2.12.2021, 12:29
Оқылды: 75

Газетпен етене ғұмыр

«...Борис деген бар ағамыз,

Ұқсаған ақпараттық боранына!».

Бұл «Жайық таңының» 90 жылдығына арналып кешегі қазан айында өткен облыстық айтыстың бас жүлдегері, Сырым аудандық газетінің редакторы Бауыржан Ширмединұлының сахнадан шабытпен лекіткен жырынан бір үзік. «Жайық таңының» қазыналы қазанында қайнаған бұрынғы-бүгінгі шоғырлар туралы сұлу сөз саптай келіп, Борис ағасына арнаған жүрекжарды лебізі ғой елге мәлім ақынның.

????????????????????????????????????

Айтса айтқандай, есімі үлкен облысымыздың маңдайалды журналистері қатарындағы Борис Меңешұлының баспасөздегі қолтаңбасы айшықты-ақ.

Бұрын аудандық басылым қос тілде – «Еңбек» – «Труд» болып шығып тұрғанда, әсіресе қазақ тіліндегі жарияланымдарды орысшаға сауатты аударушы маман табылмай жататын. Бұл жайт ұжымды талай қинады. Сол кездегі тәжірибесі бай фототілші Ақсан Құрманғалиевтың (иманды болсын, ғұмырының біраз жылында кейін Чапаев баспаханасын басқарып, кәсіпорынды ірілендірілген деңгейге жеткізген еңбегі бүкіл республикаға мәшһүр болған азамат) қырағы жанары механикаландырылған орман шаруашылығындағы құрылысшы көрші інісі Бористің икемін байқап жүрсе керек.  Алдымен шағын-шағын мәтіндерді оның қолына ұстатып, аудармашылықтың қыр-сырына қанықтырып бағады. Газет тігінділерін де көршісінің үйіне әлсін-әлі жеткізіп, мақалалардың «ішіне» үңіле талқылайтын. Бір жылдай мұндай тәлімгерлік өз нәтижесін бермей қоймады. 1981 жылдың қаңтарында құрылысшының қалақ-күрегін қаламға ауыстырған Борис Мырзағалиев редакцияның бас көтертпейтін ісіне кіріскен.

Борис

Өмір ғой, газет қарбаласынан мүлдем алыс, оны «тыныш, таза» жер деп есептеп, бас сұғып алғысы келгендер жылдар жүзінде аз болған жоқ. Әрі кетсе бір айға шыдайтын соларға қарағанда жаңа аудармашы орнын тез тапты. Тапты да, өзінің бірінші ұстазы А.Құрманғалиевтың және басылымдағы басқа да аға-апалардың көрсетуімен ізденістің екі тізгін, бір шылбырын бекем ұстады. Яғни алдыңа келген дүниені тек орысша сөйлетумен іс бітпейді. Өзің де шағын хабарлардан бастап, мақала жазуға төселуге тиіссің. Ол үшін әрине, ойға-қырға  шауып жүресің. Мысалы дейсің, егер шалғайдағы дала еңбеккерлерінің тыныс-тірлігімен бетпе-бет танысып жүрмесең, сенен қандай аудармашы-газетші шығады? Ауыл-ауылдағы ағайынның тіршіліктен түйгендеріне, жан дүниесіне үңілмесең, өмірге қайдан тереңдейсің?

1983 жылдың күзінде сол замандағы атағы дүркіреп тұрған «Казсельхозтехника» кәсіпорнындағы жөндеуші Н.Пиуновтің еселі еңбегі жайында «В числе лучших» атты тұңғыш очеркі жарқырап шыққанда, төбесі көкке жеткендей болған. Әрине, баспасөз саласындағы жұмыс титтей де тоқмейілсуді көтермейді, табысқа мастануды отап-бұтайтын балғасы батпан ұстахана ғой. Алдыңғы толқын әріптестері Рамазан Ахметов, Ғабит Шүйінішқалиев, Қоңыр Әбдірахманов, Есімғали Меңдіғалиевтар (бүгінде бәрі де бақилықта, имандары шалқысын) еңбегінен де соны көрді, білді, үйренді. Сондықтан жазып-сызуды лек-лек өндірді. Өзі ойлағандай, о баста механикаландырылған жылжымалы колоннада, сосын орман шаруашылығында құрылыста жасағаны, редакциядағы мазасыз жұмыстан қол үзбей жүріп, педагогикалық институттың тарих факультетін тәмамдағаны да журналистикадағы мықты тірегіне айналды. Аудармаға қапысыз машықтанумен бірге құрылыс, мектеп өмірі, атырап тарихы тақырыптарына қалам тербегендіктен, әдеби қызметкерлікке көтерілгені де жайдан жай емес-ті.

«Жайық таңының» әр жылдан тігінділерін ақтарсақ, Ұлы Жеңіс сарбаздары, тыл тауқыметін шеккендер туралы дүниелеріне жиі тап боламыз. Аудандық ардагерлер кеңесіне жиырма жылдан астам төрағалық жасаған, марқұм Қасен аға Қоспаевтың бірде «Борис баламыздың қаламынан шыққан дүниелерден аға ұрпақ көрген ауыртпалық шынайы суреттеліп, олардың кейінгілерге тағылымдары жан-жүрегіңді толқытып, көзге жас іркітеді», – деп ағынан ақтарылғаны бар. Өзі де майдангердің ұлы – Меңеш әке Воронеж төңірегіндегі ұрыста жарақаттанып, есінен танғанда, ажал аранынан алып шыққан қаруласы Бористің есімін берген перзенті қан жоса қырғындағы ерлікті неге тасқа баспасын?!

Еліміз егемендігімен бірге, демократияландыру мен жариялылық толқынымен жер-жерде жаңа басылымдар  өмірге келгені мәлім. Ол кезде әрине, қазіргідей компьютерлік терім, жаңа технология қайдан болсын? Облыстар орталықтарындағы баспаханалар да бір-екеу, жаңа газеттердің бәрін басуға үлгеруі мүмкін емес-ті. Орал қалалық апталық «Пульс» газеті бір амал табылып, көршілес елден – Куйбышев обкомының баспахасынан шығарылып жүрген екен. 1993 жылдың күзінде пульстік журналистер Чапаев баспаханасындағы сапа, жеделділік еш жердегінен кем емесіне көз  жеткізген бойда, шетелге шабуды тиып, ауылға жетіп келді. «Пульспен» бірге оның коммерциялық хабаршысы – «Сигманы» жауапты шығарушы табу да қиынға түспеді. Өзінің «Жайық таңындағы» жоспарлағаны бар, киіп кететін басқа істері бар, Б.Мырзағалиев аталған қос басылымға корректорлыққа да, фотосуреттерін мырышқа құйғызуға да, арасында шұғыл түсіп жататын ақпараттарды макетке орналастыруға да үлгерді. Оралдық әріптестердің «Біздің Борис» деп «меншіктеп» алғаны сондықтан. Әрине, аптаның кемі екі күнінде 12-14 сағат, сенбіде де жұмыс жасауға  тура келді. Оның үстіне көп ұзамай тағы бір қалалық апталық – «ЭВМ-Прогресс» газетін шығару да оған қоса жүктелген-ді. Сөйтіп, 1997 жылдың басына дейін, облыс орталығындағы баспаханалар заманауи жабдықталғанша, солай болды.

Жауапты хатшылыққа, сосын редактордың орынбасарлығына көтерілгенде Борис Меңешұлының жылдар әкелген толымды тәжірибесі ұжымға зор сүйеніш болды, солай болып та келеді. Проблемалық, сараптамалық материалдар, іссапардан суреттемелер – журналист үшін қайсыбіріне де жұрттан ықыласты үнқату, пікір есту, міне, қуаныштың төресі осы. Заманның өтпелі шағындағы жұмыссыздық, тұрмыстағы тауқымет қаншама қинағанмен, еңселерін түсірмей, алға ұмтылған жанұялар, үйдегі жас бауырларын асырау үшін  ойға-қырға жүгірген аға-апалар, жаңа кәсіптерді үйренген ана-әкелер оның әрдайым басты кейіпкерлері болып табылады. Оқырман қауым мұндай тақырыптарға орай өздеріне үйреншікті байырғы автормен ой бөлісіп, әсерлерін ортаға салып жатуы талай жайтты аңғартса керек. Айтқандайын, Жайық өзенінің жары жыл сайын опырылып, Чапаевтың шығыс бөлігіне қауіп тудыра бастағаны туралы осыдан бірнеше жыл бұрын газетте көтерген мәселесі тұрғындардың үнқосуы жағынан «рекордтық көрсеткішке» жеткен-ді. Онымен шектелмеді, мәселеге бірнеше мәрте оралды. Ақыры жоғарыдан тиісті қаржы қарастырылып, жағалауды темірбетонмен 1,2 шақырымға бекіту былтырғы желтоқсанда қолға алынды. Көптің тілегі неге жерде қалсын?! Өткен айлардың бірінде бұл ауқымды, күрделі істің барысын көруге келген облыс әкімі Ғали Есқалиев сол жерге жинала қалған тұрғындармен пікірлесу  кезінде өз ойын ортаға салған Бористің Жайық жарқабағының бұрынғысы мен бүгінгі күйінен жақсы хабары барын аңғарса керек, «Ендеше, Сіз бұл үлкен қам-қарекетке қоғамдық байқастаушы болыңыз», – деді шегелеп. Яғни, азаматқа зор сенім жүктегені ғой.

Сенім демекші, кейбір прозалық шығармалары ағылшын, француз, бенгал, парсы, белорус, қырғыз, т.б. тілдерге аударылған белгілі журналист және жазушы, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллиннің анау-мынау емес, жеті бірдей әңгімелесіп, орыс тіліне тәржімалауды Борис ағасынан өтінуі тегіннен тегін емес еді. Прозаны өзге тілде сөйлетуге, әлбетте, екінің бірінің әлі жетпейді. Шығармалардың иірімдеріне көкірек көзімен үңіліп, иін қандырып, тәржімалап, тап-тұйнақ тындырған ағасына Бәукең әманда ризашылығын айтып жүреді.

Міне, біздің Борис осындай. Осыдан қырық жыл бұрын ғой, қою қоңыр шашы толқынданып, желкесіне түскені өзіне бек жарасқан бойлы жігіттің редакцияның қасиетті шаңырағына енгені, бір жылдан соң Жайықтың сол жағалауындағы Шағатайдың сұлу Ақзизасын Меңеш әке мен Балзира ананың тұңғыш келіні етіп түсіргені, тап күні кешегідей-ау. Тұңғыш ұлдары Замир бүгінде Тасқала ауданында жауапты қызметте, Тимур мен Бауыржан туған ауылдарында, еңбекке үйір, бәрі де үйлі-жанды. Аталаған, әжелеген немерелер өсіп келеді. Ауылының да, еңбек ұжымының да патриоты, азаматтығы айдынды аталары зейнеткерлік жасқа да жетіп қалыпты. Журналистік парызын адал атқарумен, адамдық ар-ожданды биік ұстаумен келген асу бұл.

Бекем Бекұлы,

журналистика ардагері

Ақжайық ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале