Алғыс айту күні мерекесі аясында Жаңақала ауданындағы Дина Нұрейісова атындағы өнер тарихы музейінің меңгерушісі Сымбат Рысқалиева редакциямызға арнайы келген еді. Бақсақ, ол құр келмепті. Газет редакторына шын көңілден ақ тілегін жеткізді.
- Аудандық басылым ұжымын айтулы мерекемен құттықтаймын. Қазір газеттің сапасы артып, деңгейі жоғарылады. Тың ізденістер мен тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында газет жаңа белеске шықты деп есептейміз. Әр санын асыға күтіп оқимыз. Алдағы уақытта да сіздерден тарихи-танымдық, оқырманға ой салатын ойлы мақалалар күтеміз. Ара-тұра халықтың мұң-мұхтажын жазып, жанайқайын жеткізетіндеріңіз қуантады. Газет оқырманымен құнды. Газеттің оқырманы көп, еңбектеріңіз жемісті, қолдаушыларыңыз халық болсын, - деген жүрекжарды лебізін білдіріп, шағын сый-сияпатын табыстады.
Өз кезегінде газеттің бас редакторы Алтынбек Ермекқалиев: «Шыны керек, әдеттегідей мақаласын әкелген шығар деп ойлағам. Уақыт бөліп келгеніңізге шын ризамыз. Газет ұжымының азды-көпті еңбегін ескеріп жатқаныңызға мың алғыс. «Көңіл көңілден су ішеді» демекші, сіз басқаратын ұжымға да толағай табыс, отбасы амандығын, жарқын жетістіктер тілеймін», - деді.
Жаннұр Берікқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz