15.02.2024, 20:15
Оқылды: 43

Ғылымдағы ханымдар

2016 жылдан бастап 11 ақпан ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні ретінде аталып келеді. БҰҰ-ның шешімімен ғылым саласына бетбұрыс жасап, небір ғылыми – техникалық жаңалықтар ашып, дүниені дүр сілкіндірген әйел-ғалымдарды ұлықтауға арнайы күн белгіленбегенде олар туралы тереңірек білмес пе едік?! «Әлемге танымал атақты ғалымдардың есімдерін атаңызшы» десе бірден Альберт Эйнштейн, Нильс Бор, Исаак Ньютонды айтарымыз анық. Қапелімде әйел ғалымдарды еске түсіре алмаймыз.

Матильда эффектісі

UNESCO статистика институтының мәліметіне сүйенсек, әлемде ғалым әйелдердің саны 30%-дан енді асқан. Бұл көрсеткіш ғылым жолындағы әйелдер үшін көптеген кедергілердің барын байқатады. Соның бір себебі гендерлік теңсіздік һәм адамның жынысына байланысты дискриминация десек артық айтқанымыз емес. Тіпті ең сорақысы әйелдердің ғылымға қосқан үлесін жоққа шығарып, ойлап тапқан жаңалығы мен озық идеяларын әріптес ерлердің иеленіп кету жағдайлары жиі орын алатын. Бұндай әділетсіздік «Матильда эффектісі» деген атауға ие болды да...

«Матильда эффектісі» терминін 1993 жылы тарихшы Маргарет Росситер енгізіпті. 1826 жылдары өмір сүрген қоғам белсендісі, нәсілдік бөлінушілікке қарсы қозғалыстардың жетекшісі әрі жазушы, «Өнертапқыш әйелдер» атты эссе-жинақтың авторы Матильда Электаның құрметіне қойған. Уағында Матильда Электа көптеген ғылыми жаңалықтарға әйелдер қауымы арқау болса да ерлердің еңбегі ретінде құжатқа енгізілетінін қынжыла жазғандардың бірі болатын. Осындай шеттетулерге ұшырағандардың арасында физика саласы бойынша алғашқы Нобель сыйлығының иегері Мария Склодовская-Кюри де бар. Ол үміт¬керлер қатарына Нобель сыйлығы комитетінің мүшесі, швед математигі Магнус Гёста Миттаг-Леффлер мен күйеуі Пьер Кюридің өтінішімен ғана енгі¬зілді. Мария Склодовская-Кюри еш¬қашан Франция ғылым академиясына қабыл-данбаған. ДНҚ-ны 1868 жылы Фрэнсис Крик пен Джеймс Ватсон ашты деп келсек те ол жаңалықтың нағыз иесі ағылшын ғалымы Розалинд Франклин екенін көбі біле бермейді. 1960 жылдардың аяғында британ астро¬физигі Джоселин Белл Бернелл алғаш¬қы радиопульсарларды ойлап тапты. Десе де 1974 жылы физика саласындағы Нобель сыйлығы оның жетекшісі Энтони Хьюиш пен Мартин Райлға беріледі.

Ал, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің (бұл мәліметтер Ел.КЗ сайтынан алынды) деректері бойынша Қазақстанда ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға қатысатын әйел ғалымдардың үлесі 50%-дан астам (10 мыңға жуық әйел). Олардың ішінде: 714 әйел – ғылым докторы, 2427-сі – ғылым кандидаты, 992-сі – PhD докторы, 28-і – бейіні бойынша докторлар. Медициналық ғылым саласында – 71%, әлеуметтік ғылым бойынша – 62%, гуманитарлық ғылым саласында – 59%, жаратылыстану ғылымдары бойынша – 53%, ауыл шаруашылығы ғылымдары бойынша – 45%, техника және технология саласында – 44%-ын нәзік жандылар құрайды екен.

Ойсылқара түлігін танушы Фаруза

Ғылым саласына ден қойған әйел ғалымдардың арасында бөкейлік қыз-келіншектердің бары қуантады. Солардың бірі жерлесіміз, бүгінгі таңда Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің аға оқытушысы, ауылшаруашылығы ғылымының кандидаты, «Ветеринариялық кликиникалық ғылымдар» жоғарғы мектебінің доценті Фаруза Закирова да бар.

IMG-20240215-WA0051

Кейіпкеріміз 1993 жылы аталған жоғарғы оқу орнын ветеринария саласы бойынша үздік аяқтап, бірден оқытушы ретінде қызметке қабылданады. Көп ұзамай сол кездегі жетекшісі Қазыбай Бозымовтың кеңесімен түйе жануарының генетикалық құрылымын зерттеуге ұмтылады.

– Ұстазым әрі ғылыми жетекшім Қазыбай Қараұлы түйе туралы білмейтініміз көп әрі генетикасы толыққанды зерттелмеген деп осы бағытта зерттеулер жасауыма кеңес берді. Еліміздің батыс және оңтүстік өңірлері түйе өсіруге өте қолайлы аймақ. 1838 жылы Бөкей Ордасының өзінде 91 мың бас түйе болған. 1952 жылға дейін Орданың ең табысты шаруашылығы түйе зауытымен байланысты еді. Сол кездері кеңестік ғалымдар Орда жеріне жиі келетін. Менің зерттеуім түрлі репродуктивті кезеңдерде әр түрлі ұрғашы бактриан түйелердің өнімділігіне буаздық қалай әсер ететінін анықтауға бағытталды. Түрлі физиологиялык кезендерiнде түйе-iнгендердiң қанының құрамын буаз және туғаннан кейінгі морфо-бохимиялық жағдайын салыстырдым. Буаздык кезеңде қанның көрсеткіштері қалпынан тыс өзгередi, бірақ туу процесінен соң қалпына келедi. 2004 жылы осы тақырыпта диссертациямды қорғап шықтым. Одан кейін де ішкі жұқпалы емес аурулардың алдын алу және оларды болдырмау мақсатында түрлі зерттеулерді жүргізіп жүрмін. Түйе – өте пайдалы жануар. Жүні, сүті, еті де пайдалы. Емдік қасиеттері өте көп. Түйе өнімдері әлі күнге дейін соншалықты кең қолданыста деп айта алмаймын. Осы орайда түйенің өнімділігін арттыруға және сапасын жақсартуға бағытталған зерттеулеріміз әлі де жалғаса береді. Жалпы айтқанда бір өркешті және екі өркешті түйелердің генетикасы туралы егжей-тегжей¬лі зерттеліп жазылса да, будандастырылу арқылы өсірілген түйелердің генетикасы әлі зерттеле қойған жоқ. Шәкірттеріме осы бағытта білімдерін жетілдіріп, қажетті зерттеулерге көңіл бөлу керексіздер деп жиі айтамын.

Фаруза Бақытжанқызы оқытушылық қызметімен қоса аталмыш жоғарғы оқу орнында аспирантурада білім алуда. Үнемі ізденіс пен терең білім алуды насихаттайтын кейіпкеріміз шетелдік ғалымдармен де қарым-қатынас орнатып, ғылыми басқосулардан қалмауды жөн көреді. 2020-2023 жылдары Чехияда өткен «SAGRIS» атты халықаралық конференцияларда тәжірибе алмасты. Бірнеше мәрте түйе жануарын зерттеуге бағытталған жобалар бойынша арнайы грант ұтты.

– Оқытушылық қызметке келіп, ғылыммен айналысқаныма 30 жылға жуықтапты. Түйеге қатысты зерттеулер толыққанды жүргізілді, бәрін білеміз деуден аулақпын. Дегенмен, ғылымға аяқ басқан адамдар өзіне жақын тақырыпты өмір бойына зерттеп, үйренгеннен шаршамайтын секілді. Бұрын әйелдер тек үй іші, ошақ қасынан табылатын жан ретінде сипатталса, бүгінде нәзік жандыларымыз ғылымға бет бұрып, түрлі жаңалықтар ашып, әлемді мойындатып жатыр. Ветеринария саласы да бұрын тек ер кісілерге тән делінетін. Уақыт өте келе әйелдер де төрт түліктің жай-күйіне үңіліп, зерттеу жүргізетіндей деңгейге жетті, – деген ол ғылымдағы әйелдердің беделіне нұқсан келмеуі тиіс дейді.

Анаргүл үшін математика бар ғылымның патшасы

Келесі кейіпкеріміз де осал емес. Бисен ауылының төл перзенті Анаргүл Бекенова есеп-қисаптың білгірі, техника ғылымдарының магистрі. Математика атты сандар әлеміне бала күнінен қызығушылық танытыпты.

IMG-20240215-WA0052

– Менің әкем математикаға өте жақсы болатын. Бізге үнемі логикалық тапсырмалар беріп отыратын. Сондықтан болар жанұямызбен математиканы жақсы көреміз. Кішкентай кезімде «кім боласың?» деген сұраққа, «қай жерде математика бар сонда барамын» дейтінмін. Сыныпта математикадан бәрі менен көшіретін, мен екі нұсқаны да шығарып тастайтынмын, олимпиадаға да математикадан қатыстым. Оған сынып жетекшім әрі математика пәнінің мұғалімі Қания Сәтпайқызының да еңбегі зор. Бітірген мамандығым математика, информатика және есептеуіш техника негіздерінің мұғалімі болғанымен алғашқы еңбек жолымды Орал қаласындағы №27 мектепте информатика мұғалімі болып бастадым. Содан кейін "Дәуір" колледжінде математика мен информатикадан сабақ бердім. 2003 жылдан бастап жоғарғы оқу орындарында қызметімді жалғастырдым. Алдымен БҚМУ-да, 2017 жылдан бастап БҚАТУ-да аға оқытушымын. Техника ғылымдарының магистрімін, қазіргі таңда аспирантурада оқып жатырмын, – дейді кейіпкеріміз.

Анар Сағындыққызы халықаралық "Болашақ" бағдарламасының "500 ғалым" жобасы аясында Словакия елінің Жилин университетінде ғылыми тағылымдамадан өтеді. Сондағы оқыту жүйесі кредиттік оқыту жүйесі болғанымен, біздің елдегі оқу орындарына қарағанда сапалылығымен, күрделілігімен, жаңашылдығымен, жаңа технологияларды тиімді пайдалануымен ерекшелінеді дейді.

– Менің негізгі зерттеу тақырыбым жасанды интеллектіге қатысты. Мен өзімді математикпін деп айта алмаймын, бірақ математиканы өте жақсы көремін, себебі математика ғылымдар патшасы, математикалық білімімнің арқасында қазір техника саласында жүрмін. Зерттеу тақырыбым бойынша PhD докторлардың сабақтарына қатысып, тәжірибе жинақтадым, Европаның көптеген еліне бардым. Көрген-білгенімді өзім жасайтын оқу орнында бөлісіп жүрген жайым бар. Техника саласында қызмет еткендіктен студент жастарға алгоритм құруды, бағдарлама кодтарын жазуды, деректер базасын жасауды т.б. үйретемін. Бір сөзбен айтқанда IT саласына мамандар даярлаймыз және барлық саланың болашақ мамандарының цифрлық құзіреттілігін дамытуға үлес қосып келеміз. Сондықтан, жастарға айтарым, тынбай ізденіп, креативті ойлап үйреніңіздер дегім келеді, – дейді.

Ғылыми-әдістемелік жұмыстар жазу кейіпкерлеріміз үшін міндетті дүние. Анар Бекенованың бүгінде төрт әдістемелік оқу құралы және «Scopus» базасында 7 мақаласы жарыққа шықты. Халықаралық конференция жинақтарына да оның авторлық еңбектері шығарылған. Францияда Нэнси қаласында, Ресейдің Уфа қаласында, сондай-ақ, Алматыда өткізілген ғылыми конференцияларда бірнеше мәрте баяндамалар жасап, тәжірибесімен бөлісіп келеді.

– Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың күні арнайы бекітіліп, жыл сайын еленіп келетіні қуантады. Жасыратыны жоқ, ғылымның дамуына үлес қосушылардың арасында нәзікжандылардың да көп екеніне сенемін. Әттегенайы, гендерлік теңсіздің салдарынан озық ойлы ғалым әйелдердің есімдері ұмытылып, еңбектері өзге ер адамдардың атына танылып кетті. Осы мүмкіндікті пайдаланып басылым беті арқылы мені де математика саласына қызығушылығымды оятқан ұстаздарыма шынайы алғысымды білдіргім келеді, – деп жастарды ғылымға жақын болуды шақырды.

Ғаламторда балалары бар әйелдерден жақсы ғалым шығады деген қызық ақпарды көзім шалды. Өйткені, бала саны көбейген сайын әйелдің уақытты тиімді жоспарлау, критикалық ойлау қабілеті артып, басқа ғалымдарға қарағанда пайдалы әсер коэффициенті жоғарылайды дейді. Сол себепті де ғылымға ден қойған әйелдер қауымына тұрмыстық шаруалар да, бала тәрбиесі, жанұя да кедергі келтірмейді. Иә, әйелдер бесікті де, әлемді де тербете алады...

Арайлым Есмағұл, 

Бөкей ордасы ауданы 

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале