Орал футзал лигасы ұйымдастырған байрақты бәсекелер де мәреге таяды. Қыс бойы қала паркеттерінің шаңын қаққан футзалшылар көп ұзамай мықтыларды анықтап, үздік ойыншыларын марапаттайды.
Үздік әуесқой аяқдоп шеберлері жарысының екінші лига А дивизионында өнер көрсеткен Бәйтерек ауданы Рубежка ауылының командасы чемпионатты екінші орынмен аяқтады. Тоғыз матч өткізіп, алтауында жеңіске жеткен рубежин жігіттері бір мәрте тең түсіп, екі ойында жеңіліс тапқан.
- Облыс чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оңай ойын болған жоқ. Қарсыластарымыз да мықты командалардан болды. Жарыс ұйымдастырып, өз күшімізді сынауға мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға рахмет. Ойындарда 42 гол соғып, өз қақпамызға 30 гол өткізіп алдық. Енді алда өтетін жарыстарда қорғанысты күшейтіп, чемпион атануға тырысатын боламыз, - дейді «Рубежка» командасының жетекшісі Марат Абишев.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz