5.01.2017, 10:53
Оқылды: 41

Ғасыр куәгеріне құрмет

sirim-rahilia-100-jas   Бірінші қаңтар күні Алғабас ауылдық округінің тұрғыны Рахима Есенғалиева 100 жасқа толды. Кейуананы ғасырлық тойымен құттықтай барған аудан әкімі Абат Шыныбеков қуаныш иесіне құрметін көрсетіп, иығына қамзол – шарқатын жапты.


  Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Ғалымов, Алғабас ауылдық округінің әкімі Өркен Әменов те аудан басшысымен бірге лебіздерін білдірді. Есенғалиевтер осы күні кең дастархан жайды.

  Рахима Есенғалиева 1917 жылы Жаңақала ауданының қазіргі Жаңақазан ауылында дүниеге келген. 1924 жылы мектепке барып, 4 сыныптық білім алған. Рахиманың тағдыры әп дегеннен оңай болмады. Бала болып қызық қуған жоқ, қыз болып қылық көрсете алмады.  Аштықты көрді, жоқтықты көрді. 12 жасынан ерлердің жұмысын жасады. Отызыншы жылдардың аласапыранында қалған Рахимаға басқа амал да болған жоқ еді. Ол егін салды, шабындыққа шалғы сілтеді, шөмеле үйді. Сауыншы болды, малшыларға көмекші болды. Соғыстағы жауынгерлерге қолғап тоқыған да осы Рахима.

  Рахима әже 1934 жылы Исат Есенғалиев деген азаматпен тұрмыс құрды. Ол екеуі алты бірдей перзентті тәрбиелеп өсірді. Өкінішке орай, олардың екеуі дүниеден өтті.

  КСРО Министрлер Кеңесінің 1947 жылғы 3 маусымындағы қаулысына сәйкес Капустин Яр ракеталық полигоны құрылды. Полигонның қазақ үшін биттей де пайдасы болған жоқ, зияны молынан болды. 1952 жылы кеңестік озбырлықтың кесірі Нарынға мықтап тиді. Ел тоз-тоз болып, басы ауған жаққа күштеп көшірілді. «Мылтық ататындардың кесірінен елден көштік!» дейтіні осы ғой әжейдің.

  Иә, көшкен елдің ішінде Рахима Есенғалиева да болып еді.

  -Бізді әскери көлікпен көшірді. Астына сабан төселген көліктің аядай бортына дүниесімен, мүлкімен бірге 4-5 жанұя бір тиеледі. Жаңақазаннан Ақырапқа солай келдік. Бірер айдан кейін малымыз келді, – дейді әже өткенді еске алып.

  Сөйтіп Есенғалиевтер 1952 жылы Жаңақазан ауылынан Жымпиты ауданы, Ақырап ауылына (қазіргі Сасықкөл) көшіп келді. Әжеміз 1967 жылға дейін сауыншы болып еңбек етті. Сол жылы зейнеткерлікке шықты. Ол осы уақытқа дейін он үш немере, жиырма үш жиен, екі шөбере сүйіп отыр. Қазір жаңағы ауылда ұлы Жексенғали, қызы Қалимамен бірге тұрады. Әлі тың. Газет оқиды, тіпті ине сабақтайды. Әңгімешіл. Бос сөз емес, дұрыс әңгіме айтады.

  -Бақытқа жету үшін адамға көп ештеңенің керегі жоқ. Тек арманынан айнымаса болды. Адам нені ойлайды, соған жетуге талпыну керек. Мен көпті көрген адаммын. Қазіргі заман – керемет заман. Не ішем, не кием жоқ. Бір байқайтыным, қазіргі ұрпақта тасқындық көп. Ысырап көп. Бұрындары бірнеше жанұя бір дастарханға сиятын-ды. Қазір бір жанұя бір үйге сыймайды. Соны ойлаймын. Береке деген нәзік нәрсе. Соған мұқият болыңдар, айналайындар! - дейді Рахима әже.

  Әжеден асып не айтайық, Алла бәрімізді де берекеден айырмасын!

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале