Бос уақытында инстаграм әлеуметтік желісін ашпайтын адам аз шығар, сірә?! Сол сияқты, мен де бірде телефоныма кіріп кетердей болып, посттарды қарап отырсам, жекеме түрлі хаттар келіп түсіпті. Басым көпшілігі «ешқайда шықпай, интернет көмегімен ақша табу», «үйде отырып, табыс тапқыңыз келсе...», «жұмыс әлеуметтік желіде, тіркеліңіз» деп келеді. Әрі «Ешқандай зат сатпайсыз, адал табыс, ақша салмайсыз» деген хаттар адамды өзіне тартып тұратыны белгілі. Мән-жайды білмек ниетте жұмысқа шақырған жандардың бірімен тілдесіп көрген едім. Белгілі бір компанияның өнімдерін сатып алып, артымнан бірнеше адам тіркеу қажет екенін айтты. Кейбірі тіпті бір немесе бірнеше желі арқылы ақша тауып, осы бизнес жолына бел шеше кірісіп кеткенін де көз көріп, құлақ естіп жүр. Желілік маркетингте сіз өзге үшін жұмыс істейсіз, яғни, сіз өзіңізден кейін адам шақыру арқылы жоғарыда тұрған адамның қалтасын томпайтасыз. Сосын сатқан тауарыңыз бен адам тіркегеніңіз үшін компаниядан үлесіңізді аласыз. Бұл сізді қаншалықты табысқа жетелейді немесе керсінше... Өзіңіз ой таразысына салып көріңіз.
Иә, қолына бір бума ақша ұстап отырып, «Мен миллионер қалай болдым», «Ешқайда шықпай-ақ, үйде отырып табыс тапқыңыз келе ме?» деген жарнамасымен әлеуметтік желілерді жандырып жүргендердің қазір қарасы қалың. Көрген көз қызыға қарайды, міндетті түрде әлгінің парақшасына кіреді. Парақшада осыған дейінгі және алдағы табыстары мен жетістіктері міндетті түрде көрсетіледі. Тауып жатқан ірі көлемдегі сомасына сілекей шұбырып отырғанда, «мына нөмірге хабарласыңыз, мен сізге қалай ақша табу керек екендігін көрсетемін» деген сөзден кейін көрсетілген WhatsApp нөміріне қалай хабарласқаныңды білмей қаласыз. «Ақшаның арбауына түстің» деген осы ма, әлде бұл тұрмыстық қажеттіліктің қарекеті ме?
Өкінішке қарай, интернет арқылы миллионер болу өте қиын және тәуекелшіл шешім. Себебі жоғарыда айтылған жарнамалар көбінде құмар ойындарға негізделген ақша табу жолы. Сонымен қатар алаяқтарға жолығып қалу қаупі де бар. Жеңіл пайда жақсылыққа әкелмейтінін әрқашан ескерген жөн. Бірақ ғаламтор арқылы жасайтын жұмыс болса да еңбек керек. Өйткені, ақша қара терді төккенде ғана келеді. «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген қазақтың қанатты сөзі тағы бар. Жалпы қазіргі заманда базарға шығып сауда жасамай-ақ, үйде отырып үлкен іс тындырып жүргендер жоқ емес. Біреулер бөзін, біреулер сөзін саудаға салған бүгінгі өмірде құр қарап тұрудың өзі де құрдымға жетелейтіндей. Белгілі кәсіпкер Билл Гейтстің «Бизнес – үлкен құмарлық пен аз ғана ережеден тұратын өте қызық ойын» деген сөзі бар. Әрі құмарлық пен қызығушылық қатар жүрмесе, басталған кәсіптің аяқталуы да тез болуы ғажап емес.
Ал сіз үйден ақша табуды қалай түсінесіз? Айтпақшы, интернет арқылы алаяқтықпен айналысып, ақша табатындар да баршылық. Қарапайым халықты өтірік жарнамалармен, ұтыс ойындарымен алдап, тақырға отырғызып кететіндерді де көріп жүрміз. Бәрі де мүмкін, бірақ қарекет етпей, күнкөріс тағы жоқ.
Ақсәуле Сексенбайқызы
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz
Ранида Төлешқалиева, аудан тұрғыны:
– Әрине, қолыңнан келіп, қабілетің жетіп тұрса, талай іспен айналысуға қазір мүмкіндік мол. «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» деген халқымыздың есті сөзін ескерсек, нәзік жандылардың үйде отырып, бала бағуы да заңды. Әйтсе де қолыңнан келгенше еріңе көмек бергенге не жетсін! Өзім де әлеуметтік желі арқылы белгілі бір компанияның тауарларын жарнамалап, сатып отырмын. Қазіргі уақытта ауданнан, ауылдан, қаладан әлеуметтік желінің көмегімен тапсырыстар үздіксіз түсіп тұр.
Нұргүл Құрмашева, аудан тұрғыны:
– Қазіргі таңда әлеуметтік желіні ашсақ үйде отырып ақша табуға шақырған жарнамадан көз сүрінеді. Өзімнің құрбыларым да үйден шықпай-ақ тауарларын жарнамалап, сатып жатады. Бұл сатып алушыларға да өте қолайлы деп ойлаймын. Табыс табудың жолын білсең, қандай жұмысты да дамытып алып кетуге болады ғой.