3.03.2021, 14:49
Оқылды: 52

Ғибратты ғұмырлы өнер майталманымен сұхбат

Казталов ауданынан сан түрлі өнер адамдары шыққаны белгілі. Олардың қатарынан әуендерімен алты алашқа танылған, есімі «Алтын кітапқа» енген, «Әжелер шапағаты» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Баян Қабиеваның есімін ерекше атап өтуге болады. Термешілікті насихаттап, күміс көмей дауысымен өнерсүйер қауымды тәнті етіп жүрген Баян Құбайқызы елімізге белгілі «Қыз Жібек» термешілер ансамблінің жетекшісі.

ғи2

Бүгін 3 наурыз күні сырлы өнер майталманы «Ғибратты ғұмыр» жобасының қонағы болды. Сырлы да сазды сұхбатты мәдениет қызметкері Нүрия Хабибуллина жүргізді.

Кездесуде өнер иесінің сан түрлі қыры ашылды. Елге аса таныла қоймаған әндері шырқалып, өмір жолындағы есте қалған қызықты оқиғаларымен де бөлісті.

Бақыт деген ұғымды отбасымен ұштастыра білген, көпбалалы ана, жүрегі нәзік тұлға бақыт дегеннің не екенін мына бір естелігімен түсіндірді.

ғи3

- 1987 жылы 3 наурызда Фурманово ауданында (қазіргі Жалпақтал ауылы) мәдениет үйінде отбасылық байқау болды. Сол байқауға біз отбасылық ансамбль құрып, қатысқан болатынбыз. Сіңлілерім, інілерім, тума-туыс бәрі бар болатын. 1993 жылы Керекуде маңызы зор отбасылық байқау болып, әлгі ансамблімді ел көрсін, көкжиегі кеңейсін деген оймен жетелеп алып бардым. Бұл екі байқауда да қызықты сәттер болды. Қазір сол ансамбль мүшелерінің кейбірі өмірден озды. Сағынатыным да рас, себебі барлығы да отбасымның орны бөлек мүшелері. Сол себепті бақыт деген «отбасыңның жаныңда болуы» деп ойлаймын. Ал балаларым қазір әр қайсысы өздеріне лайық қызметте. Тек Асылхан атты ұлым ізімді жалғап термеші болуға бет бұрды, - дейді Баян Құбайқызы.

Тікелей эфир арқылы жүргізілген сұхбат барысында 70-ке жуық әннің авторы Баян Құбайқызы «Ақ Баян», «Шипалы Ақжайық», Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Сезім толқыны», ең алғаш жарық көрген, сіңлісіне арнап жазылған «Атаншы жақсы келін бір» әндерін шырқаса, шәкірті, Жалпақтал мәдениет үйінің қызметкері Наргиза Сүлейменова «Сәкеннің қоштасуы», Мұңайдар Балмолданың сөзіне жазылған «Қайыңды қызғалдағы» әнімен сұхбатты әрледі.

ғи4

Өнер майталманы сұхбат барысында жастарға өнерде орын бере отырып, шәкірт тәрбиелеп жүргендігін тілге тиек етіп, бірнеше шәкірттерінің есімдерін ерекше атап өтіп, жастардың ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізге үлес қосуы керектігін де баса айтты.

Жаңылмай салып аяңын,

Сыйлаған елге Ай-әнін.

Жайығы құрмет тұтады,

Жалпақталдың Баянын, - деп ақын Дариға Мұштанова Баян апайымызға жоғары баға берген. Сұхбат соңында осындай мадақ жырларға сеп болған Баян Қабиеваның өмірі мен шығармашылығына негізделіп ұйымдастырылған көрме таныстырылды.

 

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале