30.05.2022, 9:45
Оқылды: 36

Ескерілмей қалған ардагер

1985 жылдың қыркүйегінде «Жаңақала» кеңшары коммунистерінің жалпы жиналысында бірауыздан сайланып, комитеттің хатшысы қызметін атқарып жатқан кезім еді. Кабинетке ұзын бойлы, қапсағай денелі, жасы 70-ке таяған, бірақ бойын әлі тік ұстайтын қария кіріп келіп, комитет хатшысының жаңа жұмысына тілек тіледі. «Мен сенің әкең Бисенғалиев Өтешқалимен бірге сонау 50-жылдары Мәстексайда МТС құрылысында, «Ленин» ұжымшарында қызметтес болғанмын. Жұмысты жақсы істе!» деп кабинеттен шығып кетті. Кейіннен сұрастырсам, шынында да, заманның сан алуан қиын тұстарында әкеммен қызметтес болған, осы жердің байырғы тұрғыны Мақсот Жұмағалиев деген қария екен.

IMG-20220529-WA0121

Ақсақалдың өмір деректеріне көңіл аударатын болсақ, ол Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала уезі №8 Тұрдығұл ауылдық кеңесі аумағында 1918 жылы дүниеге келген. Сол жердегі мектепті бітіргеннен кейін заманның қиындығына орай еңбекке ерте араласады. Еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін жалпыға бірдей ауылдағы таусылмайтын күйбең тұрмыстың жетегінде болды. «Ел үшін, Отан үшін, халық үшін» деген ұранмен өмір қазанында қайнады. Кішігірім жылғадан басталған тіршілік оны үлкен өмір арнасы – арналы өзенге, теңізге үйіріп әкетті.

1937 жылы ұжымшардағылар ұжымшар төрағасы етіп сайлады. Сөйтіп, Мәкең 1937-1939 жылдары Жаңақала ауданына қарасты Тұрдығұл ауылдық кеңесі аумағында орналасқан «Екпінді» ұжымшарында 2 жыл төрағалық етті. Әрине, ел басқару ісі оңайға соққан жоқ. Басқарудың тетігін тез қалпына келтірген жас, жігерлі басшы ел адамдарының алдында көріне білді. Ал 1939 жылы ол қызыл әскерге шақырылып, 1940 жылға дейін Белорусь әскери округінде 205-гаубицалық артиллериялық  полктің қызыл әскері сапында алғашқы әскери дайындықтан өтеді. 1940-1941 жылдары Балтық жағалау әскери округіндегі 140-гаубицалық артиллериялық  полкінде дайындықтан өткен. 1941-1943 жылдары Мәскеу, Волгоград әскери округінде танкке қарсы оқ ататын зениталық 861 ауыр қарудың командирінің орынбасары, командирі қақында сұрапыл соғысқа кірісіп кетеді. Ал 1943-1944 жылдары Воронеж, Батыс майдандарында танкіге қарсы оқ ататын артиллериялық дивизионда 755 ауыр қарудың командирі болып, әскери қызметін абыроймен атқарады. Оның ұрыс даласында Отан қорғаудағы ерен еңбегін ескере отырып, Тацин гвардиялық танк корпусы партия комиссиясының шешімімен 1944 жылы сәуір айында СОКП қатарына мүшелікке қабылдады.

1944-1946 жылдары Челябі қаласында ауыр артиллерия №33 оқу полкінде батарея старшинасы болып, Ұлы Отан соғысын аяқтайды. 1946 жылы соғыс аяқталғаннан кейін елге аман-есен оралады. Ал 1947-1949 жылдары жаппай ауыл шаруашылығы кадрларын толық дайындықтан өткізу курсын Орал қаласында өтеді. 1949 жылдан бастап үздіксіз бүгінгі «Мәстексай», «Жаңажол», «Жаңақала» кеңшарларының сол кездегі ескі құрылымдарында зоотехник, ферма меңгерушісі, мұнай базасының меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарады. Ол соғыс кезіндегі ерліктері мен бейбіт өмірдегі еңбегі үшін көптеген орден-медальмен марапатталған. Оның ішінде: ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Кеңес Одағының Маршалы Г. Жуков», «Германияны жеңгені үшін» «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 25 жыл», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған. Үкімет пен ауыл шаруашылығы құрылымдары Мақсот ағаны қандай жұмысқа жұмсаса да, мойыған адам емес. Қайта жігерлене түсіп, осы қызметтің бәрін абыроймен атқара білген жан.

Ұлы Отан соғысы және жасампаз еңбек ардагері М. Жұмағалиев 1999 жылы 81 жасында өмірден өтті. Дегенмен еңбек еткен кездерінде, өндірісте болсын, тұрмыста да адамдармен тез тіл табысып, қарапайымдылықтың үлгісін көрсете білді. Артында жақсы істері мен қатар, салиқалы сөздері қалды.

«Жақсылыққа тасыма,

Қиындыққа жасыма,

Бақыт тіле бағым деп,

Бас иеңнің басына» деп ақыл сөзін айтып жүретін еді.

Оның саналы өмірін бұл күнде қыздары Хамия, Сахимадан, ұлы Серіктен өрбіген 13 немере мен 24 жиен-шөбересі жалғастыруда. Мақсот әкенің беделі мен абыройлы қызметі Мәстексай, Жаңажол, Жаңақала шаруашылық құрылымдарында сол кезде бірге қызметтес болған Меңдібай Мырзабаев, Салық Дүйсеғалиев, Серік Қарақұлов, Жұмағали Сүлекешов, Әжібай Әубекеров, Әпекен Жүсіпова, Аманғали Әжимов, Орынғали Тілеубергенов, Дүйсенбай Суқанов, Нәсіпқали Бекесов, Файзолла Қошқарбаев, Дүйсенбай Кенжеғалиев, Рақым Дәулетов, Ораз Айтқалиев сынды танымал азаматтардың ортасында өтті. Оны көре қалған кейінгі буын, еңбек ардагерлері – Серікбай Әйіпов, Меңдібек Зейнеуов, Жетпіс Оңғаров, Рамазан Бірімжаров оның қызметін жоғары бағалап, үнемі ризашылықпен еске алады. Ақсақал абыройлы да ардақты өмір сүрді. Бұл күнде оның өмірі мен Отан қорғаудағы ісі өз елінің, халқының абыройын жоғары қоя білген нағыз патриот аға ұрпақтың өкілі ретінде кім-кімге де үлгі. Өмірде жинақталған таусылмас күш-қайратын, ақыл-ой һәм іс-тәжірибесін өз халқының жарқын болашағы мен игілігіне арнаған ардақты азамат еді. Сұрапыл соғыста жаумен арпалысып, ел қорғаған жауынгер, бейбіт өмірде ауыл шаруашылығы құрылымдарын ұйымдастыру мен дамытудың хас шебері атанған Жұмағали Мақсоттың есімі жасай бермек.

Тыныштық Өтешқалиев,

өлкетанушы, 

Жаңақала ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале