Табиғатқа жаны құштар жанға табиғаттың берері де көп. Табиғатынан дұрыстық жолды ұстанған адам ғана мұратына жетеді. Біз сөз еткелі отырған ұлағатты жанның есімі көпшілікке таныс. Бар саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған ардагер ұстаздың өмір жолы өнегеге толы.
1951 жылдың 5 маусымында БҚО Қаратөбе ауданында дүниеге келген Халық Наурзалин жас кезіне оқуға зерек, білімге құштар боп өседі. 1968 жылы Қаратөбе орта мектебін ойдағыдай бітірісімен А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институты жаратылыстану факультетінің химия-биология мамандығы бойынша оқуға түседі.
Алғашқы еңбек жолы 1973 жылы Қаратөбе ауданының орталығындағы Мұхит атындағы Қаратөбе орта мектебінде мұғалімдік қызметтен бастайды.
Білгір маман ретінде бірден ортасына танылған Халық Қанатұлы 1974-80 жылдары аталмыш мектеп директорының бастауыш кластар, тәрбие, оқу ісі жөніндегі орынбасары лауазымына дейін көтеріледі. Одан соң 1980-87 жылдары аудан орталығымен іргелес орналасқан Үшағаш сегізжылдық мектебінің директоры, 1987-1994 жылдары Аққозы орта мектебінің директоры болып қызмет абыройлы қызмет атқарады.
Ал 1994-96 жылдары Қаратөбе аудандық білім беру бөлімінде әдіскер, инспектор, 1996-2007 жылы Мұхит атындағы Қаратөбе орта мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерінде болды.
Ұстаздық қызметте төгілген еңбек еш кетпеді. Әріптес, ұжым, ел арасында құрметке ие болып, алғыс арқалады.
Х.Наурзалин 2002 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, 2003 жылы Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының дипломымен, 2007 жылы облыстық балалар мен жасөспірімдер саяхаты және экология орталығының алғыс хатымен марапатталды.
2013 жылы Батыс Қазақстан облысында «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының ең үздік әдістемелік қызметі» атты байқауында қол жеткізген табысы үшін берілген дипломның орны ерекше. Сонымен қатар облыстық әдістемелік кабинеттің «Оқушылардың шығармашылық жұмыстарын дамыту және қолдану ісіндегі табыстары үшін» алғыс хаты да қоса табысталды.
Үндемі ізденіс үстінде жүретін жаңашыл ұстаз тыным тапқан емес. Қаратөбе өңірін зерттеуге байланысты жарық көрген «Өлкетану экологиясын зерттеу» атты еңбегі облыстық педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтынан кітапша болып басылып шықты. 2007 жылы жарыққа шыққан педагогикалық-әдістемелік зерттеу еңбегі облыс мектептеріне таратылды. Әрине, осы бір еңбектің педагог қауымға көрсетер бағыт-бағдары айрықша.
2007-2014 жылдары Қаратөбе колледжінде әдіскер қызметін абыроймен атқарған ол колледжде жүріп жоғары санатты әдіскер санатын қорғайды.
Қолы қалт етсе, кітап оқып, сурет салып, спортпен айналысып, табиғатқа шыққанды қалайтын Халақаңды қаратөбеліктер «Қаратөбенің экологі» деп те атайды.
Ал студенттік кезеңде Халақаңның бокспен шұғылданғанын кейінгі буын біле бермеуі мүмкін. Нақтырақ айтсақ, жастық шақта Оралдың «Буровестник» командасы құрмамында болып, бокспен айналысып, біраз белестерді де бағындыра білді. Бокспен шұғылдану Халақаңды шынықтырып қана қоймады, орасан зор табыс та әкелді. Нәтижесінде студенттік жылдар екпінімен қала, облыс чемпионы атанып, І разрядты сәтті қорғап шықты.
Біраз жылдан бері Қаратөбе ауданының флора, фаунасын зерттеп, күнделік жүргізіп отыруды дәстүрге айналдырған ардагер ұстаз зерттеу ісінен әсте жалыққан емес.
Отбасында зайыбы Маруаш жеңгей екеуі үш бала тәрбилеп өсірген мерейлі шаңырақ иелері. Балаларының бәрі де жоғары білімді, қызметте табысқа жеткен мамандар. Тұңғыш қызы кітапханашы-библиограф болса, екінші қызы Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласында бас мемлекеттік санитарлық дəрігер. Ал ұлы полиция бөлімінде қызметте. Дәстүр сақтап, елді мақтап, бақша баптап отырған қос бәйтерек жиен, немерелердің қызығын қызықтап отыр. Бақыттың базары деген – ұрпақ қызығы болар, сірә?!
Бүгінде мерейлі жетпіс жасқа толып отырған Халық Қанатұлы туып өскен мекені Қаратөбесімен мақтанады, марқаяды. Ел тарихына үңіледі, қолына қаламын алып, жаза түседі. Ондағы мақсаты – ұрпаққа елмұраны қалдыра білу. Жеке бастың емес, ел мүддесін ойлаған адам осындай болса керек-ті.
Ертай Бимұханов,
zhaikpress.kz