Қазақ халқының дастарханы бай да берекелі. Ықылым заманнан тағамға ерекше мән берген ұлтымыздың ұлттық тағамдары өте көп. Олардың барлығы да денсаулық пен күш береді. Халқымыз кәделі әрі орны бөлек тағамдарын ет пен сүттен жасаған. «Ағы бардың бағы бар» дейді қазақ.
Ұлтық тағамдардың түрлерін дайындап, оны брендке айналдырудың өзі бір өнер. Бүгінде ұлттық тағам түрлеріне сұраныстың артуына сеп болып, елдің алғысына бөленіп жүргендердің бірі – Ақмарал Қошқарбаева.
Бала күнінен даланың дәмін жеп өскендігі, әке-шешесінен көргені, қарт әжелерден естігені өсе келе, есейе келе казақтың ұлттық тағамына деген қызығушылығын арттырды.
Бүгінде «Ақмаралдың ақ дәмдері» деген атауы, өзіндік эмблемасы бар ұлттық дәм – жент, қызыл ірімшік, рафаэлло, қайнатқан тәтті май құрт, кептірілген бал құрт, ащы құрттар, қаймақ, бал қаймақ, май, сүзбе, қолдың ірімшігі аудан-ауылдарды аралап, ақ дастарханның дәмі мен сәнін келтіруде.
Ақмарал Тарғынқызының алғашқы тапсырыстарды нан жаймаларынан басталған болатын. Тапсырыспен той-томалақ, құдалық, қонақтықтарға астың нанын илеп беріп жүрді. Бір-екі жылдан бері сүт өнімдерін сатуды қолға алды. Сүт өнімдерін түрлендіріп жасағандықтан, саттыққа сұраушылардың саны арта түсті.
– Сүттен жасалатын түрлі дәмдерді «Ақмаралдың ақ дәмдері» деп атаумен неге шығармасқа деген ой келді. Сөйтіп, жаңа атаумен, жаңа тыныспен сатыла бастаған сүт өнімдерінің шығып келетініне бірер жылдың жүзі болыпты. Былтыр шұжық өнімдерінің шеберлік сағатына қатысып, оқып келдім. Сүт өнімдерінен бөлек ұлттық тағамдарды жасап жүрмін. Соның ішінде жылқының қарнына сиыр және жылқы етін салып қарын бүрме, қимай өнімі, әсіп, үлпершек, сиырдың аш ішегі мен тоқ ішегінен шұжықтар, жылқының қартасынан шұжықтар жасаймын. Ішкі құрылыстардан жасалатын өнімдерге көп мән беріп жүрмін. Себебі көбі малдың іш құрылысын жемейді және онымен қоймай, қоқысқа да тастай салады, - дейді ол.
Жуырда облыста өткен «Тойбастар-2024» облыс көлеміндегі іскер әйелдер және қолөнершілер этнофестиваліне аудан атынан Ақмарал Қошқарбаева қатысып келді. Қолынан шыққан ұлттық тағамдар мен ақ дәмдерін, шұжық, қимай, қарта шұжықтар, тағы да басқа өнімдерін көрме мен жәрмеңкеге апарып, Сырым елінің атынан ұсынды. Халық таза, табиғи өнім – ұлттық тағамдарды ықыласпен сатып алды. Жент, қызыл ірімшік, рафаэлло, қайнатқан тәтті май құрт, кептірілген бал құрт, ащы құрт, қаймақ, бал қаймақ, май, сүзбені қалалықтар таласа алыпты.
– Ұлттық дәмді брендке айналдыруды бастағандағы мақсатым – ұлттық тағам, ұлы даланың дәмі әр дастарханнан табылса екен дедім. Бүгінде қыз-келіншектер дайын өнімдерді сатып алуға құлықты. Ұлттық тағамға деген қызығушылығым, түрлі өнімдерді жасауға деген құмарлығымды арттырды. Ата-бабамыз жеп, денсаулық пен күш-қуат алған қазақтың ұлттық тағамын келер ұрпақ білуі тиіс. Біліп қана қоймай, сүйіп жеп өссе деймін. Ұлттық тағам брендіне бәрінің де қолы жететіндей етіп дамытуды көздеймін. Болашақта Ақмаралдың ұлттық дәмінің таралу аясы да, түрі де дамып, кеңейе түседі. Ешқандай химиялық қоспасыз, 100 пайыз табиғи өнімді кеңінен таратуға ден қойдым. Егерде маған біреу «Қазақтың дәм-тұзын, қазақтың тілін неше пайыз білесің?» - деп сұраса, мен 10-15 пайыз ғана білетінімді айтар едім.
Себебі, қазақ ұлтының тілі, дәмі, салт-дәстүрінің шет-шегіне жету мүмкін емес. Қазақ ұлтының әлемдік деңгейде жақсы атының шығуы, бауырмалдық, жомарттық пейілінің кеңдігі, ел басқара алатын көсемдігі, сөз бастай алатын шешендігі, қол өнердің шеберлігі менің ойымша жетер биігіне жеткен жоқ. Әлі де дамытуды, танытуды қажет етеді. Өнерлі қыз, жігіттер ұлтымыздың осындай қадірлі де қасиетті, табиғи өнерін дамытуға атсалысса деймін, - дейді Ақмарал Қошқарбаева.
Шынар Молданиязова
Сырым ауданы