Сырым ауданы Бұлдырты ауылындағы бұл ананың тағдырымен ауылдық округтің әкімі Ерлан Мақашев арқылы таныс едік. Қапыда азаматынан айырылғаннан кейін қос ұлын аяқтандырып, қатарға қосу міндеті ананың өзінің мойынына қалды. Мүмкіндігі шектеулі қызының да болашағын өзі ойлауы керек еді.
Әрине, жардың бақилық болуы, перзенттің сырқаттануы – бәрі де тағдырдың ісі ғой. Ал осы ананың от жағып отырғаны біздің жанымызға кәдімгідей батты. Тағдырды өзгерте алмасақ та, үйіне газ өткізуге жәрдемдесіп, бір машақаттан құтқарсақ, «Газеттен жасалған үй!» жобасы арқылы осы шаңыраққа жылу сыйласақ деген ой болды. Былтыр жоба аясында оқырмандар көмегімен бір жанұяға баспана сатып алып, екі баспананы көгілдір отынға қосқанбыз.
Жағдайды баспасөз бетіне жарияламай тұрып, газет редакциясы округ әкімі Е. Мақашевпен ақылдасып, демеуші іздеп көрді. Әп-дегеннен жақсы адамдар жақсы іске жәрдемші бола кетті. Хайруллин Нұркен деген кәсіпкер азамат есепшотымызға 50 мың теңге аударды. Газет қорында былтырғы қайырымдылық шараларынан артылған 80 мың теңге қаражат және бар еді.
Сол уақыттарда, «Сырым елі» газетінде 5 жыл бойына шығармашылық кештерінен түскен қаражатты қайырымдылыққа жұмсап жүрген бұлдыртылық «Керім – ай», «Шаттық» және «Арнау» би ансамбльдері туралы «Қайырымдылыққа өнерімен үн қосқан!» атты мақала жарық көрді. Біздің бастамамызды естіген хореограф, би ансамбльдерінің жетекшісі Жансая Сүндетова тағы да бір қайырымдылық кешін өткізуге дайын екендігін айтты. Біз қуана-қуана келістік. Сөйтіп, сәрсенбінің сәтті күні кешкі сағат 19:00 -де Бұлдырты ауылында Жансая жетекшілік ететін «Шаттық», «Керім - ай!» және «Арнау» би ансамбльдерінің қайырымдылық бағытындағы «Шын жүректен!» атты шығармашылық концерті өтті. Концертті ұйымдастыру жұмыстарын Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы мен «Сырым жастары» волонтерлік ұйымы өз мойындарына алды.
Газеттің әлеуметтік желідегі парақшасына қайырымдылық концерті өтеді деген хабар шығысымен, екі азамат 10 мың теңге қаражатын редакцияға аяқтай жеткізді. Бұлдырты ауылының тумасы, белгілі балуан Бауыржан Бегайдаров та 20 мың теңге көмегін есепшотқа аударып жіберді.
Бұлдыртыдағы шараға ауылдың жасы мен кәрісі түгел жиналды. Залдың лық толуының өзін бұлдыртылықтардың жақсылық жасауға, жомарттыққа деген ниеттері деп түсіндік.
Кеште «Шаттық», «Керім - ай!» және «Арнау» би ансамбльдері барын салып өнер көрсетті. «Шашу» биімен шымылдықты ашқан ұжымдар «Қара жорға», «Stars», «Ковбой», «Полиция» сияқты сюжетті билерді, өзбек, кавказ ұлттарының ұлттық билерін нақышына келтіріп билеп, «Ана» мюзиклін де тамаша орындады. Ақнұр Нұрғалиева, Ақжарқын Альдешова, Ақбота Анатолий жеке орындауда билеген «Айжан қыз», «Аққу» билері де көрермен көңілінен шықты. Кеш қонағы ретінде Ақылбек Какимов, Нұртілеу Болат, Ерназ Жанұзақ сияқты әншілер өнер көрсетті.
Танымал әндердің авторы, белгілі айтыскер ақын Орынбек Меңдіқұлдың Бұлдыртыдағы қайырымдылық шарасына арнайы келуі – ауыл халқының жақсылыққа деген ынтасын ашты.
Анамызға бәріміз демеу болып,
Ниетіміз жарқырап, тәж боп тұрсын!
Жұмаққа жетелейтін амал жасап,
Жамағат жандарыңыз жаз боп тұрсын!
Ағайын көңіліңнің жылылығы,
Ананың шаңырағына газ боп кірсін!» – деген ақын жырын ел өзінің жүрек сөзіндей қабылдады.
Концерттің билеттерін сатудан түскен және қайырымдылық бұрышындағы жәшікке салынған қаражат ел арасынан сайланған қоғамдық комиссия арқылы саналып, есептелді. Билеттен 52 630 теңге, ал жәшіктен 43 150 теңге, барлығы 95 780 теңге қаражат түскен екен. Оған концертке дейін жиналған 160 мың теңге қосылды. Қайырымдылық шарасына аудандағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар да үлес қосты. Олар аудандық «Жомарт жүрек» премиясы кезінде қолөнер бұйымдарын сатудан түскен 120 мың теңге қаражатты Сырым аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Айнұр Оразовадан аманат етіп, беріп жіберіпті. Сөйтіп, бас-аяғы 375 000 теңге қаражат жиналды. Қаржы қалың елдің алдында Бұлдырты ауылының тұрғыны Гүлбану Шығанақоваға табысталды. Алла қаласа, ананың үйі көгілдір отынға қосылады.
Осылайша, Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің ауылдастардың үйін көгілдір отынға қосуға көмектесу туралы үндеуіне де алғашқы жауап берілді. Жақсылық жолында жұмылған жұртқа редакция алқасы алғыс айтады!
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер