Қазақстанның түкпір-түкпірінде өтіп жатырған ақ кимешектілер шеруі ауданымызға да жетті. Теректі аудандық «Қазына» коворкинг орталығында «Қазақ аналары-Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің отырысы өтті. Ақ кимешекке оранған аналар кітапхана жұмысымен танысып, ақтан дәм татты.
Ұлттық құндылықты ұлықтап, төл дәстүрді дәріптеу мақсатындағы республикалық жобаның негізін қалаушы – продюсер, көпбалалы ана Айнұр Жүгінісова.
Сол республикалық бірлестіктің облысымыздағы филиал жұмысын бір жылдан бері дөңгелетіп отырған Күләш Қуанышқалиева.
«Қазақ аналары – Дәстүрге жол» ұйымның өз мойнына алған миссиясы - ұлт дәстүрін жаңғыртудағы әйел-ана ролін көтеру арқылы ұлттың баянды, кемел болашағын қамдау. Ұрпаққа ұлттық құндылығымызды, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды насихаттап, тәлім-тәрбиенің өзегі ету.
Осы орайда ауданымызда да «Қазақ аналары - Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің филиалы ашылды. Филиал төрайымы болып аудандық аналар кеңесінің төрайымы Аягөз Айтқалиева тағайындалды.
Жиын барысында «Қазақ аналары - Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің БҚО филиалының төрайымы Күләш Қуатқызы ұйым жұмысы, жаңа жобаларымен таныстырып, аудандық филиалға сәттілік тіледі.
Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz