3.05.2024, 11:03
Оқылды: 62

"Гауһартас" - Жымпиты сахнасында

Кеше Астана қаласының музыкалық жас көрермен театры Жымпитыдағы мәдениет үйінің сахнасына “Гауһартас” музыкалық драмасын қойды. Драма белгілі жазушы Дулат Исабековтың повесі негізінде жазылған. Қоюшы режиссері - Асхат Маемиров. 

IMG_0083

- Біз “Гауһартасқа” үшінші ғұмыр сыйладық, - деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр педагогы, режиссер Асхат Маемиров сөз басында.

- Жазушы Дулат Исабеков “Гауһартас” әнін қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенованың орындауында естіген. Шабыттанып, әсерленіп, осы әнмен аттас бір дүние жазамын деп уәде берген өзіне. Кейін “Гауһартас” повесі жазылды. Классикалық туынды болып шықты. 1975 жылы “Қазақфильм” повесть желісімен көркем фильм түсірді. Астана қаласындағы музыкалық жас көрермен театры қойшының жанұясындағы мәселелерді, Қайыркеннің мөлдір қиялын, Салтанаттың өмірін тағы да көрермен алдына алып шықты. Бұл қойылымда менің ойым, шығармашылық әлеуетім, режиссер ретіндегі шешімдерім, қоғамға деген үндеуім, арызым бар. Бүгін туған елімнің сахнасында төрт буын шәкірттерім өнер көрсетеді, - деп сөзін аяқтасымен Асхат мырза көрермен арасына барып жайғасты.
Ел сілтідей тынған. Бәрі де 1 жылдың ішінде 165 мәрте сахналанып, қазақ театр өнерінде рекорд орнатқан шедеврді тамашаламақ.
… Қойшы ауыл. Арбиған шарбақ, ескі там. Қабырғаға плащ, қамшы, арқан секілді қойшы құралдары ілінген. Күмістелген ер асулы тұр. Үйдің үлкен ұлы Тастанның бар қадірлі заты осы. Тастанның одан да құнды дүниелері бар негізі. Әкесі, анасы, бауыры бар. Бірақ, ол оны түсінбейді. Өмірді күрең атының көңіл күйімен өлшейді. Үйдің ортасында сәкі, үстінде дөңгелек үстел тұр. Басында отанасы самаурын тасып, шай қамдап жүр. Бауырында еркелеп кенжесі Қайыркен шауып жүр. Бұл шаңырақтағы ең тыныш, ең жылы, ең берекелі жер дастарханның басы секілді. Күнұзақ шаруамен жүрген қойшы кешкісін бала - шағасын жинап, ауқаттанады осы жерде. Осы жерде отырып Қайыркен өлең жазады, арманына саяхат жасайды.
IMG_0108
Бұл үйге көктемді келін Салтанат алып келді.
Тастан үйленіп, бір жақсының жары болды. Алайда, адам баласымен мал қайырғандай жекіп, зілденіп сөйлесетін ол келіншегі Салтанаттың да жібек көңілін жыртып алады. Ару қыз, асыл жар жұбайынан ықылас күтеді, іңкәрлікті аңсайды. Жүрегін “Гауһартас” әніне қосып ғаламшар асырады. “Гауһартас” - еркіндік! Ал, Тастан күрең атының шылбырынан ұзай алмайды.
Қос таразыны теңестірмекке Қайыркен шыр - пыр болады. Қойшы ауылдың тірлігі оны да арманының жолынан қалдырған. Енді міне, сол қоңырқай үйде тағы бір жұлдыз семіп, сөніп барады. Амал не, Салтанат құрсағына сәбиін, құшағына қайғысын қысқан күйі бақиға аттанады. Шаттық, береке жас келінмен бірге қабірге еніп кеткендей. Драманың шағын баяны осы!
Театр артистерінің кәсіби өнерінің арқасында сырымдық көрермен бір жанұяның тағдырының жүгін жүректерімен арқалап көрді. Қайыркеннің балалық - шалалығына еріксіз езу тартып, Тастанның тастан ауыр мінезін айыптап, ауылдағы беташар тойда құдашамен бірге билеп, дөң басында Салтанатпен бірге ән салып, қарайған қабір басында Тастанмен бірге күрсініп, халық екі сағат жарым уақыттың ішінде сан алуан күй кешті.
IMG_0182
Салтанаттың рөлін актриса Инабат Ризабекова, Тастанның рөлін Оразалы Игілік, ал Қайыркеннің бейнесін актер, “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Асылхан Төлепов сомдады.
Қойылымның жанры - музыкалық драма. Астаналық музыкалық жас көрермендер театрының артистерінің шырқаған әні, билеген биі - бөлек әңгіме. Режиссер Асхат Маемиров Нұрғиса Тілендиевтің “Құстар әнін” реквием ретінде пайдаланған. Шынында да, Салтанат Тастанның басына “сыймай кетіп, алайда қимай кетіп барады”. Дүние - ай, “Құстар әнінен” зарлы, мұңлы ән жоқ екен ғой! Оны қалай сезбегенбіз?!
Қойылымның бағасын Жымпиты жұртшылығы аса ұзақ соғылған овациямен берді. Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов сөз сөйлеп, Астана қаласының музыкалық жас көрермен театрына елге сыйлаған мәдени демалысы үшін алғыс білдірді. Театр директоры, жерлесіміз, “Сырым ауданының құрметті азаматы” Асхат Маемировты мерейлі 50 жасымен құттықтап, шапан жапты. Мейман ретінде шараға театр директорының орынбасары, әнші Жұмажан Жұлқаш, белгілі тарихшы Жаңабек Жақсығалиев, актер Аян Өтепберген қатысқанын айта кетелік.
Осыған дейін Ақтөбе облысының орталығында, суға кеткен Ойыл ауданында өнер көрсеткен театр Батыс Қазақстан өңіріне “Орал! Біз біргеміз!” - ұранымен келді. Олар Сырым ауданындағы тасқын судан зардап шеккендерге рухани қолдау көрсетуді мақсат етіпті.
Бүгін театр Сарой ауылдық округінің сахнасында “Абай - Тоғжан” спектаклін қояды.
Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы, 

zhaikpress.kz
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале