Жәнібек ауданында актив жиыны өтті. Басқосуға «EXPO-2017» халықаралық көрмесін түсіндіру-насихаттау мақсатында облыстық кәсіпкерлік және индустриялдық-инновациялық даму басқармасы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Бауыржан Сатқалиев, «Skyway» компаниясы «EXPO» бөлімінің басшысы Фархад Азимов пен менеджері Перизат Мұсағалиева қатысты.
Жиында Перизат Жеткергенқызы аталған шараның маңыздылығына тоқталды.
– «EXPO-2017» көрмесі үстіміздегі жылдың 10 маусымынан 10 қыркүйегіне дейін Астана қаласында өткізілетіні баршаңызға белгілі. Бұл – 2017 жылдың ең ауқымды іс-шарасы. Көрмеге 115 ел және 18 халықаралық ұйым қатысады. Аталмыш шараны 5 миллионнан астам көрермен тамашалайды деп жоспарланып отыр. Көрмеде жаңа инновациялар мен ғылым саласының табыстарын көруге, шет мемлекеттердің мәдениетімен танысуға мүмкіндік аласыз. Астанада «Болашақ энергиясының мұражайы» атты павильон бой көтереді. Ол сегіз қабаттан тұрады, әр қабатта әртүрлі энергиялар зерттеледі. Сонымен қатар Астана қаласында 93 күн ішінде 3000 мыңнан астам ойын-сауық іс-шаралары өтеді, - деді «Skyway» компаниясының менеджері.
Оның мәлімдеуінше, тұрғындар осындай ауқымды іс-шараны көру үшін EXPO-2017 халықаралық көрмесінің ресми туроператоры саналатын «Skyway» компаниясы арқылы келу пакеттерін сатып ала алады. «Келуші» пакеті 4000-8000 теңге аралығын құрайды. Мұның ішіне кіру билеті мен көрмеге дейінгі трансфер жатады. Кіру билеті, көрмеге дейінгі трансфер және үш жұлдызды қонақүйде бір күн тұру мүмкіндігі бар «Делегат» пакеті 25 мың теңгеден басталады. Ал «Оқушылар» пакеті 26 мың теңгеден басталады, мұнда кеңейтілген мүмкіндіктер қарастырылған.
Перизат Мұсағалиеваның айтуынша, Skyway» компаниясы ұсынатын қызметтер туралы толығырақ ақпаратты [email protected] сайтынан білуге болады.
Басқосуға қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға меймандар жауап берді. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Біржан Қуанәлиев қорытындылады.
Д.ЗЕННАТ
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz