Тура осылай аталатын Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың 55 жылдығы аясында Жайық өңірінен Индер ауданына дейінгі жолды қамтитын халықаралық экспедиция ауданымызға табан тіреді. Топ мүшелерін бастаған Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті биотехнология және табиғат пайдалану ғылыми-зерттеу институтының директоры, география ғылымдарының кандидаты, профессор, «Қазақстан ұлттық география қоғамы» РҚБ мүшесі Қ.Ахмеденовтің сөзіне сүйенсек, ғалымдарды атамекеніміздің тарихы мен табиғаты қатар қызықтырған.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған экспедиция «Орал қаласы – Тасқала – Индер – Аралсор көлі – Хан Ордасы – Орал» бағытын ұстанған. Құрамында жерлес ғалымдарымыздан бөлек ресейлік үш зерттеуші бар. Олардың қатарында палеонтолог, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, РҒА жанындағы палеонтология қоғамы Ульяновск бөлімшесінің төрағасы Владимир Ефимов, герпетолог, РҒА Еділ бойы бассейні экологиясы институты герпетология және токсинология зертханасының аға ғылыми қызметкері Андрей Бакиев және зоолог, «Самарский зоопарк» мекемесі директорының зооветеринарлық бөлігі жөніндегі орынбасары Александр Кузовенко осы өңірдің табиғатын, жануарлар әлемін зерттеуге өз үлестерін қоспақшы.
Қонақтарға қош келдің айтқан аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева олардың алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Алдымен аудандық балалармен жұмыс орталығы мекемесін аралаған қонақтар ол жердегі қолөнер көрмесімен танысты. Мұражайдағы деректерді назарға алған олар экологиялық бағытта ұйымдастырылған жорықтар барысында табылған түрлі минералдарды сипаттады. Кейін ұйымдастырылған дөңгелек үстел жанында өз жұмыстары туралы баяндады.
Экспедиция мақсаты - табиғи және тарихи нысандар жөнінде нақты ғылыми мәліметтер жинақтау. Бұл туралы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті биотехнология және табиғат пайдалану ғылыми-зерттеу институтының директоры, география ғылымдарының кандидаты, профессор, «Қазақстан ұлттық география қоғамы» РҚБ мүшесі Қ. Ахмеденов айтып берді.
-Жорық барысында Тасқала ауданындағы Үлкен Ешкітаудан бастап Атырау облысындағы Индер көлі мен тауы, оның төңірегі, Бөкей ордасы ауданындағы Аралсор көлі мен Орда тоғайын кешенді түрде зерттеу жоспарланған. Өңір табиғаты мен тарихына қатысты деректерді де жинастыруға тырысамыз. Бұл ретте бізге жергілікті тұрғындар мен өлкетанушы ғалымдардың пікірі маңызды,- деді Қажымұрат Ахмеденов.
Жұмыстарын Ешкітау баурайынан бастаған ғалымдар ол жердің табиғатына тамсанды. Сондай-ақ оларды тау атауы не себепті «Ешкітау» екені қызықтырды. Тау туралы ең алғаш мәліметті 1769 жылы Санкт-Петербор қаласынан арнайы келген академик П.Палластың өз еңбегінде тамсана жазғаны бекер емес десті. Сондай-ақ ол жерде өсетін шалғынды, бұталы өсімдіктердің ерекшелігін анықтап, бұлақ суына назар аударды. Тау басынан ағып жатқан бұлақ көзін табиғат таңғажайыбына теңеді.
Бұған қоса ғалымдар тобы аудандық «Жас натуралистер» слетінің ашылуына қатысып, жас саяхатшыларға сәттілік тіледі.
Бұған қоса, ғалымдар қатарындағы тарихшы Е.Хайдаров Шежін ауылынан 8 шақырымдай жерде орналасқан көне зиратты аралады. Ол жердегі құлпытастарды зерттеу мақсатында арнайы жұмыс жүргізіп, жерлес өлкетанушылармен сұхбаттасты.
Әсемгүл БЕКЕШЕВА
Тасқала ауданы