2.08.2025, 18:36
Оқылды: 424

Газет оқу талғамы жоғары оқырманның талабы

«Ауыл тынысы» газетінің редакциясымен тығыз байланыс орнатқан ауылдардың бірі – Зеленый ауылы. Ауылдық округ әкімі, мектеп директорынан бастапт ауыл тұрғындарына дейін тілшілермен жиі хабарласады.

IMG-20250802-WA0020

Тарихы бай, тұрғындары белсенді ауылда газет мерейтойына орай өткен басқосуда біраз әңгіме айтылды. Күні кешеге дейін аудандық жастар ресурстық орталығына жетекшілік жасап, бәйтеректік болашақ өкілдерінің жақсылығын жария қылып, мұңын мұңдаған Жанар Ғұбашева қазір осы ауылда. Ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы. Жиынды ашқан ол газет оқу — зиялылықтың белгісі екенін нықтап тұрып айтты. Оның пікірінше, Ахмет Байтұрсыновтың «Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзі бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Қазіргі таңда ақпарат алмасудың заманауи тәсілдері  көп. Қазір айтылған ақпарат көзді ашып-жұмғанша сол мезетте-ақ ғаламтор, түрлі сайттар мен әлеуметтік желілер арқылы әлемге тарап жатады. Бірақ газет оқу мәдениеті — қашанда талғамы жоғары оқырманның талабы. Шынайы ақпарат. Байыпты сараптама. Нақты тұжырым. Таңбаланған тарих. «Секунд сайын жаңарып тұратын сайттардан газетті айрықшалап тұратын негізгі басымдық – осы. Газетке басылатын сөздің мағынасы зор, ықпалы ерекше. Ел азаматтарының ізгі істері, қоғамдағы өзекті мәселелер жайын газет бетінен табуға болады», - деді Жанар Асылбекқызы.

IMG-20250802-WA0016

Ал мектеп директоры Мерхат Есенғалиев «Ауыл тынысының» өңіріміздің ақпарат кеңістігінде лайықты орны, өзіндік бедел-бедері барын баяндады. Зеленый ауылының педагогтары да газет оқудан қалыс қалып жатқан жоқ. Басылым бетінде білім саласы, соның ішінде үлгілі мектеп, үздік ұстаз, тең құрбысының алды болған оқушы, түсінігі мол ата-ана туралы мақала-материалдар жиі басылатынына қуанатынын жеткізді.

IMG-20250802-WA0015

Ауыл клубының меңгерушісі Мейірман Айсағалиев, кітапханашы Ләззат Мизамбаева да жылы лебіздерін білдіріп, газет бетінде қоғамның сан саласын, соның ішінде мәдени өмірді бейнелейтін тақырыптар сындарлы жазылып келетінін атап өтті.

IMG-20250802-WA0018

Зеленыйлық оқырмандармен болған кездесу барысында газетке жазылуда белсенділік танытып келе жатқан тұрғындарға құрмет көрсетілді. Олардың ішінде зейнеткер Людмила Курноскина, мектептің,  отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның техникалық қызметкерлері Айжан Рахметова мен Бақыт Мерғалиева, ауыл электригі Дмитрий Кольвек, «Василиса» ЖК жетекшісі Светлана Ускова, «Жайлау» шаруа қожалығының басшысы Мейрам Әбдірешев те бар.

Кеш соңында зеленыйлықтар бүгін оқырманды газетпен емес, газетті оқырманмен қамтамасыз ету қажеттілігі туған кезеңде сенімді әрі шынайы ақпарат алғысы келген, ауыл-аудан, елінің ғана емес, өзінің де тағдырына бейжай қарай алмаған кез келген азаматтың газетке жазылудан қалыс қалмайтынын айтып газет тілшілерімен қоштасты.

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале