8.11.2022, 16:30
Оқылды: 246

Есенғали Дүйсекеев: «Сүйек ішіне ота жасамақпыз»

Қазақта «қай жерің ауырса, жаның сол жерде» деген тәмсіл бар. Расында, медицинаның қай саласы болмасын, адам жаны қысылғанда араша түсуге тырысады. Бүгін біз сөз еткелі отырған травматология саласы жасты да, жасамысты да айналып өтпейтін тақырып. Сонымен қатар айтып келмейтін апатқа ұшырағандар алдымен осы травматолог мамандардың көмегіне жүгінеді. Соңғы кездері біздің Бөрлі аудандық ауруханасында да күрделі оталар сәтті жасалып жатқанын жиі естиміз. Осы ретте біз аудандық травматология бөлімінің хирургі, кәсіби маман Есенғали Дүйсекеевпен тілдескен едік.

71cef7bd-8789-4a87-83dc-4a1bf482bfee

Травматология – бұл тірек-қимыл қызметінің зақымдануы туралы медициналық ғылым. Бұл сала жарақаттардың себептерін, оларды емдеу әдістерін және салдарын зерттейді, әлеуметтік сақтандырумен, қауіпсіздік техникасы, гигиена және еңбекті қорғаумен байланысты.

Ерте кезден-ақ аталмыш ауру тұрмыстық орта болғандықтан талайды толғандырған. Батыс елдеріне Авицина атымен белгілі ғалым – Ибн Сина медициналық энциклопедиясына түрлі жарақат, сыну және буын ауруларының емдеу жолдарын баяндаған. Х ғасырдың өзінде травматогиялық құралдарды қалай пайдалану керектігін суреттеп, көркем бейнелеген. Бүгінге дейін өз күшін жоймаған әдістердің біршамасы медицина саласында қолданылып келеді.

«Қазір үлкен кісілерге де ота жасауға мүмкіндік зор»

Есенғали Дүйсенбекұлы жас та болса, тәжірибелі маман.  Ол еңбек жолын осыдан 5 жыл бұрын Алматы қалалық №4 клиникалық ауруханада, №22 қалалаық емханада  хирург- травматог мамандығымен бастаған. Ал ауданымызға 2021 жылдан бастап, қызметке келген.

-  Жалпы, мен қызметке келгелі аудандық аурухана бөлімінде біраз күрделі оталар жасалып келеді. Ол туралы емхананың әлеуметтік желі парақшаларында да жарияланып жүр. Осы уақытқа дейін де, бұдан кейін де қолымыздан келгенше науқастардың емделіп, жақсы көңіл-күймен үйіне қайтуы үшін барымызды салып жатырмыз. Алайда олардың дені ауруын асқындырып, жанына қатты батқан шағында келеді. Көбіне біздің бөлімге егде жастағы кісілер жиі түседі. Оның бір себебі біздің аурухана арнайы балаларға арналмағандығынан да болар, - дейді дәрігер.

Дәрігердің айтуынша, жедел түрде түсетін науқастардың дені сынықпен келеді екен. Ал жоспарлы түрде емделетін буын аурулары, яғни артрозбен (тізе және жамбас буындарының деформациялы остеоартрозы) ауыратындар. Балаларда кездесетін оталарды облыс орталығындағы балалар ауруханасына алғашқы көмегі көрсетіліп, жолданады екен.

- Жедел түрде түсетін науқастарға тоқталып өтсем, олар көбіне сан сүйегінің мойын сынықтары сынған, жасы егде тартқан – қартайған кісілер және спортпен шұғылданатындар. Қазіргі таңда бұл жағдайды операция бойынша реттеп, науқастардың хал-ахуалын оңалтып жатырмыз. Бүгінгі таңда заманауи технологиялардың жетілу нәтижесінде жаңа әдістерді кеңінен пайдаланып, операция арқылы аяққа тұрып кеткен қарт кісілер де көп. Қазір регионалды анестезия кеңінен қолданылады. Бұл науқасқа да, ота жасаушы маманға да ыңғайлы, ауру есін жоғалтпайды, - дейді тәжірибелі маман.

27c7e68f-535e-472e-b866-22fb39ac7341

Бұрындары үлкен кісілер наркозға жарамаймын деп көп ем-домға келісе бермейтін. Ал қазір ұршығы сынғандардың дені операция әсерінен ауруынан айығып шығуда. Осындай кіші инвазивті оталарды ендіруге байланысты жас үлкен науқастардың жағдайының жақсару деңгейі өсіп, соған сәйкес өмір сүру ұзақтығы да артады екен.

- Мәселен, ұршық сынғанда гипс салу тиімсіз. Сол себепті уақытылы дәрігерге қаралып, операция көмегімен емделген дұрыс. Негізі мүмкіндікті қалт жібермей, денсаулыққа күтім жасау қажет», - деп кеңес береді Есенғали Дүйсенбекұлы.

«Күрделі оталар сәтті өтті»

-Ауданда жасалған күрделі оталар жайында айтар болсам, олар- оң жақ балтыр сүйектерінің бірнеше жерден жарықшақтанып сынуы бойынша жасалды және сүйектің сыртынан пластина қою арқылы да оталар жасалды. Бұл дегеніміз, бұрындары «Вытяжене» деп атайтын, яғни науқас айлап жатып, сүйектері созылғанын күтіп, осылайша созылған сүйек бірігіп, бітетін болған. Ол өте ұзақ уақытты алатын еді. Қазіргі жаңа технологияның арқасында ота жасалған 1-2 күнде науқас орнынан тұрады. Негізі бұл күрделі ота, бірнеше жерден сынған сүйектерді қалпына келтіру, оның үстіне ол науқас қант диабетімен ауыратын болып шықты. Бұндай ауруы бар науқаста сүйектің бітуі, жараның жазылуы өте ұзақ жүреді,-деді.

Айта кетейік, бұл жасалып жатқан оталардың барлығы үкімет тарапынан тегін түрде, мемлекеттік сақтандыру бойынша жасалынады.

-Аудандық ауруханада құрал-жабдықтар мейлінше бар. Десе де жыл басынан бері «С-дуга» деп аталатын рентгендік аппаратқа тапсырыс жасадық. Күткенімізге біраз болды, дегенмен жақын арада келеді деп хабарлама жасады. Ол аппарат келсе, сүйек ішіне, яғни жамбас, ұршық тб қиын оталарды жасауға мүмкіндік аламыз.

«Кальций жетіспеушілігінің алдын алу қажет»

Травматологтың айтуынша, аталмыш ауруға жиі шалдығатындар травмалық жарақат алудан бөлек, көбіне әйелдер екенін айта кету керек. Олар климакстан кейін, немесе қатты депрессиядан кейін осындай дертке шалдығып жатады. Бұл ауру организмде кальцийдің жетіспеушілігінен пайда болады. Ал үлкен кісілер жасы келген соң, оларда сүйек жұқару кезеңі басталады. Сондықтан травматологиялық аурулардың дені кальциймен тікелей байланысты екенін дәрігер айтып өтті.

- Дәрумендерге бай көкөністер мен сүт өнімдері кез келген аурудың алдын алады. Кальцийдің ағзада жеткілікті көлемде болғаны дұрыс, кальций балықта, тоңбада (холодец) көптеп кездеседі. Сондай-ақ қазіргі таңда халық газдалған сусындарды көп тұтынады. Ал бұл организмдегі кальцийді шайып кетеді. Әсіресе, жастар газдалған сусындарды көп ішеді. Бұл олардың денсаулығына кері әсерін тигізетіні сөзсіз, - дейді кәсіби маман.

Дәрігер халықты салауатты өмір салтын сақтап, жат әдеттерден алшақ болуға шақырады. Денсаулықты күте білу – жақсы өмір сүрудің басты кепілі. Күн сайын операция жасайтын дәрігер алдағы уақытта кімді не күтіп тұрғаны белгісіз, сол себепті қай жаста болмасын, медицина көмегіне жүгінуден бас тартпаған жөн екенін алға тартты. Сонымен қатар дәрігерден халық емшілігіне қатысты пікірін сұрағанымызда:

- Қазақта «ауруың сынық болсын» деген бар. Сынықтан басқа ауруды, онкологиялық, созылмалы аурулардың тәуіп жағалап жүріп емдеу мүмкін емес, қайта асқындырып алады, - деп жауап берді.

«Жас кезіңде тамақты дәрі сияқты талғап ішпесең, қартайғанда дәріні тамақ сияқты ішесің» дейтін тәмсіл бар. Сол себепті травматолог-дәрігер кез келген аурудың негізгі салдары дұрыс тамақтанбау салдарынан болатынын, сондықтан құнарлы тағамдарды тұтынуды дағдыға айналдыру қажеттігін қоса кетті. Маманның кеңесіне құлақ асып, денсаулықты күте білейік!

Сәнім Меңдібай,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале