7.12.2021, 17:50
Оқылды: 41

 Ғұмырлары ғибратқа толы

Қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін дәлелдеген маңызды белес. 30 жылдық мерейтойы шеңберінде Казталов ауданында ауқымды шаралар, маңызды жобалар ұйымдастырылды. Осы ретте Тәуелсіз елдің негізін қалап, еліміздің жан-жақты дамуына, ауыл шаруашылығы, экономика, мәдениет, спорт, білім, медицина, саясат саласындағы қоғам көшбасшыларының, көрнекті тұлғалардың жүріп өткен жолдарын, бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі ету мақсатында «Мейірбан жүрек» аналар клубының жетекшісі, ардақты ана, қоғам белсендісі Нұрия Самиғоллақызының бастамасымен «Ғибратты ғұмыр» тағылымдық-танымдық жобасы жыл басында бастау алып, күні бүгін өз мәресіне жетіп отыр.

IMG_8812

Бүгін мәдениет шаңырағына өмірдің жақсылығын да жоқшылығын да көріп, ыстық-суығына төзіп, адами болмыс-бітімі мен парасатын, адамгершілік асыл қасиетін қандай мансапқа болмасын айырбастамастан адалдықты, елге, жерге деген шынайы махаббаты ту еткен «Ғибратты ғұмырдың» кейіпкерлері жиналып, алғысқа бөленді. Өмірлері өнеге болған ата-әжелерімізге және өскелең ұрпаққа «Ғибратты ғұмыр жастарға өнеге» атты бейнефильм көрсетілді. Содан кейін әр салада абыройлы қызмет атқарған ғибратты ғұмырлы үлкендерімізге және жоба жетекшісіне аудан әкімінің алғысхаты мен естелік сыйлығы табысталды.

-«Ғибратты ғұмыр» жобасы кешегі жүріп өткен жолды әсерлі кездесумен, тағылымды әңгімемен бүгінгі ұрпаққа қайта оралтқандай. Жалпы жобада қиындықпен өмір баспалдағына шыққан жандардың тағдырлары баяндалды. Әрбір адам өз ғұмырының мәнді де мағыналы, атқарған ісінің жемісті де табысты болуын бар жанымен қатты қалайды. Иә, адал еңбегіңмен, қалтқысыз қызметіңмен ғана ел-жұрттың алдында абыройың артады, беделің биіктейді, сый-құрметке бөленесің. Бүгінде өмір жолымыз таспаланып көз алдымыздан өтіп жатқанда мәртебеміз биіктеп, марқайып қалдық. Әркезде ағаларымыздың, замандастарымыздың ғибратты да өнегелі ғұмырлары бүгінгі ұрпаққа үлгі болмақ. Жоба ұйымдастырушыларына алғыс білдіреміз, - дейді ардагер ұстаз, мәдениет майталманы, терме дәстүрін насихаттаушы Баян Құбайқызы.

Біз де ел игілігі жолында белсенділік танытып, тындырымды істерімен алға жылжып, ғибратты ғұмыр кешкен жандардың өнегелі өмірлеріне зер сала отырып, осындай аға-буынның барына, бүгінгі бейбіт өмірімізге шүкір қыламыз. Асылдарымыздың ізгілікке толы ғұмырлары болашаққа рухани азық болып қала бермек.

Жұлдыз Асқар,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале