Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Х оқушылар гимназиадасы өтті. Аталмыш бәсекеде облыс намысын қорғаған шаңғымен бағдарлаушыларымыз тамаша нәтиже көрсетті.
Жарыс барысында спортшылар бірнеше қашықтықта сынға түсті. Бәсекенің алғашқы күні орта қашықтықта бақ сынаған бағдарлаушылар жарысында өзі қатарлы спортшылар арасында Илья Козловский мен Бахтияр Болатбек екінші орыннан көрінсе, Ерасыл Серікұлы гимназиада чемпионы атанды. Бұл өрендер ұзақ қашықтықта да өз шеберліктерін байқатты. Илья мен Бахтияр ұзақ бұл сында тағы да екінші орыннан көрінсе, Ерасыл Серікұлы алдына жан салмай, елішілік доданың екі дүркін чемпионы атанды. Дәл осы ұзақ қашықтықта жарыс жолына шыққан қыздар арасында Снежанна Буштер үшінші орынға табан тіреді. Бұдан бөлек спринтте де жергілікті спортшылар намысты қолдан бермеді. Бұған дейін екі рет алтын медалге ие болған Ерасыл Серікұлы қысқа қашықтықта екінші нәтиже көрсетсе, Ақжайық Елубаева да жеңіс тұғырының екінші сатысына жайғасты.
Сондай-ақ гимназиадада бағдарлаушылар эстафетасы да оздырылды. Бұл сында Илья Козловский, Бахтияр Болатбек, Ерасыл Серікұлы және Наил Сатыбаев сынды спортшылардан құралған ер балалар екінші орынға тұрақтаса, құрамында Шынар Амангелдиева, Алина Губашева Ақжайық Елубаева және Снежанна Буштер сынды спортшылар бар қыздар командасы үшінші орын иеленді.
-Гимназиада жемісті болды. Қыздар да, ер балалар да жалпыкомандалық үшінші орынды иеленді. Нәтиже көңіл қуантады. Болашақта бұдан биік орындарға таласу үшін барымызды салатын боламыз. Тамаша өнер көрсеткен Алина Лемешева мен Майя Үмбеталиевалар да барын салды. Болашағымыз жарқын деуге болады. Осы бәсекеге спортшыларды дайындаған Сергей Щербань, Сырым Бекешев сияқты бапкерлердің де еңбегі зор,- дейді Бәйтерек аудандық жас туристер станциясының бапкері Нұркен Касимов.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz