Жақында Фатима Сұпығалиева туған жері Оралға оралды. Чемпионды облыс және аудан басшылары, туыстары мен бапкерлер ыстық ықыласпен қарсы алды. Іс-шараға Теректі ауданы әкімінің орынбасары Темірболат Сағынгереев, БҚО Дзюдо федерациясының президенті Рустам Шайхиев, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Лунара Сердалиева, сондай-ақ спортшының туысқандары қатысты.

Темірболат Сағынгереев өз сөзінде Фатиманың жеңісін Теректі ауданы мен облыстың үлкен мақтанышы екенін атап өтті. Ал Рустам Шайхиев жас спортшының табандылығын жоғары бағалап, оның жеңісін өңірдегі дзюдо мектебінің жетістігі ретінде атап өтті.
Ауданымыздан шыққан жас дзюдошы Фатима Сұпығалиева III Азия жасөспірімдер ойындарында алтын медаль жеңіп, ел намысын асқақтатты. Фатима спорттағы жетістіктерімен ғана емес, тәртіп пен табандылығымен де жас буынға үлгі болып отыр. Біз спортшының спортқа келу жолы, жаттығу процесі және жеке өмірі туралы сұхбат алдық.
– III Азия жасөспірімдер ойындарында алтын медаль алу сіз үшін нені білдіреді?
Бұл медаль көбісі үшін жай бір кусок металл болуы мүмкін. Бірақ мен үшін ол әрбір жаттығуда төккен терімнің, әр көзден аққан жасымның, салмақты ұстап, ешкімге байқалмайтын еңбегімнің көрінісі.
– Финалда Милена Боруболотовамен кездесу кезінде ең қиын сәт қандай болды?
Кездесу тек 16 секундқа созылды. Ойымдағы әдісті жасап, иппон тыстап, жеңіске жеттім. Сол сәт өте есте қалды.
– Жарысқа дайындық барысында ең көп көңіл бөлген жаттығыңыз қандай болды?
Әр жаттығуға бірдей дұрыс ниетпен дайындалып, бар көңілімді салдым десем болады.
– Сіз туған жеріңіз туралы айтып берсеңіз…
Мен Теректі ауданының Подстепное ауылында дүниеге келдім. Қазір де сол жерде тұрамын. Облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің 10-сынып оқушысымын. Мектебім керемет: мұғалімдер әрдайым қолдау көрсетіп, сабақтан қалсаң да түсіндіріп береді.
– Дзюдоға қызығушылығыңыз қалай пайда болды?
Әкем кішкентайымда, дүниеге келгеніме 40 күн болмай кеудемді көтерген кезде: «Осы қызым спортсмен болады»,-деген екен. Алғашында әкем мені гимнастикаға берді, бірақ ол спорт менікі емес екенін түсіндім. Балалықта әкем мен көкемнің жетістіктеріне қызығып, спорт әлеміне тартылдым. Алғашында ата-анам қарсы болды, бірақ Қазбек көкем сөйлескеннен кейін олар да қолдады. Дзюдомен 9 жасымнан айналысамын.
– Алғашқы жаттықтырушыңыз кім еді?
Алғашқы бапкерім – әкем. Екінші бапкерім – Уналов Ерлан, ол да әкемнің шәкірті. Әкем маған дзюдоның әдемілігін, тәртіп пен дисциплинаны, әр әдістің қиындығы мен ұзақтығын үйретті.
– Спорттан тыс уақытта немен айналысасыз?
Кітап оқығанды, ән айтқанды және сурет салғанды ұнатамын.
– Өзге спортшылардан үлгі тұтасыз ба?
Иә. Алғашқысы – дзюдоны шығарған Дзигаро Кано. Сондай-ақ Джоширо Маруяма да техникасымен танымал. Менің сүйікті әдісім – Учи матаның шебері.

– Дзюдода ең бастысы не: физикалық дайындық па, әлде психологиялық төзім бе?
Дзюдо ең алдымен тәртіп пен дисциплина. Спортта мықтыны ақылмен жеңуге болады. Партерде жеңіс 70% психологияға байланысты. Көп спортшылар осыны ескермей қалады.
Фатиманың бұл жеңісі – оның еңбегі мен төккен терінің, бапкерлер мен отбасының сенімі мен қолдауының жемісі.
Әдемі Ғазизова
Теректі ауданы