Теректі ауданы әкімінің орынбасары В.Кушнердің төрағалық етуімен мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіпкерлікті дамыту турасында жиын өтті. Жиынға облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының міндетін атқарушы С.Нұрмағанбетов және Теректі ауданы әкімі М.Мұқаев қатысты.
Отырыс барысында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында аудан кәсіпкерлеріне толық мәліметтер берілді. Қатысушылардың айтуынша, бағдарлама аясында бірінші кезекте жұмыссыз азаматтарға тегін кәсіби білім беру, сондай-ақ қайта даярлауға мұқтаж азаматтарды қысқа мерзімді оқыту курстарына тартуға мүмкіндік туады.
Облыстық «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалының кеңесшісі Ш.Сарсенова бағдарламаның басым бағыттарын тілге тиек етті. Ал облыстық «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ филиалының кеңесшісі Б.Өтебалиева қор қызметінің бағыттары мен құрылымы, кәсіпкерлерге ұсынылатын қолдау-көмектер жайында баяндады.
Теректі ауданына бекітілген бизнес-тренер З.Идгеева «Бастау» бизнес жобасы жайында айта кетті.
- Аталмыш жоба ауыл тұрғындарын кәсіпкерлік дағдыларына, соның ішінде ауыл шаруашылық кооперативтерін құру принциптеріне оқытуға, сондай-ақ бизнес-жобаларды сүйемелдеуге бағытталған. Жоба аясында ауыл тұрғындарын, жұмыссыздар мен өзін өзі жұмыспен қамтығандарды, өз бизнесін ашқысы немесе кеңейткісі келетін азаматтар оқытылады. Оқу аудан орталығында, яғни Федоров ауылында өтеді. Курстың ұзақтығы – 1 ай. Айта кетейін, көпшіліктің сұрауы бойынша оқыту курсы Ақжайық ауылында да ұйымдастырылуы мүмкін.
Әділет ОРЫНБАСАРОВ
Теректі ауданы
zhaikpress.kz