Ғұмар Қараштың туғанына 150 жыл толуына орай жыл басында республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі шаралар жоспары жасақталған болатын. Олардың қатарында ақын жайлы деректі фильм түсіру болған. Деректі фильмді түсіруді Жәнібек ауданы әкімдігі ұсынса, бұл ұсыныс облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен жүзеге асып жатыр.
Осы орайда бүгін ауданға Астана қаласынан "Хабар" телеарнасының қызметкерлері, солардың ішінде "Хабар" телеарнасының сценарисі Мырзабек Түсіпов, режиссері Нұрсерік Қамбар және операторы Мейірбек Бесбаев келіп, деректі фильм түсіру жұмыстарына кірісіп кетті.
Аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов, Борсы ауылдық округінің әкімі Зинхар Бақтығалиев, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Амангелді Уәлиев бастаған топ астаналықтарды Ғұмар Қараш кесенесіне кіреберіс жолдан күтіп алып, дәстүрге сай ақ пен бауырсақ ұсынды. Әрі қарай олар бірден кесенеге жол тартты. Кесене басында ауданның бас имамы Есенболат Абдуғалиев құран бағыштап, Амангелді Мырзағалиұлы мен Бекет Әліпқалиев қоғам қайраткері туралы білгендерін айтып, тың деректермен бөлісті. Деректі фильм тарих бетінде қалары сөзсіз.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы