12.04.2022, 14:45
Оқылды: 161

«Еститін Үкімет»: бұқара үні билікке жетеді ме?

Халық үніне құлақ асатын мемлекет турасында ҚР Президенті Қ.Тоқаев 2019 жылы сөз еткен болатын. «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында ел Президенті билік бұқараға мейлінше жақын болуы керек деді. Арада төрт жылдай уақыт өтті. Бүгінгі таңда жағдайымыз қалай? Президент тапсырмасы орындалып жатыр ма? Алысқа шаппай. Теректі ауданына көз жүгіртіп көрелік.

4b86f988-31e8-4af8-875a-927618468c0d

«Еститін үкімет» тұжырымдамасын жан-жақты қарастыруға болады. Дейтұрғанымен, қазір әлеуметтік желілердің заманы. Қазір халық өз пікірі мен талабын, сұранысы мен өтінішін желіге жазып, орналастыра алады. Бірақ оған атқарушы билік қаншалықты дайын деген сауал туындайды.

Халық тарапынан туындаған сауалға жауап беру үшін біріншіден атқарушы биліктің танымал деген (мысалы Фейсбук, Инстаграмм) желілерде парақшалары болуы тиіс. Мысалы, Теректі ауданына қарасты округтердің бүгінгі хәлін сіздерге айтып өтейік. Новопавлов ауылдық округінің фейсбук парақшасы наурыз айында жаңартылған. Мемлекеттік емес, ресми тілде ақпарат салынған. Қазір сәуір айының орта шені десек, жағдайымыз ғажап деуге келмейді. Ақсоғым ауылдық округінің парақшасы тіптен 27 қаңтар күнімен өз жұмысын тоқтатқан.

Көптеген ауылдық округтердің фейсбук желісіндегі парақшалары  Наурыз мерекесінен кейін жаңартылмаған. Яғни ауылда мерекеден кейін еш жаңалық болмаған деген сөз. Көрер көзге солай әйтеуір. Дәл осындай жағдай Ақсуат, Шаған, Ақжайық, Шалқар ауылдық округтерінде байқалады.

WhatsApp Image 2022-04-12 at 11.23.41

Ал Подстепный, Шағатай, Долин ауылдық округтері Президенттің Жолдауы бағытында дайындалған суреттер һәм ауылға көп қатысы жоқ хабарландыруларды өзге парақшалардан  көшіріп салумен шектелген.

Богданов ауылдық округі мен Ұзынкөл ауылдық округінің парақшалары атауын мемлекеттік тілге ауыстырса дейміз. Ұзынкөлдің парақшасы «тірі» парақша деп айта алмаймыз. Ауылдағы жаңалықтарды Макка Мухсинова есімді фейсбук қолданушысы ауылдың ресми парақшасын белгілеу арқылы жүргізеді екен. Яғни ресми парақшаның  осы жерде нендей керегі бар деген сауал өздігінен санада көлбеңдейді.

003cff07-b686-471f-8c02-1333baac5d9e

Ауылдық округтердің фейсбуктегі парақшаларын саралап отырып,  Приречный ауылының парақшасын таба алмадық. «Еститін үкімет» қағидасын Приречный ауылдық әкімдігі естімей қалған шығар деген ойда қалады екенсің.

Фейсбуктегі округтердің парақшаларын бір шолып өтіп, Покатилов пен Федоровка ауылдық округінің ресми парақшалары өзгелерге қарағанда бір қадам ілгері жұмыс жасап тұрғанын байқадық. Иә, Покатилов жиі болмаса да оқтын-оқтын ауылдағы жаңалықтарды, яки ауыл тұрғындарына маңызды деген хабарландыруларды жариялап тұрады екен.

Қарап тұрсақ, желілерде туындаған тұрғындардың сауалы былай тұрсын, ауылдық округтердің ресми парақшаларының хәлі мәз емес. Ресми парақша дамымаған округ тұрғындардан келіп түскен сауалдар мен өтініштерді сараптап үлгереді ме? Теректіліктердің базынасына тиесілі округтер емес, көбіне Теректі ауданы әкімдігі парақшасы жауап беріп жатады. Бағамдасақ, шенеуніктер халықпен ашық диалог құруға келгенде шорқақ.

Әлеуметтік желілерді түгесіп, аудан айнасына қарай бұрылайық. Аудандық газет бетінде өзекті мақалалар лек-легімен жарияланғанмен, ресми сол мақалаға жауап берейінші, олқылықтың орнын толтырайық деген атқамінер жоқ. «Шерімді шенділер естісе» деп редакция  есігін қағатындардың базынасын газет бетіне жариялап, одан қорытынды болмағасын Президент тапсырмасын алдыға тартып желілерге саламыз. Сол кезде сәл-пәл сең қозғалғандай болады. Мысалы, «Чемпион тәрбиелейміз десек» атты мақалада аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешеніндегі спорттық құралдардың  ескі-құсқы екендігін алдыға тартқан болатынбыз. Не болмаса, «Альтаирдан кейінгі айқай» атты мақалада аудан орталығындағы үш қабатты көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының зарын жеткізгенбіз. Үн қатқан адам, тырс еткен дыбыс шықпады.

WhatsApp Image 2022-04-12 at 11.23.40

Жалпы, біз осы естімейтін әкімдер мен үнін шығармайтын бөлім басшылары көп бола тұра, «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын қалай жүзеге асырғалы отырмыз? Соған таңымыз бар. Әйтсе де, парақша ашып алып, сауалға жауап беруден қашатын, газеттегі мәселеге пысқырып та қарамайтын шенділер осы мақаланы оқыр ма екен?

«Еститін үкіметтің» сарбаздары? Естисіздер ме?

Әділет Орынбасарұлы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале