Бөрлі ауданында «Жайық толқыны» өлкетану фестивалі «Мәңгілік ел» патриоттық акциясын жүзеге асыру шеңберінде және «Менің Отаным - Қазақстан» туристік-өлкетану экспедициясының «Халықтық салт-дәстүрлер, өнер» бағытында өткізілді.
Қатысушылардың жас ерекшелігі - 13-15 жас аралығын қамтып, сәндік-қолданбалы, әдеби-шығармашылық, көркемдік-эстетикалық бағыттар бойынша ауданның негізгі және жалпы орта білім беретін 15 мектебінен 84 оқушылар қатысып, өз шеберліктерін көрсетті. Барлық қатысушылар фестивальдің таңдап алған бағыттары бойынша үйден әзірлеп келген дайын жұмыстарын қорғады, жұмыс үлгілерінің нұсқалары мен жиынтығына мінездеме беріп, дайындалу техникасын түсіндірді.
Мысалы, «Жас суретші» мен «Жас шебер» номинациялары бойынша «Сиқырлы балалық шақ» тақырыбында 5 жұмыстан әкелсе, «Жас қаламгер» номинациясы бойынша «Орал өңірі» газетіне 100 жыл!» тақырыбында суреттеме жазып, «Жас дизайнер» номинациясы бойынша «Ұлттық нақышта өрнектелген балалар киімі» тақырыбында киім шеруін ұйымдастырып, «Жас талант» номинациясында Батыс Қазақстанда тұратын халықтардың ертегілері бойынша «Ертегілер – халық даналығының айнасы» тақырыбында көрініс көрсетіп, ал «Жас аспаз» номинациясында өңірімізде тұратын халықтардың «Дастархан дәмі – киелі» тақырыбында ұлттық тағамдарының 3 түрін дайындап, өзара сынға түсті.
«Бұл фестиваль - аудандағы ең ауқымды шаралардың бірі. Жеке тұлғаның бойына рухани адамгершілік қасиеттер мен мәдени құндылықтарды сіңіруге баулу мақсатында өтіп жатқан фестиваль шығармашыл, дарынды балаларды анықтап қана қоймай, олардың шығармашылығын, әлемді тануға деген құштарлығын ояту болып табылады», - дейді аудандық жас туристер станциясының директорының әдістеме жөніндегі орынбасары Аида Иманғазиева.
Алты бағыт бойынша өткен фестивальде мына қатысушылар жеңімпаз атанды: «Жас суретші» бағыты бойынша Бақыт Сұлтан, «Жас шебер» - А. Саматова, «Жас қаламгер» - Ж.Сисенова, «Жас дизайнер» - А.Сәлімгереева, «Жас аспаз» - Р.Тажиева, «Жас талант» бағыты бойынша №5 орта мектебі бірінші орынға ие болды. Осы аталған жеңімпаздар облыстық кезеңге жолдама алды.
Аида ЕСЕНАМАНҚЫЗЫ
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz