Ол кезде мен Алматы қаласындағы Абай атындағы Еңбек Қызыл Ту орденді Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі ҚазҰПУ) көркемсурет факультетінде, екінші курста оқып жүргенмін.
Ұмытылмас сол бір күндердің есімде қалған сәттеріне көз жүгіртіп, тарихты ортаға салайын. 1986 жылдың 16 желтоқсан күні, сағат 8.00-де бірінші сабақ педагогика әдістемесінен семинар сабақ болатын. Оқу орнының жертөлесінде сабаққа жиналып жатқанбыз. Квартирадан келетін студенттердің бірі (кім екені есімде жоқ) "Қазақ ССР Компартиясының бірінші хатшысы Д.А.Қонаевты алып тастап, орнына бір орысты қойыпты, кеше телевизордан айтты, не істейміз?" деді. Өзі ме, әлде басқа курстастардың бірі ме, "Көтеріліске шығу керек" деген сөздер айтылғаны есімде. Апай келіп, сабақ басталып кетті. Ол кісі де біздің қойған сұрағымызға мардымды жауап бере алмады.
Екінші сабақ "окошко" болатын, жатақханаға қайтып келе жатқанда есік алдында милиционерлер жүрді. Мен жігіттердің соңында келе жатқанмын, бір қазақ милиционер жігіт "Жастар алаңға кетіп бара жатыр ғой, қосылмайсыңдар ма?" деді. Мен оның сөзіне мән бермей, жігіттердің соңынан ішке кірдім. Сол кезде көше жақтан жастардың айқайлаған дауыстары естілді. «КазПИ - позор! Қорқақтар, шығыңдар, қосылыңдар!» деген сөздер қатты намысқа тиді. Сөйтсек, шеруге шыққан жастар Совет көшесінде орналасқан оқу орнының бас ғимаратының алдына келіп, есіктері тарс жабылған ғимараттың ішіндегі жастар сыртқа шыға алмай, сырттағы жастар ішке кіре алмай, реніштерін білдіріп, жатақхананың тұсынан өтіп бара жатты. Бөлмедегі жігіттерге жаңағы милиционердің айтқанын жеткізіп едім, олар да «кеттік» деп қолдай кетті. Арамызда "қойыңдар" деп қарсы шыққандар да болды, бірақ бір топ жігіт сыртқа шықпақшы болдық. Есікті жауып тастапты, бізді вахтаның алдынан органның адамдары мен ұстаздарымыз жібермей қойды.
Содан екінші қабатқа көтеріліп, терезеден секіріп, қашып шықтық. Бұл кезде шеруге шыққан жастар легі Совет көшесінің бойымен ЖенПИ-ға (қазіргі ҚызПУ) бет алып барады екен. Біз қосылдық, жолшыбай басқа да жастар қосылды, шерушілерді тоқтатпақ болған ішкі істер бөлімінің қызметкерлерінің әрекетінен түк шықпады. Ұстап алып, машинаға мінгізіп алмақшы болса, топырлаған жастар құтқарып алып жатты. Намысы оянған жастар олардан еш қаймықпады.
Бейбіт кетіп бара жатқан шерушілерге біреулер таяқтар үлестіріп, қаруландыра бастады. Көшедегі автобустарды тоқтатып, әбес қылықтар көрсетті. Ұмытпасам, Абай даңғылына жеткенде қолындағы таяқтарымен бір ғимараттардың терезелерін қиратқаны есімде. Сөйтсек бұлар арнайы қосылған арандатушылар екен. Не керек, сол кездегі Мир (қазіргі Желтоқсан) көшесімен алдымызда күтіп тұрған тосқауылды бұзып, Брежнев атындағы жаңа алаңға шықтық.
Алаңда да біраз адам жиналған екен, келесі жақтан, Фурманов көшесімен тағы жастардың легі келіп қосылды. Үкімет үйіне қарай баратын жолды солдаттар мен милиция қызметкерлері тізбектеліп жауып тұрды. Трибунаға үкімет адамдары шығып, жастардың тарауын өтінді. Ал жастар Д.А.Қонаевтың орнынан не үшін босатылғанын, неге басқа ұлттың адамы басшылыққа сайланғанын түсіндіруді талап етті. Халықтың арасынан бір әйел адам және біздің факультетте бізден бір курс жоғары оқыған (аты есімде жоқ) бір жігіт трибунаға шығып, жиналған жастардың талабын жеткізді.
Бастапқыда бәрі тыныш, бейбіт түрде өтіп жатқанмен органның адамдары шетке шыққандарды ебін тауып, ұстап әкетіп жатты. Мен де абайсызда көпшіліктен бөлініп, трибунаға қарай жақындап кеткен сәтімді пайдаланып, еңгезердей екі орыс жігіті жоғарыдағыларға допша лақтырды. Трибунаның үстіңгі жағында тұрғандар әрі қарай тартып алып, тепкінің астына алды. "Прекратить немедленно, убьете его" деген дауыс тоқтатпағанда шынымен өлтіріп тастар ма еді!? Тұрғызып, өз-өзіме келгенде, әскери киімдегі, иығында погоны бар бір қазақ офицерінің ұрсып жатқанын байқадым. "Жедел жәрдем» машинасына апарыңдар" деген бұйрықпен екі жігіт екі қолымнан ұстап алып келе жатты.
Үкімет үйінің алдында толып тұрған машиналарды көрген кезде тез есімді жиып алдым да, құлаған жерде көзілдірігім қалып қойғанын айттым. Сол кезде жаңағы офицер де артымыздан айқайлап менің көзілдірігімді көрсетті. Қасымдағы жігіттің біреуі көзілдірігімді алып келуге солай қарай беттеді. Осы кезде екіншісі алаңдап басқа жаққа қарағанын пайдаланып, мен көпшілікке қарай қаша жөнелдім. Қашып келе жатқанамды көрген бір топ жігіт жүгіріп келіп мені құтқарып алды.
Бейбіт шеруді тағы да арандатушылар келіп бүлдірді. Жоғары жақтың бұйрығымен қорғаныс тізбегінде тұрғандарға дөрекі сөздер айтып, басындағы бас киімдерін жерге лақтырып, ашу-ызаларын тудырды. Осы кезде қақтығыс басталды. Бұл кезде қасымда курстас қыз-жігіттерден басқа ауылдас жерлестерім Мұхтар Нұрланбаев, Қайырболат Гайсин, Марат Шаймарданов т.б. жігіттер де бар болатын. Қақтығыс кезінде қасымдағы бірге барған адамдардан көз жазып қалдым. Ешкімнің көзіне түспейін деп қараңғы көшемен келе жатқанмын, көшенің келесі бетіне өтпекші болғанда бір жеңіл машина тоқтай қалды. Қазақ жігіті екен, қайда бара жатқанымды сұрады. Түріме қарап, алаңнан келе жатқанымды білген болу керек, сол жақта тұратын апа-жездемнің үйіне апарып салды. Жуынып, жылынып, тамақтанып алғасын "қонып кет" деген сөздеріне қарамай жатақханаға кеттім. Себебі қасымдағы жігіттердің қайда екені, алаңдағы жағдайдан кейін кім қандай күйде екені мені қатты алаңдатты. Қас қарайып жатақханаға келгенімде сабақ беретін мұғалімдер әр бөлмені аралап, түсінік жұмыстарын жүргізіп жатты. Біздің жасаған іс-әрекетіміз үлкен саяси қателік екенін айтып, сабамызға түсірмекші болды..
Бірақ келесі күні жатақхана студенттері топтасқан түрде Комсомол көшесін бойлап, Ленин даңғылымен алаңға бет алды. Кураторымыз - марқұм Қайырғали ағай, тағы басқа мұғалімдер алдымыздан шығып, бізді тоқтатпақ болды. Бірақ жастарды райынан қайтару мүмкін емес еді. "Менің Қазақстаным" әнімен Жаңа алаңды бетке алған жастарды әнші Роза Бағланова апамыз тәртіп бұзбауға үгіттеп жүрді. Алаңға жақындағанда автобустың төбесіне шығып бір ақын ағамыз өлеңмен жастарға рух беріп жатты. Біз алаңға жеткенде жиналғандар саны бірінші күнге қарағанда екі-үш есе көп екен. Трибунаның үстінде, төменгі жағында қаптаған формалы адамдар. БТР әскери техникасына ерген әскери машиналардан қаруланған солдаттар түсті. Осы кезде алаңға шыққан жастар мен биліктің сойылын соғушылардың арасында қатты қақтығыс басталып кетті. Қолдарындағы сойылдарымен, саперлік күректерімен қаннен қаперсіз тұрған жастарды жігіт, қыз деп қарамастан аяусыз ұрып-соға бастады. Жабайы иттерше бір адамға 4-5-еуден жабылып сабап жатқан "жендеттер", айнала у-шу, азан-қазан шыңғырған дауыстар. Алаңға өрт сөндіруші машиналар келіп, жастарға су шаша бастады. Үсті-басымыз малмандай су, күн салқын. Құлап, қолға түскендерін қойша сүйреп, автобустарға тиеп әкетіп жатты. Кейін білдік, ұсталғандарды неге қамамады десек, Алматыдағы қамау абақтыларына сыймағандықтан біздерді ұрып-соғып, автобустармен қала сыртына апарып тастаған екен. Қақаған аязда, қатты жарақат алып, қасымдағы жігіттердің көмегімен жатақханаға жеттім, бірақ ол жігіттер кім екені әлі есімде жоқ. Бөлмедегі жігіттерге "Ұстап алып қамап тастай ма деген қорқынышпен қашып-пысып, тас қараңғы жеті түнде жан сауғалап, жетер жерімізге әрең жеттік" - депті. Жатақханаға келсем әбден таяқ жеп, бірін-бірі жұбатқан жастар, бөлмелерді аралап жоқ студенттерді іздеп жүрген жора-жолдастары, қаралы үйге жиналғандай үрпиісіп отырған қыз-жігіттер. Алматыға арман қуып келген жастардың өте бір сүреңсіз, қайғылы сәттері осы күндер шығар. Аллаға мың алғыс, таяқ жегендері болмаса бәрі де аман екен.
«Жедел жәрдем» шақыру, немесе жарақатыңмен дәрігерлік көмекке жүгіну сол кезде болып жатқан жағдайларға байланысты қауіпті болғандықтан, әркім өз мүмкіндігінше жан сауғалауға мәжбүр болды. Марқұм кураторымыз Қайырғали Омарбеков деген ағайымыз жатақханаға келіп, түрлерімізді көріп, шошып кетті. Таныс дәрігерін алып келіп, ешкімнің көзіне түспей бір бөлмеге жатып, емделуімізге кеңес берді. Алла разы болсын, бірінші аман қалғанымызға, сосын сол ағайымыздың арқасында оқуымызды аман бітіріп шыққанымызға тәубә.
Әрине қаншама қазақ жастары құрбан болды, қаншасы оқудан шығарылып, жұмыстан қуылды, қаншасы әлі сол зұлымдықтың зардабын шегіп жүр?! Сол кезде алаңға шығып, желтоқсан куәгері болған жандар ол кездерді еш естерінен шығармайды. Болашаққа бұрмаланбай жетуі үшін желтоқсан көтерілісіне қатысқан әр адам өз естелігін жазып қалдыруы керек. Ал менің есімде қалған желтоқсан естелігінің қысқаша мазмұны осындай.
Жанболат Ешов,
Теректі ауданы,
Абай ауылы
Абай атындағы ЖОББМ көркем еңбек пәнінің мұғалімі