29.09.2020, 16:37
Оқылды: 69

Естен кетпес сол күндер

1925 жылы Күйгенкөл ауылындағы колхозшылар отбасында өмірге келген Мұхтар Жұмағалиев еңбек жолын осы ауылдағы «Жасқайрат» колхозында қарапайым жұмысшы болып бастады. Кейін Күйгенкөл селолық кеңесінің хатшысы болып істеп жүрген кезінде 1943 жылы әскер қатарына шақырылды.

жеңіс 12

Соғыстың қайнап тұрған шағында ол Кеңес әскерімен бірге талай шайқастарға қатысты. Кеңес жауынгерлері 1944 жылдың шілде айында Батыс Украинада жауға қарсы кезекті стратегиялық шабуылға шығады. Бұл Кеңес әскерінің сол жылы дұшпанға қарсы жасаған алтыншы соққысы еді. Осы шабуылдардың нәтижесінде біздің әскерлеріміз Ковель, Ровно, Сарны қалаларына қоса, Батыс Украинадан фашистерді қуып шығып, Польша жерін азат етуге кіріседі. Ұрысқа екі айдан астам уақыт дайындық жүргізіледі. М.Жұмағалиев минометшілер полкінде бөлімше командирі болатын. Полк алдыңғы шептегі атқыштар дивизиясының құрамына берілген еді. Мұхтар басқаратын бөлімшеге минометтер атқылайтын нысаналардың координаттарын белгілеп, хабарлап отыру міндеті қойылады.

Үлкен шабуыл 24 шілде күні таңсәріде басталады. Бұлар шабуылға шыққан алдыңғы шептегі жаяу әскерлердің қатарында жүреді. Зеңбіректер мен минометтердің, авиацияның соққысы нәтижесінде неміс-фашистерінің окоп, блиндаждары талқандалып, көптеген адам күші шығын болады. Шабуыл күн батқанша толастамай, бірінші күні біздің әскерлер он бес шақырымдай ілгері жылжиды. Сөйтіп атқыштар дивизиясы бір қала мен оннан астам деревняны азат етеді. Бірақ соғыстың аты – соғыс. Шабуыл кезінде Мұхаңның жақсы көретін досы, украин жігіті, взвод командирі, лейтенант Иван Зубенко жау оғынан қаза табады. Батыр жауынгер ертеңіне таңсәріде өзінің туған жетінде сый-құрмет көрсетіліп, салтанатпен жерленеді.

Үш күн ұрыстан кейін Кеңес Одағының жері артта қалып, 26 шілде күні біздің әскерлер Польша аумағына кіреді. Осы жерде еліміздің батысындағы шекара бағаналарын орнатуға қатысады. 30 шілде күні Висла өзеніне келіп тіреледі. Өзеннің арғы жағында немістер күшті бекініс жасап, қорғанысқа көшеді. Висла – ені бір шақырымдай, терең, ағысы қатты өзен. Ол Карпат тауынан бастау алып, Балтық теңізіне құяды. Кеңес әскерлеріне өзеннен өтіп, мықты плацдарм жасау міндеті қойылады.

- 1944 жылдың 2 тамызы. Қараңғы түн. Шабуылдың мақсаты – өзеннен өтіп, Польшаның астанасы Варшава қаласын азат ету. Біздің жауынгерлер екі жақтан жауып тұрған оқтың астында құрылған понтон көпірлер арқылы және қайықтармен өзеннің арғы бетіне өтіп, жаумен кескілескен ұрыс жүргізді. Плацдарм үшін шайқас бірнеше тәулікке созылды. Фашистер күніне әлденеше рет қарсы шабуылға шығып, біздің әскерлерді өзенге түсіріп жіберуді көздеді. Бірақ олардың бұл пиғылы іске аспады. Кеңес жауынгерлері плацдармды бермеді. Өзеннен сегіз шақырым батысқа қарай жылжып, қорғаныс шебін жасады. Ұрыс бірнеше күнге созылды. Кей күндері жау біздің дивизияға қарсы сексенге жуық танктерін де жұмсады. Алайда кеңес әскерлері басып алған шептерін бермей, ерлік қимылдар көрсетті, бір метр де кейін шегінбеді. Фашистердің көбі жер жастанып, қалғандары тұтқынға түсті. Тамыз айының сегізі күні плацдарм үшін болған осындай ұрыстардың бірінде мен ауыр жараланып, госпитальге түстім. Үлкен шабуылдың он алты күні осылай өтіп, есімде қалды, - деп отыратын майдангер ағамыз.

Шекарадан өтіп, Польша жеріне кіргеннен кейін біздің әскерлер Люблин деген қаланың маңында Майданек концлагерінің үстінен шығады. Бұл 1941 жылдың көктемінде неміс-фашистерінің адамдарды қыруға арнап жасаған көп лагерлерінің бірі болатын. Мұнда гитлершілдер сан мыңдаған адамдарды айуандықпен азаптап өлтіреді. Майданекті 1944 жылы кеңес әскерлері қиратады. М.Жұмағалиев емделіп жатқан госпиталь Майданек лагерінен жиырма бес шақырым жерде тұрған-ды. Сол жылдың желтоқсан айының ішінде госпитальдағы жаралы жауынгерлер концлагерьді көруге барады. Оның құрылысын аралап, төбе шаштары тік тұрады. Фашистерге деген өшпенділіктері өрши түседі. Емделіп шыққаннан кейін, 1945 жылдың қаңтар айының басында ол тағы да майданға кіреді. Оның бұл сапары кеңес жауынгерлерімен бірге Польшаның астанасы Варшава қаласын жау тырнағынан азат ету ұрыстарына ұласады...

Мұхаң әскерге алынған 1943 жылдан 1956 жылға дейін, яғни он үш жыл бойы Түстік Орал, Бірінші Белорус, Мәскеу, Қиыр Шығыс әскери оеругтерінде әртүрлі жауапты қызметтер атқарады. 1956-58 жылдары Карпат жағалауы әскери округінде батальон командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары болады. Әскери қызметтен босатылғаннан кейін туған елге оралып, 1958-1987 жылдар аралығында Жәнібек аудандық ДОСААФ комитетінің төрағасы, Калинин атындағы колхоз партия ұйымының хатшысы, азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Қазақстан Компартиясы аудандық комитеті идеология бөлімінің нұсқаушысы, саяси-ағарту кабинетінің, үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, «Қайрат» совхозы кәсіподақ комитетінің, сондай-ақ ауыл шаруашылығы және дайындау қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетінің төрағасы, аудандық «Октябрь туы» газетінің әдеби қызметкері, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болып істеді. Жоғары дәрежелі білім алды. 1950 жылы В.И.Ленин атындағы Ярослав әскери-саяси училищесін және КОКП Орталық Комитеті жанындағы жоғары партия мектебін сырттай оқып бітірді.

Осы жолдардың авторы кезінде Мұхтар ағамызбен 1983-87 жылдар аралығында, яғни ол дербес зейнеткерлікке шыққанға дейін сол кездегі аудандық «Октябрь туы» газетінің редакциясында бірге қызметтес болды. Онымен жұмыстас болған кезде оның жоғары іскерлік қабілетін, біліктілігін, адамдарға деген ізгі де сезімтал көзқарасын жақсы білді. Сонымен қатар Мұхаң жұмыс бабындағы міндеттерін де ұқыпты атқарып, елеулі белсенділік көрсетті. Шынайы бедел мен құрметке ие болды. Бірнеше мәрте аудандық, селолық кеңестердің депутаттығына, партия, кеңес органдарының құрамына сайланды. Оның Отан қорғаудағы, ел алдындағы сіңірген еңбегі лайықты бағаланып, «Қызыл Жұлдыз» орденімен, бірнеше медальмен, құрмет грамоталарымен атап өтілді. Құрметті демалысқа шыққаннан кейін де ол ауданның қоғамдық-саяси өмірінен қол үзбей, оған белсене қатысты. Мұхтар Жұмағалиев өзін үлгілі отбасы ретінде де таныта білді. Екі қызы мен бір ұлын лайықты тәрбиеліп өсіріп, оқытып, бәрінің де жоғары дәрежелі білім алуына жетіскен-ді.

 

Асқар Құсайынов,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале