Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин ауыл шаруашылық саласындағы мәселелерді талқылауға арналған кеңесте осылай деді.
Аудан әкімі Н.Қарағойшиннің төрағалығымен өткен жиынға ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім, мемлекеттік мекеме басшылары, шаруа қожалықтарының жетекшілері, кәсіпкерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиында аудан әкімі ауыл шаруашылық саласын өткен жылдармен салыстыра отырып саралап, жеткен жетістіктер мен кеткен кемшіліктерге кеңінен тоқталды. Одан әрі облыстық ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жаслан Халиуллин кездесудің мақсаты мен маңызын айтып, өткен жылы Жаңақала ауданы бойынша мал шаруашылығын дамытуға алынған несиелер мен демеу қаржыны облыстық көрсеткішпен салыстыра отыра баяндап шықты.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Алмат Есполов биылғы жылы берілетін демеу қаржыдағы өзгерістер мен толықтырулар туралы баяндаса, облыстық жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Жұматай Ашықбаев жер заңнамасындағы өзгерістер туралы әңгімеледі.
Күн тәртібіне қойылған мәселелер толықтай қаралып біткен соң, жиын сұрақ-жауап бөліміне көшті. Жиынға қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтардың дені жер мәселесіне байланысты болды. Себебі, соңғы кездері ауданымызда арты үлкен дауға айналып, шешімі кезек күттірмей тұрған маңызды мәселенің бірі - жер мәселесі. Ұзақ жылға иемденіп алып, ол жерді тиімді пайдаланбай отырған шаруалардан жерді қайтарып алып, шаруашылығын өркендетіп, ұлғайтамын деген шаруаларға беруді Елбасы да өз Жолдауында атап өткен болатын. Осы орайда шаруалардың қойған сұрақтарына, мамандар заң тұрғысынан түсінік беріп, тұщымды жауап қайтарды. Ал аудан әкімі Н.Қарағойшин жер мәселесі төңірегіндегі даудын шығуына аудандық гипрозем қызметінің кінәсінің де барын айтып, жалпы аталмыш мекеменің жер өлшеудегі қызметіне көңілі толмайтынын тілге тиек етті.
Жиын соңында «Қазақстан фермерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша өкілі Серік Жарылғапов фермерлер одағының тиімділігі мен маңызын түсіндіре отырып, аудан фермерлерін одаққа мүше болуға шақырса, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Еркін Базарғалиұлы міндетті медициналық әлеуметтік төлемдер туралы хабарлма жасады.
Н.ҒАББАС
Жаңақала ауданы