20.03.2020, 16:25
Оқылды: 67

Француз қызы ғашық болған бөкейлік сарбаз

Отыз бір жыл ғана ғұмыр кешкен Қадем Жұманиязовтың партизандық ерлік істері, майдандағы қаһармандығы өз алдына бір тарау болса, осы бөкейлік майдангердің махаббат хикаясының өзі бір кітап, не мелодрамалық фильмге жүк боларлық.

  1. 7288362A-3813-42CD-8DC2-898C82E40B0B

1941 жылы көппен бірге майдан даласына аттанған Қадем Жұманиязов тағдыр тәлкегімен неміс тұтқынына бір түскенде екі түсіп, тамұқтан қашып шығып, партизандар қатарына қосылады.  Майдангер ағамыз қарсыласу қозғалысының құрамында жүріп, бас тігіп, жау жасағына тап бергендері, неміс тұтқынындағыларды азат етудегі бастан кешкендерін күнделік қылып хаттаған екен. Партизан жорықтары, жүріп өткен қалалар туралы соғыс жылнамасын қалдырды деуге болады. Күнделікті неміс, француз және қазақ тілдерінде аралас жазған. Күнделіктің сауатты жазылғанынан автордың қаншалықты зиялы, мәдениетті кісі болғанын ұғу аса қиын емес. Қадем ағамыз үшін бұл блокноттар тек жолсапар жазбасы емес, сөздік болғанға ұқсайды. Өзіне беймәлім сөздерді жазып, түсініктемесін түртіп алып жүрген.

Zhenis 2

Майдан даласындағы жорықтармен қатар күнделіктен жүрек жазбасы, француз бикеші Элен Гюстанға арналған ғашықтық хаттары да орын алыпты. Екеуінің таныстық тарихы театрдан басталған. Спектакль алдында екі бикеш Қадем мен оның досынан әлдебір сөздерді аударып беруін сұрайды. Екі бикештің бірі Элен еді. Сол спектакльдің не туралы болғанын кім білген, ал Қадем желке тұсында отырған бикешті тағы бір мәрте көрсем деген алапат құштарлығын тізгіндеумен алысып бақты. Элен ол кезде 22 жастағы Марсельдегі медицина институтының студенті еді. Тулузада анасымен бірге тұрады екен.

«Егер мен ақын не драматург болсам, сол бір қызды қалай сүйетінімді айдай әлемге жария қылған болар едім. Ол да мені шексіз сүйді. Мынау жарық дүниеде бір-бірін шексіз сүйген біздей жандар сирек болар...» деп жазады.

Театрда табысқан қос ғашықтың бақыты ұзаққа созылмады. Соғыс бітіп, Жеңіс туы желбіреді. Ғашық Қадемнің алдында екі таңдау тұрды. Бірі – Эленге деген махаббат болса, екіншісі – Отан-анасы еді. Неміс тұтқынында болған жауынгерлерді мадақ-марапат, жайлы өмір күтіп тұрмасын, қайтара Францияға жолы түспесін де сезді. Десе де, үміті болды. Төрт жылға созылған қан майдан, сансыз құрбанның құны болған Ұлы Жеңіс бәрін ақтар, бәрі тең бағаланар деп сенді. Толарсақтан қан кешіп, жау тамұғын көрген партизан Қадем Отанына оралуды құп көрді. Еліне тезірек оралу үшін офицер шенінен де бас тартты. Егер офицер болса, Франциядан соңғы кеңес әскері аттанып кеткенше сол елде қалар еді.

Ал Элен бикеш ғашығынан қол үзіп қалғысы келмеді. Қадеммен Парижге келген Элен жасырынып барып, Кеңес елшілігіне жолығады. Қандай ел, қандай ортаға баратынын білмесе де, кездескен кедергілерден «қыңқ» демей өтуге бар-ды. Күндігі үшін қолынан келмейтін жұмысты да атқарып, үйсіз-күйсіз көшіп жүруге де шыдар еді. Тек қасында Қадемі болса болды. Елшілік рұқсатын алу үшін бар болғаны Элен мен Қадемнің заңды некеге отырулары керек. Бірақ Қадем қарсы болды. Кеңес елінде француз бикешіне оңай болмайтынын түсінді.

«Элен! Қоштасар сәт келді. Біз Париждегі Аустерлицкий вокзалына келіп жеттік. Кеңес әскерлері пойызбен туған елдеріне кетпекші. Біз ертерек кеп қалыппыз. Кафеге бас сұғып, перрон кезіп, уақыт өткізіп жүрміз. Сен жылауыңды тоқтатпайсың. Сені жұбата алмай далмын, тіпті менің «қайта ораламын» деген уәдем де жұбатар емес. Дүкенге кірдік. Мен саған күйтабақ сатып алып бердім. «Мені сағынған сәттеріңде «Шабада» әнін тыңдарсың дедім. Махаббатым менің, мен сені әр кезде ойлайтын боламын. Париж вокзалындағы перроннан қол бұлғап қалған нәзік бейнең жүрегімнен мәңгіге орын алар. Кеш мені, аяулым. Біз міндетті түрде қайта қауышамыз. Сен соған!»

Қадем сол кеткеннен бірден елден бір-ақ шыққан жоқ. Франция аумағында айлап жүріп қалады. Бірақ Эленмен кездесуге жол іздемеді. Ғашығының қан жылаған жүрегіне қайтадан үміт сыйлап, маздатқысы келмеді. Бар болғаны жүрек сағынышын күнделік бетіне сыйғызды.

«Қымбатты Элен! Көріспегенімізге бес ай болды. Кешір мені, махаббатым! Өзіммен бірге алып кете алмадым. Мен үшін тозақ отын кешіп, қиналғаныңды қаламадым. Мені тезірек ұмытып, жақсы бір жанның етегінен ұстағаныңды қалаймын. Сен мені ойлайсың, сағынасың. Оны жүрегіммен сезінемін. Мен сені сүйем, өмір бақи ұмытпаймын. Күндердің күнінде мен саған ораламын... Сенің Қадемің»

Бөкейлік Қадемнің жүрек сөздері хат болып, Франциядағы Эленнің қолына тимеді. Күнделікпен ғана шектелді.

Қан майданнан аман оралған қаһарман Қадемнің ғұмыры қысқа болды. Беймәлім жағдайда 31 жасында опат болды.

P.S: Қадемнің қазасы, Эленнің тағдыры кез келген оқырманның қызығушылығын оятары анық. Құмды ауылдан шыққан қаһарман Қадем ержүректігімен көзге түсіп, талай марапатқа ие болған. Майдангердің махаббат дастаны емес, ерен ерлігі ескеріліп, энциклопедияға енгені жөн болар еді.

Ұлпан Әнуарқызы

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале