С.Жақсығұлов атындағы орта мектепте белгілі қоғам қайраткері, ауданның құрметті азаматы Сатқали Сапаровты еске алуға арналған шахматтан жасөспірімдер арасында ашық біріншілік өтті. Оның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Талғат Шакиров пен пен аудандық Тілдерді дамыту және спорт бөлімнің басшысы Замир Борисұлы ел ағалары мен марқұмның ұрпақтары қатысты.
Алдымен қонақтар Жастар ресурстық орталығы ғимаратындағы ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойып, марқұмды бір минут үнсіздікпен еске алды. Содан соң жарыстың ашылу салтанатына қатысты.
Алдымен сөз алған аудан әкімінің орынбасары Талғат Шакиров айтулы тұлғаның өмір жолдарына қысқаша тоқталып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сатқали Сапарұлының ұрпақтарының демеушілігімен жасаған жарысқа аудан мектептерінен барлығы 25 жасөспірім қатысып бақтарын сынады.
Жарыс нәтижесінде қыздар арасында Аия Елеукенова І орынды қанжығасына байласа, Наргиза Идрисова ІІ, Назерке Намазова ІІІ орынды қанағат тұтты. Ұлдар арасында Марлен Сапаков асығы алшысынан түсіп, І орын иеленсе, Батыр Жақсығұлов ІІ, Әлімбек Ермеков ІІІ орыннан көрінді.
Жарысқа қатысушылар Сатқали Сапаров қоғамдық қорынан естелік сыйлықтар мен алғыс хаттарға ие болса, І орынға ие болғандар 15000 теңге, ІІ орынға 10000 теңге, ІІІ орынға ие болғандар 5000 теңге ақшалай сыйлықтармен мараппаталды .
Айта кету керек Сапаров Сатқали 1928 жылы дүниеге келген. Ұлы Отан соғысының ардагері. Отты жылдарға 14 жасынан куә болып, кейін Жаңақала, Бөрлі аудандық қаржы бөлімдерінде, аудандық кеңестің атқару комитетінде басшылық қызметтерде істеген.
1967 жылдан өмірінің соңына дейін Жаңақала, Камен аудандық комитетінің бірінші хатшысы қызметін абыройлы атқарған. Ауданның экономикасын, әлеуметтік жағдайын көтеріп, нығайтуға өлшеусіз еңбек сіңіргені үшін «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды. Оның құрметіне Жаңақала, Тасқала аудандарында көше атаулары берілген.
Оның есімін тасқалалықтар жақсы біледі және құрмет тұтады.
Гүлмира Мақонова,
Тасқала ауданы,
zhaikpress.kz