

Тұлғалы, қабырғалы азаматтар арқылы сол елдің келбеті қалыптасатыны белгілі. Содан болса керек ықылым замандарда «Еліңде кімің бар?» дегенде, керегелі елдің келбетін келтірген, салиқалы жұртының санасына сәулесін төккен сарабдал тұлғаларын, сұңғыла кемеңгерлерін алға шығарған. Мемлекет әрі қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев айтқандай, елдің келбетін табиғатының ландшафты немесе жерасты байлығы емес, қабырғалы азаматтар қалыптастырған.

IMG-20230925-WA0077

Бәйтерек ауданындағы сондай өнегелі ел ағаларының бірі – Адам Имашев. Саналы ғұмырын білім беру, мемлекеттік басқару ісіне арнаған Адам Сағынұлының есімі еселі еңбегімен танылды, ол ел-жұрттың жоғары бағасын алды. Ол кісіге тағы бір айта кетер жайт, 68 жасқа толған шағында ғылыми диссертация қорғап, бизнес және басқару саласының магистрі атанды. Сөйтіп адамның кемелденуіне, өзін-өзі жетілдіруіне, шығармашылық қабілеттерін дамытуына ешқандай кедергі жоқ екендігін дәлелдеген ағамыз бүгінде 70 деген қазыналы жасқа толғалы отыр.

Бала тәрбиесі – жауапты іс

Кейіпкеріміз 1976 жылы Казталов ауданында мұғалім ретінде педагогика саласында еңбек жолын бастап, 1981 жылы Жұлдыз, артынан Фурманов, Талдықұдық орта мектептерінің директоры болды. 1997 жылы облыстағы алғашқы ауылдық лицейдің бірі – Қараөзен мектеп-лицейінің негізін қалап, оның директоры лауазымында табысты еңбек етті. Уақытпен санаспай, ақыл-ойын, ынта-жігерін, қажыр-қайратын шәкірттерінің бойына мемлекеттің идеологиясын, қоғамның құндылықтарын, тұлғалық қасиеттерді, білімді, ғылымды, өнерді сіңіруге жұмсады. Мектеп басшысы ретінде білім берудегі келелі мәселелерді, күрмеуі қиын күрделі істерді шешуге бағыттады. Таңертеңнен кешке дейін мектеп ішіндегі оқу-тәрбие үдерісіне басшылық жасап, іс-шараларға қатысып, сабақ өткізетін. Ал кешке интернаттағы оқушылардың жай-күйлерін қарап, өнер үйірмелері мен спорттық секциялардың жұмыстарын бағалап, көмірмен жағылатын жылыту қазандығының жұмысын қадағалайтын. Одан бөлек түнгі уақытта ауыл көшелеріндегі тәртіпті тексеру сыны жұмыстарды да қоса атқара жүретін. Көптеген мамандық иелері жұмыс уақыты аяқталған соң, келесі күнге дейін демалатын болса, журналистер секілді мұғалімнің жұмысы да үйге келген соң жалғасады. Адам ағамыз бен зайыбы Орынша Әбутайқызы 30 жыл бойы күн сайын оқушының дәптерін тексеру, ертеңгі сабаққа жоспар жазу, көрнекілік жасау, тәрбиелік іс-шараларын дайындау, қосымша әдебиеттер оқу және т.б. айналысатын. Төккен тер мен адал еңбектері ақталып, оқушылары аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық білім, өнер, спорт додаларында жетістікке жетіп, ұстаз, мектеп мерейін мерейін үстем қылды. Білім беру мен тәрбиелеу үдерісін ұйымдастыру мен жетілдірудегі айтарлықтай табыстары, оқушыларының республикалық деңгейдегі жетістіктері үшін ол «ҚР Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

- Бұрын біз мектеп қабырғасында жүргенде бала тәрбиесі, сауаттылыққа жіті мән берілетін. Бүгінде ол үлкен мәселеге айналып отырғаны рас. Әлі есімде бала кезімде әкем марқұм «балам, сен мектепке сауаттылығыңды арттыру арқылы білім, жақсы тәрбие алу үшін барасың» деп айтқаны бар. Ал қазіргі ұландар мектепке не үшін барып жүргенін білмейді. Әрі сауаттылық төмен. Оны педагогтардың өздері де мойндайды. Бұрын сауаттылықты артыру бағытында таза жазу, диктант дегендер болатын еді. Қазір олар жоқ. Мысалды басқадан емес, өз немеремнен айтайын. Ол мектепте оқу озаты. Сауаттылығын тексерейін деп орысша «привет» деген сөзді жаздырсам, екі қате жіберді. Екінші мәселе тәрбиеге қатысты. Қырық бес жыл мұғалім болған зайыбым кейде сыртта, балалар ойын алаңында отыра алмай қайтып келеді. Себебін сұрасам, онда ойнап жүрген оқушылардың аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатады дейді. Мұндай келеңсіздікке ауыл үлкендерінің көбі куә болып жүр. Бұл – тәрбиенің нашарлығы. Жалпы қазіргі оқу жүйесіне көңілім толады деп айта алмаймын. Өзгеріс көп. Таяуда Қазталов ауданында болып, бір үлкен білім ұясындағы ашық сабаққа қатыстым. Сабақ барысында оқушыны тегімен, яғни фамилиясымен айтуға болмайтынын естіп таңқалдым. Шәкірт ренжіп қалуы мүмкін деп оны атымен атайды. Сол сабақта бес-алты бала белсенді қатысты. Алайда сабақ соңында оқушының бәріне бес деген баға қойылды. Мен орнымнан тұрып, бұл бағалаумен келіспейтінімді білдірдім. Мұғалімнің сөзінше, балаларды бөлуге болмайды екен. Одан бөлек, төмен баға алған баланың ата-аналары ұялы телефон, әлеуметтік желі арқылы мұғалімге дүрсе қоятын көрінеді. Содан қорқып, бала сабақ білмесе де бағасын көтермелеп қояды. Әділдік бағытындағы тәрбие осындай болса, басқаға не жорық?.. Жалпы білім жүйесінде ойландыратын жайттар жоқ емес, - дейді Адам Сағынұлы.

Әкім болу – халыққа жақын болу

Кейіпкерімізді жерлестеріміз Белес ауылдық округінің әкімі ретінде жақсы таниды. Ол кісі 2002 жылдан бастап он бес жыл бойы ауыл әкімі лауазымында еңбек етті. Қызметін жаңа бастаған кезде ауылда ауыз су тапшылығы, тұрғын үйлерде газдың жоқтығы, балабақшаның болмауы, дәрігерлік амбулатория мен ауылдық клубтың жөнделмеуі, мал жайылымының тапшылығы, бау-бақшаларды суаруға судың болмауы және т. б. жылдар бойы шешімін таппай, қордаланып қалған әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер болды. Тоқырауға ұшырап, шырайы кете бастаған ауылды қайта аяғына тұрғызу, халықтың жағдайын оңалту үшін А.Имашев бойындағы бар қажыр-қайратын жұмсады, күнде ала таңнан қас қарайғанша тынымсыз еңбек етіп, он бес жыл еңбек демалысының не екенін білмеді. Алдымен ауылды абаттандыру мен оның санитарлық-экологиялық жағдайын қалыпқа келтіру іс-шараларын жүзеге асырды. Мекемелер мен шаруа қожалықтарының басшыларын ұйымдастырып, техникаларды бөліп, елді мекендерді күл-қоқыстардан тазартты. Ұзындығы үш шақырым ескі су құбырын жөндетіп, мотор орнатып, тұрғындардың бау-бақшаларына су жүргізді.

Әкімдік қызметке кіріскен бойда ауылдағы үйлерге көгілдір отын кіргізуді қолға алды. Нәтижесінде белестіктер көмір тасып, күл шығару азабынан арылып, табиғи газдың игілігін көре бастады. «Ауыз су» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында елді мекендерді таза сумен жабдықтайтын жаңа жүйелер салынып, ауыл халқы сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз етілді. Ауылдық балабақшаның жаңа ғимаратының салынуына, дәрігерлік амбулатория, клуб, әкімшілік, ауылішілік жолдардың күрделі жөндеуден өтуіне ұйытқы бола білді. Ауыл көшелерін жарықтандыру, балалардың ойын алаңын абаттандыру, ұялы байланыс базалық стансаларын орнату, ауыл зираттарын қоршау жұмыстарын ұйымдастырып, жүзеге асырды.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамту мәселелері басты назарда ұсталды. Ауылда азық-түлік дүкендері, кафе ашылды, ескі монша қалпына келтіріліп, іске қосылды. Жаңадан бой көтерген «Белес-Агро» диірмені, «Жайық Мұнай» мұнай құю терминалы, «Батыс Пауэр» газтурбиналық электр стансаларындағы жұмыс орындарына жергілікті тұрғындардың орналасуы үшін көп шапқылады. Соның нәтижесінде ауыл азаматтар өндіріс орындарына тұрақты жұмысқа орналасып, жағдайларын жақсартты.

Ағамыздың ел үшін еткен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ол «Қазақстан Республикасы Президентінің "Құрмет" грамотасымен марапатталды, «ҚР инженерлік саласын дамытудағы үлесі үшін» және т. б. медальдарды өңіріне тақты. Сонымен қатар «Бәйтерек ауданының құрметті азаматы» атанды.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің»

IMG-20230921-WA0016

Адам ағамыздың көзінің ағы мен қарасындай болған қос ұлының бірі –  Артурдің айтуынша, олар бала кезден білім-ғылымға құштар болып өскен. Мектептегі жылдарын есіне алғанда әкесі шәкірттерін облыстық, республикалық пәндік олимпиадаларға жіті дайындағаны көз алдына келеді. Теориялық білім мен тәжірибелік шеберлікті тереңдету мақсатымен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарды, монографияларды, мақалаларды, ғылыми-зерттеу журналдарын, энциклопедияларды және т. б. Оқытатыны әлі жадында. Әкесінің пікірі бойынша үй тапсырмасын орындау кезінде тек мектеп оқулығымен шектелмеу керек, үнемі қосымша әдебиетті, анықтамаларды, хрестоматияны, газет-журналдарды зерделеу қажет. Әрбір сөйлейтін сөзді, істейтін істі, қабылдайтын шешімді алдымен ақыл таразысынан өткізіп алу –  әкеден мирас болған қасиет.

Серік Маратұлы, 

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале