23.08.2021, 10:21
Оқылды: 21

Ғибратты ғұмырларынан сыр шертті

Тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай казталовтық мәдениет қызметкері Нұрия Хабибуллинаның бастамасымен «Ғибратты ғұмыр» жобалық-бағдарламасы қолға алынды. Жоба мақсаты – ауданға белгілі еңбек ардагерлері мен тәуелсіздік жылдарында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында еңбек еткен азаматтар мен азаматшалардың еңбегі мен өмірінен сыр шерту.

1

«Ғибратты ғұмыр» тағылымдық-танымдық жобасы аудандағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты санитарлық талаптарды сақтай отырып онлайн форматта өткізілуде.

Тағылымы мол жобаның бүгінгі қонақтары Қараөзен ауылының тұрғындары Болат Бекешов ағамыз бен Сауия Арапбаева анамыз болды.

Болат Оразұлы туған жерінің өркендеуіне үлес қосып, саналы ғұмырында түрлі басшылық қызметтер атқарған. «Еңбек ардагері» медалінің, Тұңғыш Елбасы, ҚР Президентінің алғыс хаттарының, облыс, аудан әкімдерінің алғыс хаттарының иегері. Қазіргі таңда Қараөзен ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы қызметін атқаруда. Ал Сауия Арапбаева анамыз өз ғұмырын ауыл шаруашылығы саласының дамуына арнап, «Ауыл еңбегі үшін» медалінің, ҚР Конституциясының 25 жылдығы мерекелік медалінің, облыс, аудан әкімдерінің алғыс хаттарына ие болған батыр ана.

2

Қос кейіпкеріміз еңбек жолындағы қиыншылықтары мен өмірлерінің жарқын сәттерінен сыр шертті. Мәселен, Болат Оразұлы Рейхстагқа ту тіккен батырымыз Рақымжан Қошқарбаевпен кездесуін баяндап берді.

- Білім қуып Алматыға Қазақ ұлттық университетіне оқуға түстік. Жанымда досым Зәкәрия Оразаев болды. 1975 жыл. Алматыда қай бір туысымыз бар дейсіз. Қонақ үй іздеп жүрген жайымыз. «Алматы» қонақ үйіне бардық. Сөйтсек, Рахымжан Қошқарбаев сол қонақ үйдің директоры екен. Қабылдау бөлмесінде отырмыз. Бір уақытта әкімгері ол кісінің бос еместігін, кездесуде екендігін айтты. Содан жарты сағат өткен соң кеудесі медальға толы ағамыз жанында өзге ұлт өкілдерімен бірге кабинетіне кіріп кетті. Арада жарты сағат өткен соң қайта шығып, әлгі қонақтарды шығарып салмақ ниетте екен, «Қарадомалақтар не қып отырсыңдар, мен қазір келемін» деп төменге кете барды. Сәлден соң ол жоғарыға көтеріліп, қабылдауында болдық. «Қай жақтан боласыңдар?», - деді. «Батыстанбыз» деп жауап бердік. Зәкария екеуіміз әуел баста келісіп алғанбыз. Ол «Сен ішке кіргенде үндеме. Егер мынау неге үндемейді деп сұраса кемістігі бар деймін. Өзім сөйлесемін» деген болатын. Әңгіме барысында досым «Рахымжан аға, қонақ үйден бөлме керек болып тұр» деді. Ағамыз әкімгерді шақырып алып, «Мына кісілерге бір бөлме беріңіздер... Әй, жүгермектер. Бірақ, арақ ішіп, ешкімді шақырып, ештеңе сындырмайсыңдар» дегені сол, Зәкәрия досым «Рахымжан аға, рахымшылығыңызға рахмет» дегенде мен де қарап отыра алмай, тілім шығып кетіп «Аласалар биікпен таласпайды, Биік ешқашан аласармайды. Мен биік шыңға шығып жатқан ініңіз едім. Бір жерден құлағаным жоқ, қорлық көріп жылағаным жоқ. Сіз де мені жылатпаңызшы» дедім, Рахымжан ағамыз «Өй, мынауың сайрап кетті ғой. Әрине орын бар» деді, - деп еске алды ағамыз. Ал жастайынан нәзік жанды болса да аттың құлағында ойнаған Сауия анамыз жастарды еңбекке шақырды.

- Бала кезден еңбектің нанын жедік. Еңбектің арқасында осы күнге жетіп отырмыз. Бүгінде кенже ұлым шаруашылығымды жүргізіп отыр. Әлі күнге дейін шаруашылыққа араласып, ақыл-кеңесімді айтып отырамын. Аллаға шүкір, балаларым тілімді алып, еңбекпен тәрбиеленді. Мен жастарды еңбектенуге шақырғым келеді, - деді ол.

Сырлы сұхбатты Сағит Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығының ұжымы әсем әндерімен әрледі. Нұрия Хабибуллина қос кейіпкерімізге «Омай» қоғамдық бірлестігінің алғыс хатын табыс етілді.

 

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале