Кестеліктәртіпке сәйкес Шыңғырлау ауданы көлеміндегі барлық округтерде есептік кездесулер өткен болатын. Сейсенбі күні Ақтау, Ардақ және Ақбұлақ ауылдарында, ал сәрсенбінің сәтті күнінде аудан орталығында және Ащысай ауылында округ әкімдерінің есептері тыңдалды. Кездесулерге аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова, ауыл тұрғындары, мекеме, ұйым басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Округ әкімдері өз баяндамаларын баяндап, басты көрсеткіштерді халық назарына слайд арқылы көрсетіп отырды. Сұрақ-жауап форматында өткен жиындарда Ақтау ауылының тұрғындары Шыңғырлау-Ақтау бағытындағы жолды жөндеу және ауылдағы ұялы байланыстың сапасын жақсарту қажеттігін көтерсе, Ардақ ауылында ауылға медицина саласының маманы қажеттігі, жарық желілерін жаңарту мәселері көтерілді. Ал көлемі жағынан үлкен, халқы көп болғандықтан Шыңғырлау ауылдық округінің әкімі баяндама барысында әлеуметтік, ауылшаруышылық, құрылыс және абаттандыру салаларына жеке-жеке тоқталды.
Өткен есептік жиындарда жиі көтерілген мәселелердің бірқатары шешімін тауып, округ әкімінің биылғы жұмыс жоспарына енгізілген екен. Атап айтқанда, аудан орталығында балалар спорт ойын алаңдарын салу, су ағатын арықтардың құрылысын жүргізу, Жаңакүш елдімекеніне ұялы байланыс орнату, Жаңакүш, Қызылкөл, Ұрысай, Шоқтабай ауылдарын қосымша жарықтандыру мәселелері биылғы жылда жүзеге аспақ. Ащысай ауылында да тұрғындар тарапынан жедел жәрдем көлігін алып беру, көшелерге жарық орнату мәселелерін көтерді.
Тұрғындардан түскен барлық ұсыныстар мен сұрақтарға аудан басшысы, округ әкімдері және тиісті сала басшылары жауап берді. Әр ауылдық округте өткен есептік жиыннан соң тұрғындар жеке мәселелерімен аудан әкімінің қабылдауылда болып, өздерін толғандырған сұрақтарына толыққанды жауап ала алды.
Аман Сағи,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz