28.12.2023, 10:00
Оқылды: 48

«Ешкімге ренжімеймін»

Бүгінгі қоғамда көбісі белгілі бір дәрежеге, мансапқа, байлыққа қолы жеткен адамдарды ғана еңбек адамы деп санайды. Шынына келгенде табысы аз болса да, сонымен күн көріп жүрген жандардың да істеп жүргені еңбек. Қай уақытта да еңбектенбеген жан адам болмайды. Күнделікті тамағыңды жеу үшін, адам аянбай тер төгуі керек.

ЕҢБЕК АДАМЫ 1

Әр мамандықтың қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Мамандық таңдаудан жаңылыспау, таңдаған мамандығыңды, жасаған жұмысыңды шын ниетпен беріліп жасау, мақсат пен міндет қойып, діттеген нәтижеге қол жеткізуді көздеу маңызды.

ЕҢБЕК АДАМЫ 2

Еңбектенген адамның ерен еңбегі мен жетістігі ешқашан елеусіз қалмайды. Нәтиже мен жемісті  жұмыстың артында  адам баласының үздіксіз қызметі мен маңдай тері жатыр. Бүгінгі мақаламыз естіп, көріп жүрген мұғалім, дәрігер мамандықтары емес, көп айтыла бермесе де ең маңызды саналатын, күнделікті жүретін көшеміздің, үйіміздің жанындағы қоқыс жәшіктерінің тазалығына жауап беретін жұмыскерлер туралы. Мақаламыздың кейіпкері Андрей Чернозубов. Оның көлік жүргізуші болып жұмыс істеп келе жатқанына 13 жылдан асыпты. Соның ішінде 11 жылдан бері қоқыс жинайтын көлікті айдап келе жатыр екен.

ЕҢБЕК АДАМЫ 3

Андрей Ақсай қаласында 2010 жылдан бері жұмыс жасайды. Ол әскерден келе сала көлік жүргізуші болып жұмысқа кірген екен. Содан бері осы салада еңбек етуде.

2012 жылдан бастап қоқыс таситын көліктің жүргізуші болып жұмыс істеп келе жатыр. Қазіргі уақытта «Ақсай Таза Сервис» ЖШС-де жұмыс жасап, отбасын асырап келеді.

- Көп жылдан бері осы салада еңбек етемін. Үйреніп те кеттім. Жұмысымыз жақсы. Күнделікті қаланы аралап, қоқыстардан тазалаймыз. Біз қоқыс жәшігін көтеріп алып, төгеміз. Қасымызда бір оператор жүреді. Олар жерге шашылып қалған қоқыстарды жинайды. Аптасына 6 күн істеп, 1 күн демаламыз. Бұрын екі күн демалатын едік. Бірақ 2 күннің ішінде қоқыстар толып кетіп, оларды жинастыру да қиынға соғады. Жұмыс таңертең 8.00-ден кешкі 18.00-ге дейін. Жалақымыз да жақсы. Істеген күнімізге қарай аламыз, - дейді кейіпкеріміз.

Андрейдің негізгі мамандығы автомеханик. Бірақ мамандығы бойынша жұмыс жасап көрмеген. Қазіргі таңда үш баланың әкесі. Үлкені он екіде болса, кішісі бір жаста. Жолдасы қазір бала күтіміне байланысты үйде екен.

- Қаланың барлық жеріндегі қоқыс жәшіктерінің айналасы таза болады деп айта алмаймын. Кей көшелердің тұрғындары тұратын жерлерінің айналасын таза ұстайды. Ал кейбір көшелер шашылып жатады. Арнайы жәшіктерге қоқысты дұрыс лақтырмайтын адамдар да бар. Күнделікті өмірде көптеген оқиғаны көреміз. Көлікте отырып, қоқыс салынған дорбаларын лақтыра салатын адамдарды да кездестіреміз. Кейде кішкентай балаларды үлкен қоқыстарды лақтыруға жібереді. Олар оны контейнерге көтеріп сала алмай, қасына тастап кетеді. Содан көшедегі иттер оның бәрін аралап тастайды. Осындай жағдайларға байланысты қоқыс айналаның бәріне шашылып жатады, - дейді Андрей.

Андрей адамдардың қоғамдық ортада қоқысты жөнсіз лақтырып, ластауына артық ештеңе айта алмайтындығын, себебі бұл өзінің жұмысы, міндеті екендігін жақсы түсінетінін жеткізді. Екі тілде де еркін сөйлейтін Андрей  бәрімен де тіл табысқыш.

«Ешкімге ренжімеймін», - деді.

Жастарды былай қойғанда үлкендердің де мұндай әрекетке баратынын көзіміз көріп жүр. Дегенмен өзіміз өмір сүретін ортаны ластау, денсаулығымызға қауіп төндіру болып саналады. Бұны бірі түсінсе, енді бірі түсінгісі келмейді де.

- Бізде 23 адам жұмыс жасайды. Оның ішінде алтауы көлік жүргізуші, қалғаны операторлар. Сонымен қатар 6 техникамыз бар. «Ақсай Таза Сервис» ЖШС 2022 жылдың көктемінде ашылды. Мен осы фирма ашылғалы жұмыс жасап келемін. Жұмысқа қабылдау, көліктерді тексеру, қоқыс алынбаған жерге көлік жіберу – менің міндетім. Қоқыс контейнерін алып тастау керек, үйімнің қасында тұр, алып тастаса,  «қайта қойыңдар» дейді біреулері. Осындай арыздар түсіп тұрады. Бірақ бұл біздің жұмыс емес. Біз тек қойылған жерді тазалап кетеміз. Жұмыс негізі қиын. Бірақ та жұмысшылар жұмысын жақсы атқарады. Таңнан кешке дейін күннің ыстығына, суығына, жаңбырға қарамай, қаланың тазалығы үшін еңбек етуде. Жұмысшылардың жағдайлары жақсы, барынша қамтамасыз етіп отырмыз. Арнайы киім, түскі ас, жеткізу жағы бәрі қаралған. Жұмысшылардың түскі асын фирма өзі төлейді, - дейді өндіріс директоры Азат Қожаниязов.

 

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале