16.03.2020, 10:16
Оқылды: 19

Гәп қайда жатыр?

Иесіз қалып, бос жатқан көп қабатты қиранды ғимараттар - ең бірінші басқаға емес, тұрғын үйлерінің дәл түбінде орналасқан көршілері үшін аса қауіпті екен. Кешегі тоқырау заманы кезінде қаңырап бос қалған  сондай үш және екі қабатты қос бірдей тұрғын үйдің қаңқалары Жалпақтал ауылындағы "ет комбинаты" шағын ауданында тұратын тұрғындардың басты ауруына айналғанына ширек ғасырдан астам уақыт өтіпті. Олар осы мезгіл ішінде жергілікті басшыларға айтып, қанша жерден шағымданса да, бос тұрған ғимараттың ушыққан мәселесін түбегейлі шешуге қол жеткізе алмай жүргенін айтады.

kaztalov audany (1)
- Малы жоғалмағанның бәрі ақылды ғой. Осы жерде тұрып, өмір сүріп жатырған біздер үшін үй іргесіндегі бос тұрған екі ғимараттың қаңқасы көзімізге шыққан сүйелдей болып, алаңсыз өмір сүруімізге кедергі жасап тұр. Қайда барсақ та осы ғимараттың қаңқасынан қауіптенеміз де жүреміз. Себебі, ай мен күннің аманында есік-терезелері жоқ, үңірейіп бос жатқан ашық-шашық ғимаратқа ойын балалары аңдаусыз кіріп кетеді. Сондайда бірін-бірі байқамай итеріп жіберіп, оқыстан майып қыла ма деп қорқамыз. Баланың аты бала. Оларды үнемі қадағалап отыру мүмкін емес. Қанша жерден айтып, ескерттік дегенімізбен олар бәрібір балалығын жасайды. Қорқыныштысы сол, ересектеу балаларға ілескен кішкентай сәбилеріміз де кейде сол ғмараттың ішіне кіріп, есімізден тандыра жаздайды. Бұл біз үшін әрі біздің сәбилеріміз үшін өте қауіпті - дейді сол жердегі он екі пәтерлік үйде тұратын Алтын Алқа иегері, көп балалы батыр ана Алтын Имангелдиева.

kaztalov audany (2)
Шынында иесіз қалған қос ғимарат, қаз-қатар орналасқандықтан алаңсыз ойнап жүрген балалар өміріне тікелей қауіп төндіреді екен. Біз ғимаратты көруге арнайы барғанда осы жағдайға анық көз жеткіздік.
- Несін айта береміз?! Іргеміздегі иесіз қалған екі ғимарат бүгінде барлық жамандықтың ошағына айналып үлгерді. Ауылдағы тұрғындар тұмыстық қалдықтарын әдейі осы жерге әкеліп төгеді. Тіпті, көліктерімен келіп, қоқыстарын тастап жүрген тұрғындарды да көзімізбен көрдік. Күл-қоқыс пен тамақ қалдықтары үздіксіз тасталғасын ол жер иістеніп бүлінеді. Бүлінген жерге қаңғыған бұралқы иттер жиналып, балаларымызға қауіп төндіреді. Жаздың ыстық күндерінде қос ғимарат маңынан шыққан қолқаны қысар жағымсыз сасық иістен мүлдем жүре алмаймыз. Ауылдың малдары да жаз шықса осы ғимаратты көлеңкелеп паналайды. Биыл тіпті, осы ғимарат ішінде іріқара малының өлексесі жатқанын да көзімізбен көрдік - дейді Зәуре есімді тағы бір тұрғын.

kaztalov audany (3)
Тұрғындар тарапынан көтерілген бұл мәселе өте өзекті. Жергілікті билікке тікелей талап қойып, олардың көп болып алаңдауы да заңдылық. Өмір болғасын сақтық шараларын сақтаған дұрыс. Ойлана келе жерлес ағайындардың талаптарын бұқараға жария етуді ұйғарған біздер шешімі табылмайтын мәселенің болмайтынын алға тартып, негізгі гәптің қайда жатырғанын білу үшін Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Әлия Нәсіпқалиқызына жолықтық.

kaztalov audany (4)
- Мен осы ауылдың тумасымын. Жалпақталдың ой-шұқырын түгел білемін десем, ешкім менімен таласа қоймас. Ал Жалпақтал ауылының қол жеткізген табыстары мен елжанды түлектерінің жетістіктері бүкіл елімізге үлгі-өнеге. Оны көзі қарақты жұрттың бәрі жақсы біледі. Енді сіздер көтеріп отырған "Ет комбинаты" ауданындағы иесіз қалған екі ғимараттың мәселесіне келер болсақ, әңгіме мүлдем басқа.
Біріншіден ол ғимараттарды біздер иесіз деп айта алмаймыз. Ұзақ жылдар күтімсіз қалып, азып-тозудың шырқау шегіне жеткен екі үйдің де заң жүзінде иелері бар. Олар кезінде кездескен қиындықтарға төтеп бере алмай осы үйлерін иесіз тастап, жан-жаққа кетіп қалса да, әлі күнге дейін құжаттарын мемлекетке өткізбей отыр. Осы мәселе жөнінде "Ет комбинаты" шағын ауданының бүгінгі тұрғындары жазған талап арызы бізде тіркелді. Онда олар жергілікті билікке қос ғимаратты қалпына келтіріп болмаса түбегейлі сүріп тастауды талап етіп отыр.
Осыған орай біздер шара алу тетіктерінің барлық мүмкіндіктерін заң жүзінде қолға алуды қарастырып жатырмыз. Менің ауыл әкімі қызметіне келгеніме көп болған жоқ. Алдағы уақытта пәтер иелерімен екі жақты түсінік жұмыстарын жүргізіп, ортақ шешімге келеміз деп есептеймін. Заң бәрімізге ортақ. Сондықтан ортақ мәмілеге келмейтін тұрғындар табылып жатырса заң тұрғысынан талап қойылып, тиісті шаралар да қолданылатынын ескертеміз. Бала болашағы, ауыл тазалығы, ел мәдениеті сол ауылда тұратын әр тұрғынның басты қағидаты болып қалуы керек. Себебі, біздер өркениетті елдер қатарына қосылуға бағыт алған жас мемлекеттерге үлгі болып отырған жалғыз елміз. Осы жетістігімізді ауыл тұрғындары жүрегімен ұғынып, дұрыс түсінсе деген тілегім бар. Күнделікті тұрмыс жағдайына алаңдап, ауыл ажарының айшықталуына көп болып үн қосқан "Ет комбинаты" тұрғындарының орынды талабын өз басым түсіністікпен қабылдаймын, - деді  ауыл әкімі Әлия Жақсыбаева.

kaztalov audany (5)
Иә, тұрғын үй мәселесі қай қоғамда да өзектілігін жоймайтыны рас. Кейбір тұрғындар оның зардабын  өмір бойы тартып та өтеді.
Біздер, өз кезегінде уақытымен сапалы тұрғын үйге қол жеткізіп, кейін сол үйлеріне толық иелік ете алмай өзіне де, өзгеге де бұйыртпастан иесіз қалдырған Жалпақтал ауылындағы үш және екі қабатты тұрғын үйдің бүгінгі қожайындарына жергілікті билікпен бір мәмлеге келіп, ауыл тұрғындарының (көршілерінің) заңды талабын оң шешуге атсалысады деп сенеміз.

  Қыдыр Харесұлы

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале